«Қарызсыз қоғам» – өте керек жоба
Әртүрлі есеп бойынша шамамен 1,5 млн қазақстандық банкроттық деңгейінде тұрса, қарызын уақытылы төлей алмай жүргендердің саны 6 миллионнан асады екен. Бұған қаржылық сауаттылықтың төмендігі тікелей әсер етіп отыр.
Кейінгі жылдары елімізде қарызға белшесінен батып, алған несиесін төлей алмай жүрген жандар саны күрт өсті. Әртүрлі есеп бойынша шамамен 1,5 млн қазақстандық банкроттық деңгейінде тұрса, қарызын уақытылы төлей алмай жүргендердің саны 6 миллионнан асады екен. Бұған қаржылық сауаттылықтың төмендігі тікелей әсер етіп отыр. Осы орайда қоғамда азаматтардың өз қаржысын тиімді басқару және шығындарын оңтайландыруға үйретудің маңызы зор. Бұл күрделі әлеуметтік мәселе «AMANAT» партиясының назарынан тыс қалмады. Партия Халық банкпен бірге қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасын қолға алған болатын. Аталған жоба туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ерекше атап өтті.
– Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды. Бұл ретте «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет, – деді Президент.
Жобаның қаржылай қолдаушысы Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова да өз кезегінде елдегі жетекші банк ретінде мұндай маңызды бастамадан тыс қала алмайтынын ерекше атап өткен болатын. Басқарма төрайымының айтуынша, елімізде 1,3 миллионнан 1,8 миллионға дейін проблемалы қарыз алушы бар.
– Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін қалыптастыру әсіресе шалғай аудандардың тұрғындары үшін аса маңызды. Біз тек жобаны қаржыландырып қана қоймай, оқыту бағдарламасына тәжірибелік білім мен кейстерді интеграциялауды көздей отырып, сарапшы ретінде қатысуға дайынбыз. Біз әрқашан әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдауды өз миссиямыз деп білеміз. Халық несие аларда тиімді мөлшерлеменің деңгейін түсінбей, мерзіміне және несиені қайтару шарттарына назар аудармайтыны бар, соның салдарынан несиені қайтаруда қиындықтарға кезігіп жатады. Тіпті, қарыздарын уақытында қайтара алмай проблемалы несие алушылар қатары өсіп отыр, – деді Үміт Шаяхметова.
Осы орайда «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жоба аясында несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, дәл қазір қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, сондай-ақ мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер мен ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер оқудан өте алатынын айтқан болатын.
– Жобаның ең басты мақсаты – қаржылық сауаттылықты арттыру, ал ең негізгісі несие алып, қайтара алмай жүрген азаматтарға көмектесу. Олар несие кіріптарлығына қалай түсіп қалғандарын өздері де байқамай, соңында оны өтеуге мүмкіндіктері жоқ, үш айдан астам кешігуі бар, банкроттық туралы ойлай бастайды. Сондықтан біз осындай қиын жағдайға кезіккен жандарды тығырықтан шығудың жолын қарастырып, аталған жобаны қолға алдық, – деді.
Фракция жетекшісінің айтуынша, жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға, қарыздың шектен тыс жиналуын болдырмауға және жалпы ауылдағы қаржылық мәдениетті жетілдіруге көмектеседі. Қаржылық сауаттылық жөніндегі сарапшы, тренер Тимур Рахымжанов арнайы оқудан өткеннен кейін адамдар борыштық міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайтынын айтады.
– Бұл жағдайдың себептерінің бірі – сырттан таңылған тұтынушылық мінез-құлық моделі. Көптеген адамда қаржыны ұтымды пайдалану ұғымы жоқ. Қаржылай ауыртпалық эмоционалды қысымды да күшейтеді, адамдардың болашаққа деген сенімі әлсірейді. Бұл жоба халықтың қарызға тәуелділігін төмендетуге алғашқы қадам жасауға бағытталған, біз қаржылық жауапкершілікті үйретеміз, – деді ол.
Ауыл-аймақ тұрғындары интернет-ресурстарға қол жеткізе алмайтындықтан курс офлайн түрде ұйымдастырылып отыр. Бір жыл ішінде 80 мыңнан астам тұрғынды оқыту жоспарлануда. Бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқудың ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Жобаға қатысушылардың 95 пайыздан астамының банк пен микроқаржы ұйымдарында берешегі бар. Қатысушылардың нәтижесін талдау барысында кей отбасында 5, 10 тіпті 16 несиеге дейін бар екені анықталған. Олар бір кредиттен құтылу үшін келесі кредитті алып отырған. Сарапшылар жыл соңына дейін еліміздің 8 өңірін аралап, 80 мың адамды оқытып шығармақ. Әлеуметтік жобаның бірінші кезеңінде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарында ұйымдастырылып жатыр. Түркістан облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Жандос Әзімбай жоспар бойынша 12 650 адамды оқудан өткізу көзделгенін және бүгінге дейін 9 397 адам оқуды бітіріп, сертификат иеленгенін жеткізді.
– Бұл жерде халықты мазалайтын басты сұрақ – банкке берешегінің көбейіп кеткені. Осы қарыздардан қалай құтыламыз, алдағы уақытта қарызға батпау үшін не істеу керек деп ойлайды. Оған қоса кәсіпкерлік жағынан да көп сұрақтар туындап жатыр. Біздің сабағымыз 5 күн болады, түске дейін тек қана теория оқытылса, түстен кейін әр қатысушымен жеке консультация жасалып, бәрінің мәселелері қаралады», – деп түсіндірді оқытушы, қаржы сарапшысы Жандос Әзімбай.
Тренингке қатысушылар 5 күн ішінде жеке және отбасылық бюджетті құруды, несиесіз тауарлар мен қызметтерді алуды, несие мен қарыз тұзағына түспеуді үйренеді. Несие нарығын талдап, дұрыс және тиімді шешім қабылдау үшін несиелеу шарттарын түсінеді. Қаржылық инвестициялық құралдарды жалған компаниялардың алаяқтық әрекеттерінен ажырататын болады. Сондай-ақ жеке тұлғалардың банкроттық жағдайында өз құқықтарын қорғай біліп, бизнес-жобалардың табыстылығын анықтау үшін қаржылық есептерді жасау, қаржылық тәуекелдерді талдау, қаржылық «қауіпсіздік жастықшасын» қалыптастыруды меңгереді. Ең бастысы, олар отбасының әл-ауқатын жақсартуға қажетті қаржылық сауаттылық саласындағы құзыреттерді арттырады. Несие алып, кәсіптерін дөңгелетуді ойластырып жүрген жоба қатысушыларына бизнесті қалай бастауды, оның неге бағыттау қажеттігі мен бизнес-жоспар құруды, сонымен қатар өз қаржысын тиімді басқару шығындарын оңтайландыруды үйрететін болады. Болашақта ел экономикасын қалыптастыратын халықтың, жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған жобаға қатысқандардың бірі – Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Иіржар ауылдық округі құрамындағы Наурыз елді мекенінің 34 жастағы тұрғыны Бөгенбай Шәмшиев. Ол «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы әлеуметтік желі арқылы білген. Алғашында тек бақылап жүрген ол уақыт өте келе өзіне пайдалы болатынын түсініп, сабаққа қатысуға бел буады.
– «Қарызсыз қоғам» жобасы көп нәрсеге көзімізді ашты. Қаржы сарапшылары ауылда тұрып та ақша үнемдеуге болатынын көрсетті. Оқытушылар бізге кәсіпті қалай бастаудың жолдарын түсіндірді. Бұл кәсіп бастағысы келетін немесе кәсібін дамытуды көздейтін жастарға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өзім осы курстан соң 21-35 жас аралығындағы жастарға берілетін 2,5 пайыздық несиеге өтініш беріп қойдым. Алдағы уақытта жеке кәсіппен айналысуды көздеп отырмын. 40 сағат алған теориялық білімімді кәсіп бастаған кезде тәжірибе жүзінде қолданып, оқытушылардың үйреткені бойынша кіріс-шығыс есептерін жүргізбекпін, – деп ойымен бөлісті Бөгенбай Шәмшиев.
Оның айтуынша, мұндай жобалардың қарапайым халыққа берері мол. Әсіресе, ауыл тұрғындарының құқықтық, қаржылық сауаттылығын арттыруда маңызы зор. Бұл – бір несиеден құтылу үшін екіншісін алатындар немесе қарызын төлей алмай банк алдында борышкер болып жүргендерге таптырмас білім. Қарызды қайтарудың оңтайлы жолдарын ұсынатын, ауыл халқының тұрмыстық әлеуетін жақсартуды мақсат тұтатын мұндай бастамалар жалғасын тапса дейді кейіпкеріміз. Бізде қаржылық сауаттылық жөнінде қазақ тіліндегі контент өте аз екені рас. Әлеуметтік желіде қаржы мамандары өз алдына курс өткізіп жатады. Алайда олар алыс аймақтарға барып тұрғындармен пікірлеспейді, өйткені қаржы сарапшыларының көбі қалада тұрады. Сонымен қатар мұндай курстар интернет сапасы нашар шалғайдағы ауыл тұрғындарына қолжетімді емес. Онлайн білімнің берері аз, ал «Қарызсыз қоғам» жобасы офлайн өткізілетіндіктен сарапшылардың берген білімі мен кәсіби кеңестері далаға кетпейді. Бір қызығы, жобаға қатысқандар арасында жасы егде тартқан ата-апалар да бар екен. Соның бірі – 67 жастағы Қазығұрт ауданының тұрғыны Сағидулла Жұматаев.
– «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасынан естідім. Өзім аудан орталығында тұрамын. 10 шақырым жерде Ынталы ауылындағы сабаққа ерінбей барып көрдім. Басында сын көзбен «Не айтар екен?» деп отырғаным рас. Алайда бірінші сабақ мен ойлағаннан да жақсы өтті, өзіме қатты ұнады. Ең алдыңғы қатарға отырып, сабаққа бір апта бастан-аяқ қатысып, тыңдап шықтым. Керек жерін өзіме түртіп жазып алдым. Бұл – дәл қазіргі қоғамға қажет жоба екен. Өзім де бұрыннан ысырапшылдықты жақтырмайтын едім. Осы сабақтан соң үнемдеуді, ысырапшылыққа жол бермеуді, қолда барды ұқсатуды, жоқтан бар жасауды меңгердім.
70-ке тақаған шағында білім алған ақсақал оқу ешқашан кеш емес екенін айтады. Алған білімін кәдесіне жаратып, балаларына шығынды қысқартып, табысты арттырудың жолдарын үйретіп, бағыт сілтеп отырған жайы бар. Ақсақалдың айтуымен бірнеше танысы «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысыпты.
– Қазір не көп, той көп. Бұрын сенбі, жексенбі той болса, қазір аптаның жұмыс күндері де той. Той өз әдебі, мәдениетімен өтсе қуанасың. Алайда қазақтың тойы дарақылықпен, даңғазалықпен, бәсекелестікпен, бақталастықпен өтетіні аз айтылып жүрген жоқ. Несиеге той жасап ала шапқын болған ата-аналарға кейде жаның ашиды. Тойға кеткен ақшаны жер, көлік, үй алуға жұмсаса дейсің. Несиеге той жасағандар ақша үшін ұрсысып, кейін ажырасып жатқан жағдайларды да көріп, естіп жүрміз. Сонда қаржылық білімнің жоқтығы ерлі-зайыптылардың ажырасуына алып келіп отыр. Сондықтан той өткізудің тәртібін белгілеп, жүгенсіздікке жол бермей, шығынды азайтатын кез келді. «Қарызсыз қоғамға» қатысқандар ендігі жерде шығынын азайтып, табыс көзін арттыруға тырысатыны анық, – деп түйіндеді ойын Сағидулла Жұматаев.
Соңғы жылдары елімізде нақты секторға берілетін несие мөлшері азайып, банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Бұл жағдай отандық қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне, азаматтардың шектен тыс қарызға батуына алып келген болатын. Осы орайда халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жоба ел игілігіне айналса дейміз. Қаржылық сауаттылығын жетілдірген жұрт енді кәсібін дұрыс бағдарлай білсе нұр үстіне нұр болмақ.