Талант Медет: Жастар жаңа мүмкіндікке қол жеткізе алады
Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Президенттік жастар кадр резерві мемлекеттік басқару жүйесіне бастамашыл және жоғары білімді мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін Ақтөбе облысы бойынша мұндай іріктеуден 13 адам өтті. Біз биылғы іріктеудің ерекшеліктері, жас мамандарға қойылатын талаптар, Ақтөбе облысынан резервке алынған жастар мен олардың жетістіктері жайлы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Талант Медеттен сұрап білген едік...
Биыл 1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға өтініштер қабылдана бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Президенттік жастар кадр резерві мемлекеттік басқару жүйесіне бастамашыл және жоғары білімді мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін Ақтөбе облысы бойынша мұндай іріктеуден 13 адам өтті. Қазір іріктеуден өткен 12 ақтөбелік осы салада абыройлы еңбек етіп жүр. Біз биылғы іріктеудің ерекшеліктері, жас мамандарға қойылатын талаптар, Ақтөбе облысынан резервке алынған жастар мен олардың жетістіктері жайлы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Талант Медеттен сұрап білген едік...
– Алдымен Президенттік жастар кадр резервіне кімдер қатыса алады және оларға қойылатын талаптар, іріктеу кезеңдері жайлы айтып берсеңіз. – Биыл жылдағы дәстүрге сәйкес Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу 1-30 қыркүйек аралығында өтеді. Іріктеуге Қазақстан Республикасының жасы 35-тен аспаған азаматтары қатыса алады. Басты талап – кез келген маманның жоғары білімі және бес жыл еңбек өтілі болуы керек. Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеруі орташа деңгейден төмен болмауға тиіс. Биылғы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің ерекшелігі сол, мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Олар: инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесулер міндетті түрде салалық орталық органдары өкілдерінің қатысуымен өткізіледі. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және бұл кезеңдер биылғы жылдың 1 қыркүйек-25 желтоқсаны аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша резервке үздік 50 үміткер іріктеледі. Резервте болу мерзімі – 3 жыл. Осы кезеңде резервшілер конкурстық іріктеусіз әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін. Іріктеудің кезеңдеріне тоқталсақ, мұнда бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау кезеңі. Ол 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Кез келген үміткер 30 қыркүйекке дейін жеке сәйкестендіру нөмірін және электрондық поштасын енгізу арқылы сайтта тіркеуден өтуі қажет. Үміткердің жасын тексергеннен кейін жүйе оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік береді. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екені беймәлім болады. Екінші кезең қатысушының мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады. Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі. Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды. Төртінші кезең – ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған. Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы, құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады. Өз кезегінде құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады. Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Ал соңғы алтыншы кезеңде ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 үміткер қабылданады. Іріктеудің талаптарына сәйкес резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс жастарын іріктеуге белсенді түрде қатысуға шақырамыз. Себебі бұл жоба өңір жастарына жаңа серпін беріп, үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Президенттік кадр резервінің әрбір мүшесінен елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді. Сондықтан мемлекет игілігі үшін адал қызмет еткісі келетін кез келген жас осы іріктеуге өтінім беріп, өзін сынап көруі керек. – Жобаға қатысу үшін қандай құжаттар керек? Үміткерлер мемлекеттік тілді меңгергені жайлы сертификатты қайдан алады? – Үміткерлер іріктеуге қатысуға тіркелу үшін жоғары білімі туралы дипломын, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын құжатын, мемлекеттік тілді тәуір меңгергенін растайтын «Qazaq Resmi Test» немесе «Kaztest» жүйесінің сертификатын жүктеуі керек. Сондай-ақ тіркеу кезінде қатысушы жоғарыда атап өткен алты салалық бағыттың бірін таңдауы керек. Бұл жерде көп адам мемлекеттік тілді меңгергені жайлы сертификатты қалай алатынын білмеуі мүмкін. Түсіндіре кетейін: өтінім беру кезінде мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат болмаған жағдайда, үміткерге сайтта берілген промокод арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Kaztest» жүйесінде офлайн немесе Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Qazaq Resmi Test» жүйесі бойынша онлайн тестілеуден бір рет тегін өту мүмкіндігі беріледі. «Qazaq Resmi Test» немесе «Kaztest»-те тестілеуден өту үшін сайтта ұсынылған промокодты кандидат жеке өзі пайдалануы тиіс. Үміткер тиісті сертификат алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркеуді аяқтай алады. Сертификат беру мерзімі – 2-7 жұмыс күні аралығы. Айта кету керек, бұдан кейін қатысушы мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін бағалауға жазылуы тиіс. Тестілеудің бірінші блогы – «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін бағалауға» жазылу өтінімнің қабылданғанын растайтын хабарламаны алған сәттен бастап 2023 жылғы 30 қыркүйек түнгі сағат 23.59-ға дейін ашық болады. Қатысушы ұсынылған нұсқалардан тестілеу уақытын таңдауы керек. Егер қатысушылар өтінім беру кезінде іріктеудің талаптарын түсінбей немесе басқа да сауалдары болса, 24/7 режимінде жұмыс жасайтын pkrezerv.gov.kz сайтындағы Jivo сайт немесе +7708 096 70 70 нөмірі бойынша қолдау қызметіне, сондай-ақ info@pkrezrv.gov.kz электрондық поштасына хат жолдау арқылы жүгіне алады. – Президенттік жастар кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылы өткізілді. Содан бері Ақтөбе облысынан 13 адам іріктеуден өтті. Осы азаматтар туралы кеңінен айтып берсеңіз. Департамент тарапынан резервшілерге қандай қолдау шаралары жүргізілді? – Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті, тиянақтылықты, біліктілікті қажет ететін сала. Осы орайда бұл саладағы конкурстық процедуралар да оңтайландырылып келеді. Сондай-ақ өңірдегі білімді, білікті, жан-жақты мамандар даярлау ісі жүйелі жүргізіліп келеді. Соның бір дәлелі – өңірде Президенттік жастар кадрлық резерві құрамына енген жастардың көбеюі. Олай дейтініміз, төрт жыл ішінде Президент жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі негізінде Ақтөбе облысы бойынша 13 адам іріктелді. Бүгінде осы 13 адамның 12-сі өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, түрлі лауазымдарға жұмысқа орналасты, оның ішінде 8-і Ақтөбе өңірінде мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етуде. Атап айтсақ, осы жастар резервінің «түлегі», Президенттік кадр резервінің іріктеу кезеңінде бюджет қаражатын тиімді пайдалану идеяларын ұсынған Руслан Хамбаров осыған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болды. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ермек Кенжеханұлы да бірнеше жыл Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қазір ол Түркістан өңіріне ауысып, сол жақта облыс әкімінің орынбасары қызметін атқаруда. 32 жасында ел Президенті үміт артқан үздіктердің қатарына енген Қайрат Райымқұлов осыған дейін облыс әкімі аппаратын басқарды. Қазір ол – Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрхан Тілеумұратов бірнеше жыл бойы облыстық кәсіпкерлік басқармасын басқарып, жуырда Ақтөбе облысының Хромтау ауданы әкімі қызметіне тағайындалды. Қазақ-Британ техникалық университетін қаржы мамандығы бойынша, ал Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы магистратурасын «өңірлік даму» бағыты бойынша аяқтаған, төрт тілде еркін сөйлейтін Нұржан Мақсатов экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болса, Адайбек Есенаманов осы басқармада басшының орынбасары қызметін атқарып жүр. Сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жасақталған Президенттік жастар кадр резервін – еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңартып, озық ойлы көшбасшы жастардың басшылық қызметке келуіне берілген жаңа мүмкіндік деп санайтын Әлібек Айдарбеков бүгінде облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары болса, резервке өткендердің бірі Сәбит Мұқанов қазір квазимемлекеттік секторда қызмет істейді. Ал Қазақстанның барлық өңірлері мен шетелден келген 13 212 кандидаттың ішінен Қазақстан Республикасы Президентінің жастар кадр резерві рейтингінде үздік бестікке енген Әнуар Нұртазин бүгінде квазимемлекеттік секторда, ал Уәлихан Ізбасқанов Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі стратегиялық және ақпараттық даму департаментінде жұмыс істейді. Сондай-ақ резервке өткен қос аруымыз – Ләззат Әділова мен Дана Тынымқұлованың бірі білім саласында еңбек етсе, бірі қазір бала күтімімен демалыста отыр. Ал 2021 жылы Ақтөбе облысы бойынша іріктеуден өткен жалғыз ақтөбелік Нұрсұлтан Аманғали – бүгінде облыстық мәслихаттың аппарат басшысының орынбасары. Ол 300 жастың ішінде біздің өңірден қатысқандардың арасында резервке өтіп, өзінің білімін, біліктілігін, осы салаға деген ынта-ықыласын, қызығушылығын білдірді. 2016 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін ол осылайша өз биігін бағындырды. Қазір Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті өңірімізде резервке іріктелген азаматтардың одан әрі мансаптық ілгерілеуіне тұрақты негізде мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. Біз облыс әкімі аппаратымен бірлесіп, олардың жұмысқа орналасуы бойынша есептік ақпараттарды ай сайын Агенттікке жолдап отырамыз. Биыл жыл басынан бері өңірдегі резервшілермен өзара іс-қимылды күшейту және олармен облыстағы мемлекеттік қызметке қатысты өзекті мәселелерді талқылау мақсатында арнайы бекітілген кестеге сәйкес 22 кездесу өткіздік. Сондай-ақ резервшілерінің жетістіктерін насихаттау мақсатында облыстағы телеарналарда сұхбаттар, республикалық, облыстық басылымдарында мақалалар жарияланды. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. Егер осы іріктеуден тағы да біздің жерлестеріміз сәтті өтіп, резервшілердің қатарына қосылатын болса, бұл біз үшін үлкен жетістік болмақ. Сондықтан сөзімнің соңында еліміздің талантты, білімді, жан-жақты жастарын осы мүмкіндікті пайдаланып, жаңа жобаға қатысуға, Президентіміз үміт артқан үздіктердің қатарында болуға шақырамын. – Әңгімеңізге рахмет!