Жаңалықтар

Полиция қызметкері тыныс алмай жатқан сәбиді аман алып қалды

Фото: Қостанай облысы ПД

Телефон арқылы дәрігерлер полицейге дереу әрекет ету керегін айтқан.

 Рудный қаласында кездейсоқ болған жағдай кішкентай баланың өмірін қия жаздады, деп хабарлады turkystan.kz.

Полиция аға сержанты Әділ Қадірбековтің жедел әрекеті сәбиді құтқаруға көмектесті. Қостанай облысы ПД мәліметінше, патрульдеу кезінде «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкері пәтерлерді аралап шыққан. Бесінші қабаттан түсіп бара жатып, көмек сұрап айқайлаған дауысты естіп, төмен қарай жүгіреді.

«Баласы бар әйелді көрдім, ол нәресте тыныс алмай жатқанын айтты. Барлық көршілер шықты. Жедел жәрдемге қоңырау шалдым, нәресте бір күн бұрын орындықтан құлап кеткені белгілі болды», - деді полиция қызметкері.

Телефон арқылы дәрігерлер дереу әрекет ету керегін айтқан. «Жедел жәрдем» кезекші дәрігерінің телефон арқылы берген хабарламаларын басшылыққа ала отырып, Әділ Қадірбеков алғашқы көмек көрсеткен. Соның арқасында бала көзін ашып, тыныс ала бастады. Кейін оны жылы көрпеге ораған. Келген дәрігерлер полицейдің іс-әрекетінің дұрыстығын растады. Баланың ата-анасы қызметкерге алғысын білдірді.

«Біздің ұлымыз бір жарым жаста. Көрсетілген көмектің арқасында ұлым есін жиып, алғашқы демін алды. Көп рақмет», - деді баланың әкесі.

Енді нәресте өзін жақсы сезінеді. Дәрігерлер оның жағдайы қалыпты екенін айтты.