Нұрлан Қами, жазушы, драматург, аудармашы: Аға ұрпақтың жетістіктерін жоққа шығаруға хақымыз жоқ
Еуропа өйтіпті, жапон бүйтіпті, біз неге сөйтпейміз деп желпіне бергеннен түк шықпайды, осыны түсіну керек. Бірақ оларға қараушы болма, көрсең де көзіңді жұма қал деп отырған жоқпын, көп білген дұрыс. Бірақ білгішсінбеу керек. Білгеніңнің бәрін әкеліп таңа бермеуді үйренген жөн. Қысқасы, бізге ондай «измдерден» пайда жоқ, зияны – жастарды шынайы нәрселерден аулақтатып, жасандылыққа үйірсек қылуы мүмкін.
Әдебиетке біреу ерте, біреу кеш келіп жатады. Біреу ерте бастаса да кеш танылады. Қалай десек те өзінің қаламгерлік миссиясын терең сезіне білгендер, ерте ме, кеш пе көркем сөз әлемінде өзін таныта біледі. Осы тұрғыдан алғанда, белгілі жазушы өткен ғасырдың сексенінші жылдарында алғашқы туындысымен көрініп, жаңа ғасырда қалам қайратын танытқан Нұрлан Қамидің қазақ прозасында өзіндік орны бар. Біз оны әңгіме тартып, өз шығармашылығы және қазақ әдебиеті туралы ойларын білгіміз келді.
− Нұрлан Ізғалиұлы, әдебиеттің есігін ерте қақсаңыз да шығармашылығыңыздың өзгеше қарқынмен өрлеуі − жаңа ғасырда. Алғашқы әңгімеңіз өткен ғасырда, 26 жасыңызда жарияланса, төртінші әңгімеңіз жаңа ғасырда, 42 жасыңызда басылып шығыпты. Содан кейінгі 22 жылда бірнеше бес-алты кітап шығардыңыз, оның сыртында бірнеше аударма кітаптарыңыз да оқырман қолына тиді. Шығармашылық жолыңыздың алғашқы 16 жылында неге төрт-ақ әңгіме жазғаныңыздың себебін сұрамаймын, бірақ осынша уақыт ішінде − жалындап тұрған шағыңызда тым аз жазуыңыз кейінгі қаламгерлік тағдырыңызға қандай да бір зиянын тигізбеді ме? − Бұл сұраққа жауап беру үшін әуелі бір нәрсенің басын ашып алғанымыз дұрыс шығар. Әдебиет деген не өзі? Жалпыға ортақ қалыптасқан пікір бойынша, әдебиет − өмірдің көркем бейнесі. Тек бұл ғана емес, әрине, бірақ ең басты құрамдас бөлігі осы. Әдебиетке келген екенсің, өмірді білуің керек, сол білгеніңді көркем тілмен сипаттап, суреттеп, бейнелеп, өзгелерді соған сендіруге тиіссің. Білмесең – зертте: адамдардың сырт келбетін, жүріс-тұрысын, қимыл-ишарасын, мінез-құлқын, бір-бірімен – әкемен, шешемен, ағамен, інімен, қарындаспен, әйелмен, баламен, туысқанмен, көршімен, бастықпен, бағыныштымен, т.б. қарым-қатынасын, өміртанымын, дүниетанымын, табиғатпен, жан-жануарлармен байланысын түсінуге тырыс. Шын жазушының жас шағы осындай ізденіспен, үйренумен, тәжірибе жинақтаумен, зерттеумен өтеді. Әрине, жазғандар да бар. Олар – Құдайдың өзі көкейіне нұр құйып, өмірді зерттемей-ақ білген кемеңгерлер, бұл орайда Лермонтов пен Сұлтанмахмұтты айтсақ та жетіп жатыр. Керісінше, бар білгенін жасында жазып тастап, кейінгі жазғандары сол бұрынғыны қайталау немесе білмесе де осылай болса керек деп долбарлаудан шыққан, әрінен, нәрінен, ақыр түбінде бәрінен айырылып, құр сұлбасы ғана қалған шалажансар туындыларын малданып жүргендер де толып жатыр. Біздің буындағы жазушылардың кінә-сі – біз сонау алпысыншы жылдардағы қуатты толқынның орбитасында қалып қойдық. Көпшілігіміздің жазып жүргеніміз сол кездегі қазақ әдебиетінде қалыптасқан ата, әже, әке, ана, бала, келіннің образы, ауыл – жақсы, қала – жаман деген сияқты түсініктердің айналасы ғана. Өз атамызды, өз әжемізді, өз әке-шешемізді, баламызды, даламызды, қаламызды таба алмай қойдық. Мен осы тұрғыдан іздендім, екінші жағынан, елдегі әлеуметтік жағдай да ықпалын тигізді. Балаңның қарны ашып жатқанда тұқшиып алып кітап жазып отыра бермейсің ғой. Жалпы, Толстой айтыпты деген бір сөз бар: «жазбауға амалың қалмағанда ғана жаз» дейді. Дәл сондай емес, әрине, бірақ мені жазуға итермелеген намыс болатын. Неге біздің жазушылар нашар жазады? Неге оқығың келмейді оларды? Шетелдің жазушылары неге мықты? Біз олардан кембіз бе? Міне, осы сияқты сұрақтар жазбауыма қоймады. Әйтпесе мен жалқау адаммын, егер қазақтың прозасы мықты болса өз-өзімді қинамай, ойлы оқырман болып қала берер едім. Осы жерде екінші мәселе шықты – қазіргі күнде жазғаныңды ешкім оқымайды. Жүрегіңді сығып, сыздықтаған қаныңмен жазған шығармаң ешкімге керек емес! Бұл трагедия емей немене? Көк тиын пайда таппайтының өз алдына. Енді қайттік? Бұл орайда маған намаз оқитыным көмекке келді. Мен намазға екі мыңыншы жылдың соңына таман жығылғанмын, сөйтіп жаңа ғасырдың табалдырығын мұсылман болып аттадым. Мұсылманның бес парызының алғашқысы – иман келтіру. Иман келтіру деген шүбәсіз сену дегенді білдіреді. Біраз нәрсеге иман келтіресің, солардың бірі – жақсылық та, жамандық та Құдайдан екеніне иман келтіру. Ойланыңыз – жақсылық та, жамандық та! Дұрысы – тек жақсылық қана емес, жамандық та – Құдайдан!.. Қытайдан, Ресейден, масондардан, Путиннен емес – Құдайдан! Осыны түсіне аласыз ба? Шүбәсіз сенесіз бе? Сенсеңіз мұсылмансыз. Сенбесеңіз иманыңыз кәміл болмағаны, яғни толыққанды мұсылман емессіз. Ал мен өзімді толыққанды мұсылманмын деп есептеймін. Демек бұл да сынақ! Егер сен шынымен жазушы болсаң, көкірегіңдегі сәуле еліктеу-солықтаудан пайда болған жасанды шам емес, Жаратқан Жалғыздың өзі жаққан шынайы шырақ болса – жазасың. Уақыттың талабын ескеріп едім деген желеумен фэнтэзи ме, детектив пе, әлсін-әлсін баспасөз беттерінде көрініп қалатын ойдан шығарылған неше түрлі «измдер» ме – адамды бағытынан адастырып, бағдарын өзгертіп жіберетін жасанды ағымдарға ілеспей, ғасырлардың сынынан өткен кәдуілгі шынайы әдеби туындыларды өмірге әкелуің керек. Ондай шығармашылық тәсілді реализм дейді. Сонымен не керек, жыйғаным толып, көкіректен кері серіпкенде жаңа туындылар өмірге келе бастады. Сондықтан арадағы үзілістің пайдасы болмаса зияны тиген жоқ. − «Үркер» бағдарламасында «Көк қақпа» деген кітабыңыз талданғанда «Тауық ізі» деген әңгімеңіз туралы айта келіп, «Мұхтар Мағауин сол әңгімеде өзім білетін үш қатені және өзім білмейтін үш қатені көрсетті» депсіз. Бүгінгі жас жазушылар үшін сабақ болсын, сол «алты қате» туралы айта аласыз ба? − Мен ҚазҰУ-дың филология факультетіне 25 жасымда түстім. Өзіммен бірге үш әңгіме ала келгенмін, екеуі ғылыми-фантастикалық, үшіншісі жай әңгіме. Бірақ оған да «ғылыми» дегенін алып тастап, фантастика деген айдар тағып қойғам. Әуелі студенттер оқыды, біртіндеп жазушыларға көрсете бастадым, бәрі мақтайды, ал мен әлгі әңгімемнің үш қатесін білемін, бірақ соны шұқып көрсетіп беретін ешкім жоқ. Сәуір айында «Жігер» фестивалі өткізіліп, мен де қатысқанмын, сол әңгімем Мұхтар Мағауинге тап болғаны. Ол кісі өзім білетін үш қатеге қоса өзім сол уақытқа дейін білмей келген үшеуін тағы қосып берді. Әдебиетті жазушылардың өздері де түсінбейтін болған ба деп күмәндана бастағаным бекер болып шыққанына қуандым. Үш қате – әңгіменің атауы дұрыс емес болатын; фантастика емес еді; әңгіме аяқталмаған. Сосын түзеттім – әңгіменің аты «Тау қызы» болды, фантастика деген айдарын алып тастадым, жігіттің әңгімесіне қыздың айтқанын қостым. Ал өзім білмейтін үш қате қайсысы екенін ұмытып қалыппын, бұрын айтып жүретінмін, соған қарағанда көптен бері бұл туралы сұраушылар болмаған шығар, содан ұмытылса керек. − Кеңестік кезеңде төл тарихын білуге қолы жетпеген халқын біздің қаламгерлер тарихи шығармалар жазып, аз да болса елдің рухани сұранысын қанағаттандырғандай болды. Қазір ұлт тарихын білуге мүмкіндік көп. Ендігі жағында тарихи шығармалардың жазылуы бәсеңдеуі мүмкін дейді кей сыншылар. Айтқым келгені, сіз де елге белгілі уақиғаның бірі туралы «Қыз Данайдың қырғыны» деген хикаят жаздыңыз. Тарихынан жұрт хабардар бұл әңгіме туралы көркем шығарма жазуға неліктен бел байладыңыз? Жұртқа былай да белгілі нәрсе туралы жазудың жауапкершілігі ауыр емес пе? − Жасың елуден асқан соң туған жер, өскен өлке туралы неге жазбайсың, олардың алдындағы қарызың мен парызың бар емес пе деген сияқты сұрақтар мазалайды екен. Кейбір тақырыптарды қазір жазбасам ертең ұмытылып қалады-ау деп күдіктенесің. Солардың бірі – Қыз Данайдың қырғыны. Тап осы сөз тіркесін білмейтін қазақ жоқ, бірақ соның не екенін, қайдан шыққанын, не болғанын, ол қандай қырғын, кімді кім қырып-ты – ол жағын білетін адам жоқтың қасы, көбісі құр дақпыртын ғана естіген. «Жұртқа онсыз да белгілі нәрсе туралы жазудың жауапкершілігі ауыр емес пе?» депсің. Мәселе сонда – жұртқа ештеңе де белгілі емес. Ал жауапкершілік – қалам ұстаған әр адамның төбесінен төніп тұрған айбалта! Бірақ оған тоқталмаймыз, ол жайында айтсақ әңгіме ұзарып кетеді, тақырыптан ауытқымайық. Бұл оқиға менің туып-өскен жерімде – Жылыой өңірінде болған. Мен жазбағанда кім жазады оны? Әуелі Рахымжан Отарбаев жазып жатыр дегенді естіп, телефон шалып едім, дұрыс жауап ала алмадым. Сосын ол өз нұсқасын жазар, мен өзімдікін жазайын деп тақырыпты зерттеуге кірісіп кеттім. Тарихи оқиға туралы жазғанда нақты шындықты қатаң ұстану керек, қызы мен келінін, ағасы мен інісін, т.с.с. шатастыруға болмайды. Көркем шығарма болғасын кейбір тұстарын ойдан шығарасың, әрине, бірақ соның өзі де тарихи шындыққа көлеңкесін түсірмейтіндей болуы керек. Екі жылдай іздендім, талай адаммен сөйлестім, интернетті қопарып шықтым, осы оқиға туралы екі кітап жазған Аманғали Әміржанов деген ағамыз бар еді, сол кісіден сұрастырдым, оның білетіні де менің білетінімнің о жақ-бұ жағы екен, нақты дерек жоқ, өйтіпті де бүйтіпті деген әңгіме ғана. Ал менің тапқан дерегім – Самай қожаның өліміне байланысты 1851 жылы орыстың бір тергеушісі Төремұрат батырдан жауап алыпты. Төремұратты түрікпеннің Бөрі батыры өлтіреді, ал оның өзін 1856 жылы әйгілі Қараған-Босаға соғысында Балуанияз батыр найзамен сайып түсіреді, әлі де кеудесінен жаны шықпай жатқанда содан сәл бұрын кім-кімнің қанын ішер екен деп серттескен Тұрманбет батыр қанжарымен тамағын орып жіберіп, қос уыс қанын ішкен. Демек, Төремұрат 1856 жылға дейін қаза тапқан. Оқиғаның уақыты анықталды, сол дәуірге сай келетін дәстүр-салтты, халықтың тұрмыс-тіршілігін, өміртанымын өзгертпеуге тырысып, әлгі оқиғаның шын мәнісін баяндайтын көркем нұсқасын жазып шықтым. Оқығандар мақтап жатыр. − Жазушы ғана емес, аудармашысыз. Драма да жаздыңыз. Сұрағым келгені, қаламгерлігі қабілеті қалыптасқан әрі проза жанрында әлі берері көп жазушыға өзге жанрлармен айналысу қиындық тудырмай ма? Аудармада біреудің ой-идеясын жеткізу үшін кейде өз қазынаңнан «шығын» шығару керек деп жатады ғой... − Аударма да керек. Кейде өзіңді солай сынайсың. Ал кейбір жайттер прозамен емес, драматургия арқылы жеткізуге сұранып тұрады. Бірақ қазіргі театр пьесаны керек қылып жүрген жоқ, әркім ойына келген қойыртпағын қоя береді, драма да әдебиеттің бір саласы еді, ол жайына қалды, «қайран өнер-ай!» деп қынжыласың. − Сіздің шығармашылығыңыз туралы біраз әңгімелестік, енді жалпы әдебиет туралы ойларыңызды білсем деймін. Бүгінде кейінгі буын жазушылар арасында қазақ прозасындағы жетістік саналатын туындылардың көбі кеңестік кезеңнің өнімдері, сондықтан бүгінгі талапқа сай емес деген мәнде айтылатын пікірлер көрініп қалады. Расымен солай ма? Бұл жайында не дер едіңіз? − Жалпы, әдебиет туралы ойларым басқа жазушылардың ойларымен үндес болар, илегеніміз бір терінің пұшпағы емес пе. Тек, менің қадап айтар бір нәрсем бар – әдебиет адамның өмірінен жоғары тұрады! Адам кетеді, әдебиет қалады. Жауапкершілік деген осыны шынымен ұғынғанда ғана пайда болады. Сонда ғана әр шығарма халықтың шынайы қазынасына айналады, қазіргідей нөпір дүние жазылмайды, ешкімнің де есегі алтын құспайтынын түсіну керек. Жазушылықтың әліппесі − Паустовскийдің «Алтын раушаны», қалам ұстауды соны оқудан бастаған абзал. Ешқашан «шөп те өлең, шөңге де өлең» болған емес, болмайды да! Жазғаныңды сиясы кеппей жатып баспасөзге ала жүгірумен әдебиетті көгертпейсің. «Күніне жүз ойланып, мың толғану» аз, ішкі сыншыңды тыңдай білу керек, бір жазғаныңды ең кемі үш рет түзетпесең, графомандыққа ұрынасың. Қазіргі жазушыларға ұстаз жетіспейді, мақтайтын ұстаз емес, сынайтын, шыңдайтын ұстаз жоқ. Сөйтіп, «өнер алды қызыл тілдің» бүгінгі қайраткерлері қарғыстың ең жаманына ұшырап, «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын» нойысқа ұқсап барады. Мен мұны ақылым асып, білігім тасып бара жатқаннан емес, «қауіп еткеннен айтамын». Әдебиеттегі үш ұстазымның бірі әрі біріншісі Эдгар Аллан По айтқандай, «бүкіл шығармаңда түпкі мақсатқа тікелей немесе жанама түрде қызмет етпейтін бірде-бір сөз болмауы керек». Осындай сараптаудан өткен шығарманы ғана халыққа ұсынуға болады. Қысқасы, көркем әдебиетке қойылатын ең басты талап – көркемдік! Қазақтың бүкіл ауыз әдебиеті – тұнып тұрған көркемдік, нағыз шедевр. Жырларың, аңыз-ертегілерің, мақал-мәтелдерің, жұмбағың, әнің, күйің, тағы нең бар – бәрі де ғасырлардың тезінен өтіп, бүгінге жеткен шын жаухар, алтыннан да қымбат гаухар дүниелер! Сондай мектебіміз бар, ал біз «алтынның үстінде тұрып басқаның күмісіне таңғаламыз». «Қазақ прозасындағы жетістік саналатын туындылардың көбі кеңестік кезеңнің өнімдері, бүгінгі талапқа сай емес» дей ме? Әуелі сол жетістіктерді атап берсін, сосын «бүгінгі талапты» санап шықсын. Жалпы, не нәрсенің де түбіне жететін – осындай білгіштер. Жетістігі не екен – мемлекеттік сыйлық па, тиражы ма? Кеңестік кезеңде Брежневтің үш кітабынан асқан тираж болған жоқ, сыйлықтан да кенде қалмаған болар. Сол ма жетістік? Кейбір детектив жанрындағы шығармалар рекордтық тиражбен шығарылды, әлде сол ма? «Ақбілек» жетістік пе, жоқ па? Бейімбеттің әңгімелері ше? Бір ғана «Шұғаның белгісінің» өзі неге тұрады! Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін қай жетістікке жатқызуға болады? Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесін» оқымаған адам қазақша жаза алмайды десем сенер ме едіңіз? Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабиден Мұстафинның «Дауылдан кейін», Сәкен Сейфуллинның «Тар жол, тайғақ кешу» романдары, «Бандыны қуған Хамит» хикаяты. Тағы қандай жетістік керек? Сосын 60-шы жылдар. Сол жылдары әдебиетке келген прозашылардың осалы жоқ, бәрі мықты. Шын жүйріктердің арасынан оза шапқан тұлпарларды ғана атап өтейін – Әбіш Кекілбаевтың халық философиясына негізделген «Күйшісі» мен «Шыңырауы», «Аңыздың ақыры» романы кеңестік идеологияның құралы ма еді әлде қандай талғампаз оқырманның да таңдайына татыр шынайы туындылар ма? Оралханның «Қар қызы», «Кербұғы», т.б. әңгімелерін оқығанда өзіңізді қай заманда жүрмін деп сезіндіңіз? Мұхтар Мағауиннің «Көкбалағын», «Сары қазағын», «Шақан шерісін» жаздырған кеңестік билік пе еді? Төлен Әбдіковтің «Тозақ оттары жымыңдайды», «Айтылмаған ақиқат» хикаяттарын қай ғасырға жатқызуға болады? Дулат Исабековтің «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекші», т.б. хикаяттарындағы қым-қуыт тағдырларды да кеңестік дәуірдің жетістігі деп есептейміз бе? Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» романы – Екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі тыл өмірін суреттеген шығармалардың ең шынайысы. Титтей жалғандық жоқ. Қанша адамның образы сомдалған! «Кәментоғай», «Отау үй», т.б. әңгімелерін тағы бір оқып шығыңыз, бәрі өз басыңыздан өткендей таныс жайттар. Әдебиеттану ғылымында ондайды типтендіру деп атайды, біздің пікіріміз бойынша, типтік бейненің бойынан әркім өзін көруге тиіс. Жалпы, халқымыздың жиырмасыншы ғасырдағы азды-көпті мамыражай өмір сүрген кезі 1956-жыл мен 1986-жылдың арасы десек, сол кездегі қазақтың бар болмысын Сайынның прозасынан табасыз. Әсірелеу жоқ, дабырайтып, бадырайтып, қоңырайтып көрсетуден аулақ, бәрі қаз-қалпында. Оқиғаға, ойға, идеяға, қандай да бір мақсатқа құрылмаған, барды бардай қылып бейнелеудің озық үлгісі! Жасы олардан үлкен болса да прозадағы жолын алпысыншы жылдары бастаған Ілияс Есенберлинді кеңестік дәуірдің жыршысы деп қалай айтуға болады? Иә, бәлкім оның шығармаларының көркемдігі кемшін шығар; иә, журнализм тәсілдері кездесетін болар, бірақ ол қазақ әдебиетіндегі орнына көркемдікпен емес, сол кеңестік идеяға еріп, «жарқын болашаққа» қарай емпеңдеп бара жатқан халықтың көзін ашып, коммунизмнің жалған елесіне елігіп, қалғып кеткен қауымды ұйқысынан оятуымен ие болған қаламгер! Алғаш рет 1969 жылы жарық көрген «Қаһар» романы шын мәнісінде Кеңес Одағының іргесін сөгіп, қабырғасын қақыратқан алғашқы соққы болды. Шынтуайттап келгенде, қазақтың қазіргі әдеби тілін қалыптастырған сол дәуірдің жазушылары. Олардың ең сорлысының өзі әдебиеттегі жолын тәуелсіздік кезеңінде бастаған жазушылардың ең мықтысынан оқ бойы озық тұрады. Неге? Өйткені олар өршіл болатын. Жан тазалығына, ар тазалығына, рух биіктігіне ұмтылатын. Өзін емес, халқын ойлайтын. Мұны оқырмандар да білетін. Ол кезде біз де оқырманбыз, білгесін айтып отырмыз. «Ғасыр халтурщигі» сияқты өзін ғана ойлайтындар жоқ еді ол кезде. Бар болса да алға шыға алмайтын. Ал қазір ше? Өз басым прозадан ешкімді көре алмай қойдым. Поэзияда − бар. Әлемдік тұлғаларды айтамын. Бір ғана Тыныштықбекті алайық. Оның өлеңдері поэзияға қойылатын талаптардың шеңберіне сыймай, тасып-төгіліп, шырқау биікке көтеріліп, түпсіз тұңғиықтан да тереңге бойлап кеткенін мойындайтын шығарсыз? Ондай «таудан мұнартып ұшқан тарланға» қай білгіштің «ұсынса қолы жетер» екен? Орыстар өздерінің Александр Блогын әлемдік тұлға деп есептейді. Екеуін салыстырып көріңіз. Кім биік тұрады? Ал Светқали ше? Жыраулар поэзиясы десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ, Светқали сол заңғарлардың бүгінгі жалғасы емес пе! Осы екі ақын қандай «бүгінгі талапқа» сай келмейді? Екеуі де кеңестік кезеңнің перзенттері. Өз пайымдауымша, жиырма бірінші ғасырда жазылған прозалық шығармалардың ең үздігі − Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаяты да кеңестік кезеңде жазылған жоқ. Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен жындымын», «Өлгендер қайтып келеді» романдары қай талаптың тақиясына тар келіпті? «Жасында жаман болған шал көрген жоқпыз, олардың бәрі мықты» деп кекетуге болады, әрине. Бірақ уақыт озған сайын тайыздап бара жатқанымызды мойындауымыз керек. Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланның білімі кейінгі буындағылардың бойына біте қойған жоқ. Әнуар Әлімжанов пен Әбіш Кекілбаевтың оқығаны мен тоқығаны біз үшін де, қазіргі жастар үшін де қол жетпес биік. Осылай біртіндеп ұсақтай беретін шығармыз, бірақ өреміз жетпегені үшін алдыңғыларды «талапқа сай келмейді» деп сызып тастауға болмайды ғой. Көркем дүние қашан да көркем, тек соны тани білейік, аға ұрпақтың жетістіктерін жоққа шығаруға хақымыз жоғын, өйтуге бойымыз қораштық ететінін мойындайық. − Кейінгі кезде біздің әдебиетте модернизм, постмодернизм бағытына үйірсектік байқалады. Біз де, әрине, жалпыәлемдік әдеби үдерістен сырт қала алмаймыз, алайда ұлттық әдебиеттің өз бағыты бар емес пе? Сырттан келген ...измдер бізге қандай қауіп тудыруы немесе пайдасын тигізуі мүмкін? − Менің түсінігім бойынша, модернизм – түрлендіру деген сөз, постмодернизм – түрлендіруден кейінгі кезең дегенді білдірсе керек. Кім нені түрлендіріп қарық қылыпты? Бұл да әлгі білгіштердің шығарып жүргені ғой. Жарайды, модернизм болсын, одан не өзгерді? Әлде әдебиеттің заңдылықтары оған жүрмей ме? Онда ол әдебиет болмай шығады. Постмодернизм ше? Түрлендіру аяқталып, қайтадан баяғы қалпына келіп пе? Қайтадан әдебиеттің заңдарына бағына ма екен? Онда не үшін ат қойып, айдар тағамыз? Осының бәрі білгішсінуден басқа ештеңе емес. Еуропа өйтіпті, жапон бүйтіпті, біз неге сөйтпейміз деп желпіне бергеннен түк шықпайды, осыны түсіну керек. Бірақ оларға қараушы болма, көрсең де көзіңді жұма қал деп отырған жоқпын, көп білген дұрыс. Бірақ білгішсінбеу керек. Білгеніңнің бәрін әкеліп таңа бермеуді үйренген жөн. Қысқасы, бізге ондай «измдерден» пайда жоқ, зияны – жастарды шынайы нәрселерден аулақтатып, жасандылыққа үйірсек қылуы мүмкін. − Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ