Солтүстік Корея: сынақтан өткен зымыран
Солтүстік Корея: сынақтан өткен зымыран
Жойғыш қаруларының қатарын күн өткен сайын ұлғайтып келе жатқан Солтүстік Корея жуырда тоғызыншы зымыран сынағын өткізді. Жаһан жұртшылығы мұны Пхеньянның Ақ үйдің жаңа басшысына жасаған ескертуі деп ұқты. Ядролық қуатын көрсеткісі келген КХДР-дың бұл әрекетін Вашингтон жауапсыз қалдырмасы анық. Алпауыттардың алма-кезек соққысы аймақтың ғана емес, әлемнің тыныштығын бұзатын түрі бар.
12 ақпан күні КХДР әрекет ету радиусы орташа «Пуккыксон-2» («Темірқазық-2») баллистикалық зымыранын сынады. «Рёнхап» агенттігінің хабарлауынша, Пхёнан-Пукто провинциясындағы әуе базасынан ұшырылған ракета 500 шақырым қашықтыққа дейін ұшып барып, Жапон теңізіне құлаған. «Жер-жер» санатындағы стратегиялық қару сынағын мамандар сәтті деп бағалады. Ядролық алпауыттың кезекті «жетістігі» әлемнің Пхеньянға өшпенділігін өршіте түсті. Алғашқылардың бірі болып АҚШ, Жапония мен Оңтүстік Корея наразылық танытып, КХДР әрекетін айыптады. Солтүстік Кореяны тезге салу үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды талап еткен де осы үшеуі.
Мәселені жабық есік жағдайында талқылаған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі КХДР-дың алты қарарды бұза отырып, баллистикалық зымыранды сынақтан өткізуін сынға алды.«Бұл ұшырылымдар КХДР-дың Қауіпсіздік Кеңесінің 1718, 1874, 2087, 2094, 2270, 2321 қарарлары бойынша халықаралық міндеттемелерді қатаң бұзуы болып табылады», – делінген Қауіпсіздік Кеңесінің мақұлданған мәлімдемесінде. «КХДР халқы үлкен мұқтаждықта болып отырған қазіргі жағдайда ел билігі ресурстарды баллистикалық зымырандарға жұмсап отырғанына өкініш білдірген» Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері ахуалды қатаң бақылауда ұстауға уағдаласты.
Трампқа сәлемдеме
КХДР ұшырған баллистикалық зымыран – Дональд Трамп АҚШ президенті лауазымына кіріскеннен бері жүргізілген алғашқы сынақ. Әрі ол Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің Америкаға сапарымен тұспа-тұс келді. Зымыранның жапон үкіметінің басшысы Флоридада АҚШ президентімен келіссөз жүргізіп жатқанда ұшырылуы Пхеньянның пиғылын аңғартқандай. Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігі зымыран сынағы арқылы КХДР Ақ үй басшысына ескерту жасады деп есептейді. Сеулдің мәлімдемесіне сүйенсек, солтүстіккореялықтар ядролық қуатының артқанын ұқтырып қана қоймай, АҚШ-тың жаңа билігіне қарсылығын да көрсетті. Дональд Трамп Пхеньянның ескертуіне қалай жауап берері әзірге белгісіз. Абэмен Флоридадағы кездесуінде АҚШ көшбасшысы Жапония әскери һәм саяси қолдаудан қағылмайтынына сендірді. «АҚШ Жапонияны қолдайтынын бәрі білгенін қалаймын. Америка Жапонияның ұлы одақтасы екені 100 пайыз анық», – деді Трамп жапон премьерімен келіссөзден кейінгі баспасөз мәслихатында. Ал Абэ солтүстіккореялық зымыранның ұшырылуын «қабылдауға келмейтін әрекет» деп атап, Пхеньянды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясын бұзды деп айыптады. Жапония премьер-министрінің айтуынша,–Токио мен Вашингтонның Солтүстік Кореяға қарсы ұстанымдары толық үндес. «Келіссөздер барысында Дональд Трамп АҚШ Жапонияны 100 пайыз қолдайды деп сендірді. Трамп мырзаның дәл қазір жанымда тұруы – соның айқын дәлелі», – деді Абэ журналистерге. Ақ үйдің өкіліне сілтеме жасаған Reuters агенттігі Трамп әкімшілігі зымыран сынағына жауап қайтару шараларын талқылайтынын хабарлады. Дереккөздің хабарлауынша, әңгіме санкцияларды күшейтіп, АҚШ-тың айтақтағы әскери күшін арттыру турасында болмақ. Сондай-ақ, Трамптың командасы КХДР-ға қарсы әскери іс-қимылдардың бәрін сынға алып отыратын Қытайға да ықпалын арттыруға ниетті. 7 ақпанда ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лу Кан Оңтүстік Кореяда зымыранға қарсы THAAD кешенінің орналастырылуына Пекин үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеген болатын. «Біздің бұл мәселедегі көзқарасымыз өзгермейді», – деді дипломат.Әсіре бағаланған қауіп
Трамптың сайлауалды бағдарламасында солтүстіккореялық қауіпті еңсеру мәселесі қарастырылған. КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын Ақ үй тарапынан еліне қандай да бір қатер төндірер болса, АҚШ-қа ескерту соққысын жасайтынын бірнеше рет айтқан еді. Айтқанын орындады. Әйтсе де Пхеньян өз әрекетін мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған қадам деп ақтап отыр. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, КХДР-дың зымырандық-ядролық бағдарламасы мұхиттың арғы жағындағы алпауытқа үлкен қауіп төндірмейді. Алдағы 10-15 жылда Пхеньян ұшу қашықтығы 10-12 мың шақырымға жететін баллистикалық зымыран жасауға қауқарсыз. Мамандардың бағалауынша, солтүстіккореялық құрлықаралық баллистикалық зымырандардың ең ұзақ қашықтығы 7-8 мың шақырымды құрайды. Қазір КХДР-дың бар күші сүңгуір қайыққа арналған шағын зымырандарды жасауға жұмылдырылған. Алайда сарапшылар АҚШ-тың одақтастары мұндай су көлігін Жапон теңізінен әрі өткізетініне сеніңкіремейді. Порттан шыққан бойда ядролық қаруды тасымалдаушы қайықтың көзі жойылуы ғажап емес. Соңғы уақытта КХДР зымырандарының сапасымен мақтана алмайды. Кейінгі жылдары жүргізілген сынақтардың сәттісі санаулы. Мамандардың бағалауына сүйенсек, солтүстіккореялық зымырандардың басқару жүйесі әлсіз. Сондықтан олар нысананы бірден жоя алмай, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің оңай олжасына айналып отыр. Әйтсе де, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қатаң санкцияларына қарамастан Солтүстік Кореяның зымырандық-ядролық бағдарламасы қарқынды дамып келеді. Ким Чен Ын билік басына келгелі КХДР алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарға қол жеткізіп, Оңтүстік Корея мен Жапонияны бейғам ұйқыдан айырды. Сондай-ақ, Пхеньян оқтұмсықтар жасау үшін қолданылатын уран мен плутоний қорын арттырды. Солтүстік Корея көршілерінің үрейленетін жөні бар. Сеул КХДР-мен арадағы шекарадан небәрі 24 шақырым қашықтықта орналасқан. Оңтүстік Корея астанасының күлін көкке ұшыру үшін Пхеньян бір-ақ тетікті басса жеткілікті. Бұған қоса, Солтүстік Корея жақын қашықтықта ұшатын «Хвасон-5» зымырандары арқылы шекара маңындағы қалаларды жермен-жексен ете алады. КХДР-дың Жапония мен онда орналасқан АҚШ әскери базаларына қаупі аса жоғары емес. Дегенмен орта қашықтықтағы зымырандар бағдарламасының дамуы және «Мусуданның» сынақтан сүрінбей өтуі Токионың босаңсуға қақы жоқ екенін ескерткендей. Батыс сарапшыларының пікірінше, жағдайды шиеленістіретін тағы бір жайт – АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапонияның қолында Пхеньянның ядролық мүмкіндіктері жайлы сенімді деректердің болмауы. КХДР қарсыластары бақылау құралдарынан алынған ақпаратқа сүйенеді, сондықтан екіұшты болжамдар жасауға мәжбүр. Солтүстік Корея аумағындағы шетелдік барлау қызметтері белгісіз себептермен орасан кедергілермен бетпе-бет келуде. АҚШ пен оның одақтастары әскери құпия құжаттарға – КХДР-дың зымырандық-ядролық қуаты жайлы анағұрлым сенімді ақпарат сөздеріне қол жеткізу мүмкіндігінен айрылған. Сондықтан тексерілмеген деректер мен Ким Чен Ынның шулы антиамерикалық мәлімдемелері Солтүстік Корея тарапынан төнетін қауіпті әсіре бағалауға әкеп соғуда. Бұл өз кезегінде аймақтың тыныштығын бұзып қана қоймай, әлемде берекесіздік тудырмақ.Бейжің неден үрейлі?
Солтүстіккореялық зымыран сынағынан кейін Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Хван Гё Ан ұлттық қорғаныс кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Мемлекет басшысы Пхеньянның әрекетіне «тең дәрежелі» жауап дайындалатынын мәлімдеді. «Біздің үкімет халықаралық қауымдастықпен бірге Солтүстікті жазалау үшін және лайықты жауап қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда», – деді Хван Гё Ан. Алайда Оңтүстік Корея көшбасшысының нақты нені меңзегені белгісіз. «Ренхап» агенттігі Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрі Солтүстіктің кез келген агрессиясына жауап бере алатынымызды көрсетпекпіз» деген мәлімдемесіне сүйеніп, Сеулдің өз баллистикалық зымыранын сынақтан өткізу мүмкіндігін қарастыруы ықтимал деп болжады. КХДР-дың зымыран сынағын әскери белсенділікті жақтаушылар, әсіресе, өз одақтастарын қорғау міндетіне «асқан жауапкершілікпен» қарайтын АҚШ үшін тиімді екені жасырын емес. 2017 жылы Оңтүстік Кореяда зымыранға қарсы THAAD кешені орнатылмақ. Бұл Мәскеудің тынышын кетіріп тұр. Ресейлік мамандардың айтуынша, Оңтүстік Кореядағы кешен АҚШ-тың Ресейді қоршап жатқан жаһандық зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің бір бөлігіне айналуы мүмкін. Қытайдың үрейі де Ресейдікінен кем емес. Аспан асты елін АҚШ гегемониясына төнетін ең басты қауіп деп қарастыратынын Дональд Трамп ешқашан жасырған емес. Бейжіңнің болжамынша, THAAD-тың радарлары мен іске қосу қондырғылары Қытай шекарасына қарай бағытталуы мүмкін. Екінші жағынан Ресей мен Қытай АҚШ пен оның одақтастарының КХДР қолға алған зымырандық-ядролық бағдарлама аймақта берекесіздік тудырады деген пікірін қолдайды. Соның дәлелі ретінде Мәскеу мен Бейжің Пхеньянмен әскери саладағы байланыстарды үзді және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Солтүстік Кореяға жаңа санкциялар салу туралы бастамасын қолдады. Алайда дипломатиялық жұмыстар әзірге жүйесіз. Мамандардың басым бөлігі қауіпсіздікке төнген қатер деп КХДР қаруына үрке қарағанмен, одан игілік іздейтіндер де бар. Мәселен, Ресей стратегиялық зерттеулер институтының әскери саясат және экономика бөлімінің басшысы Иван Коноваловтың айтуынша, Солтүстік Кореяның қадамын бір жақты бағалауға болмайды. «КХДР-дағы саяси жүйеге қатысты көзқарас көп. Бірақ бір нәрсені ұққан жөн: ядролық қару – АҚШ-тың аймақтағы басымдығына жол бермеудің басты құралы. Егер ол болмаса, КХДР баяғыда-ақ Ливия мен Ирактың күнін кешер еді», – дейді сарапшы. P.S: Зымыран сынағы жүргізілген күннің ертеңіне Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ынның ағасы Ким Чен Намның көз жұмуын кездейсоқтық деуге келмес. Малайзия әуежайында тұтқындалған екі әйел кімнің жансызы болуы мүмкін екенін әркім сан-саққа жүгіртуде. Оңтүстік Кореяның арнайы қызметі Ким Чен Намды Корей Халықтық Демократиялық Республикасының тыңшылары өлтірді деген ақпарат жариялады. Ал КХДР көшбасшысы көзі тірісінде сыйласпаған өгей ағасының өлімі жайлы тіс жарғысы жоқ.