Жаңалықтар

Павлодарда ер адам 1-сыныпта оқитын екі қызды алдап алып кетпек болған

rbc.ru

Мас ер адам Павлодарда қыздарды алдап, өз үйіне алып кетпек болған

Павлодарда мас күйдегі ер адам бірінші сынып оқушыларын мектеп аумағынан алып кетпек болған, деп хабарлады turkystan.kz.

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, бұл туралы оқушы қыздардың анасы дабыл қақты.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Кенжекөл жалпы білім беретін орта мектепте оқитын 1-сыныптың екі қызын ішімдік ішкен ер адам үйіне алдап, ертіп кетпек болғаны айтылады.

«Менің қызымды мас ер адам өзімен бірге алдап алып кетуге шақ қалды. Ол мектеп ауласында жүрген. Қызым осы мектепте 1-сыныпта оқиды. Ол қызым мен оның құрбысына жақындап, «Сенің анаң жұмыста. Ол сендерді менің үйімнен алып кетеді. Менің үйіме жүріңдер» деген. Балалар бақытымызға орай, бармады. Себебі сол сәтте мен келіп үлгердім», - деді ана.

Қызының болашағына алаңдаған ана ертең оны мектепке жібермейтінін мәлімдеді.

«Сынып жетекшіміз өзге оқушыларын мектеп автобусына отырғызып жүрген. Ал Кенжекөлде тұратын балалар сол сәтте қараусыз қалған. Олардың қасында мектеп әкімшілігінен немесе өзге мұғалімдердің бірде-бірі болмаған. Тіпті, күзетші мен вахтер да жоқ. Сынып жетекшісі әуелі өзге ауылдан қатынап оқитын оқушыларды шығарып салып, кейін кенжекөлдік оқушыларын үйлеріне жібереді. Бір ғана адам екі жаққа қалай үлгереді. Оған көмектесу керек қой. Неге мектеп ауласында ішімдік ішкен, темекі тартатын ер адам жүреді? Оны ешкім көрмейді. Онымен қоса, менің қызымды алып кеткісі келеді. Мен бірден учаскелік инспекторды шақыруды сұрап, шу көтердім. Себебі қатты қорықтым. Біз бүгін екі баланың өмірін құтқарып қалдық. Егер бұл балаларды алып кеткенде не болар еді? Неге бұл мектепте күзет қызметі жоқ? Неге біз мектепке кеткен балаларымыздың өмірі үшін алаңдауымыз керек? Менің қызым ертең мектепке бармайды. Себебі баламның болашағы үшін қорқамын», - деді қыздың анасы.

Сонымен қатар ол облыс әкімінен, Кенжекөл әкімдігінен және Білім басқармасынан аталған мәселені шешуді, әрі жіті назарға алуды сұрады.

Осы оқиғаға қатысты Кенжекөл әкімдігі пікір білдірді.

«14 қыркүйек күні сағат 14.30-да мектеп аумағында Кенжекөл ауылындағы 5 қабатты үйдің тұрғыны екі қызды, яғни 1-сынып оқушыларын өзімен бірге жүруге көндірмек болған», - деді әкімдік.

Сонымен қатар, ер адамға қатысты тергеу басталатынын мәлімдеді.

Ал полицейлер аталған оқиғаға қатысты әзірге мәлімдеме жасамады.