Түркістан мұхтариятының тілі
1917 жылғы Ақпан төңкерісі Ресей империясының қол астындағы халықтар арасында ұлт-азаттық қозғалыстардың өрбіп-өршуіне зор қуат бергені белгілі. Қос үкімет дәуірінің аясында Түркістан өлкесі де үлкен дүмпуді бастан кешті. Сол кезеңдегі қазақ, кеңірек алғанда, жалпы түркі баспасөзі тарихында орны айрықша басылымдардың бірі – Түркістан Ұлттық Кеңесі Тұрақты Атқару Комитетінің төрағасы, бар болғаны 27 жастағы Мұстафа Шоқайдың бастамасымен жарық көрген «Бірлік туы» газеті.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі Ресей империясының қол астындағы халықтар арасында ұлт-азаттық қозғалыстардың өрбіп-өршуіне зор қуат бергені белгілі. Монархиялық билік тақтан тайдырылып, Туысқандық, Теңдік және Бостандық ұрандары көтерілді. Қос үкімет дәуірінің аясында Түркістан өлкесі де үлкен дүмпуді бастан кешті. Саяси өмір күрт жанданып, түрлі ұйымдар құрылды. Қоғам шындығын, жұрт пікірін, саясат бағдарын халықаралық үдерістермен ұштастыра баяндайтын «Нәжат» (Мінуәр Қари Әбдірашидханов), «Кеңгаш» (Ахмет Зәки Уәлиди), «Хұррият» (Әбдірауф Фитрат), «Тұран» (Абдолла Авлани), «Ел байрағы» (Әшірәлі Захири), «Ұлық Түркістан» (Кабир Бакиров), «Түрк сөзі» (Темірбек Құдаярханов), «Шуро-и Ислами» (Абдолла Баттал), т.б. мұсылман газеттері бірінен соң бірі дүниеге келді. Сол кезеңдегі қазақ, кеңірек алғанда, жалпы түркі баспасөзі тарихында орны айрықша басылымдардың бірі – Түркістан Ұлттық Кеңесі Тұрақты Атқару Комитетінің төрағасы, бар болғаны 27 жастағы Мұстафа Шоқайдың бастамасымен жарық көрген «Бірлік туы» газеті.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Алаш және Түркістан мұхтарияттары идеяларын, олардың бастауында тұрған тегеурінді тұлғалардың қызметін өзара өзектестіре, өрелестіре қараған жөн. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы шығарған «Қазақ» газетінің бауырынан жаралған «Сарыарқа» (Семей), «Жас азамат» (Қызылжар), «Ұран» (Орда), «Абай» (Семей) басылымдары секілді, «Бірлік туы» да түркілік рухпен қатар, төл ұлттық ұстанымдарды алға тартты. Оның беттерінде Түркістан өлкесіне қарасты қазағы көп Жетісу және Сырдария облыстарының тыныс-тіршілігі көбірек қозғалғаны, сондай-ақ ішкі қазақ сахарасының түкпір-түкпірінен жеткен хабарлардың ұдайы жарияланып отырғаны да сол себепті. «Бірлік туы» газетіне совет заманында соның идеологиясына сәйкес баға берілді. Мысалы, «Қазақстан коммунистік партиясы тарихының очерктері» кітабында: «Ташкентте 1917 жылдың тамызынан 1918 жылдың сәуіріне дейін шығып тұрған буржуазиялық «Бірлік туы» газеті контрреволюциялық үкімет – «Қоқан автономиясының» жаршысы болды» (Алматы, 1963. – Б. 107), – деген жолдар ұшырасады. Сәкен Сeйфуллин «Тaр жoл, тaйғaқ кeшу» тарихи-мемуарлық романында: «Түркiстaн aлaшшыл oқығaндaры Тaшкeнттe «Бiрлiк туы» дeгeн гaзeт шығaрып, «Aлaшты» ұрaн қылып, сoвeттi сөгiп тұрды» (Алматы: Жазушы, 1977. – Б.159), – деп қалам тербеді. Алашшылдармен идеялық қайшылықта болған мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов «Казахстанская правда» газетінің 1935 жылғы 10 мамырдағы санында жарияланған «О контрреволюционной Алаш-Орде и ее осколках» атты мақаласында: «В Ташкенте в 1917-1918 гг. существовало отделение алашской партии, куда входили представители местной казахской националистической интеллигенции под названием «Бірлік туы», руководителем которой был известный Мустафа Чокаев, ставший потом председателем Кокандского буржуазного автономного правительства. Эта организация под тем же названием издавала краевую газету. Участники этой организации проводили оголтелую антисоветскую агитацию, травили в своей газете большевиков. Ленина объявили немецким шпионом и призывали казахов истреблять большевиков. Они принимали участие как в Кокандской автономии, так и в общих алашординских съездах», – деп, өзіне таныс мәліметтерді жайып салады.
Қоқан қаласы.Түркістан мұхтариятының үкіметі. 1917 жыл. 6 желтоқсанАл КСРО ІІХК-нің құрылымдық бөлімшесі – Мемлекеттік қауіпсіздік бас басқармасы жендеттерінің С.Қожанұлын тергеу хаттамасына (Мәскеу. Лубянка. 31.07.1937 ж.) жүгінсек, ол «Егжей-тегжейін айтыңыз, сіз пантүркілік қозғалысқа қашан және қандай жағдайларда қосылдыңыз?» деген сауалға былай «жауап қайтарған» көрінеді (әрине, бұрыннан жиып-терілген материалдардың негізінде жасалған дайын мәтіннің астына зорлықпен қол қойып бергеніне күмәніміз жоқ): «Менің буржауазияшыл ұлтшыл ретіндегі қызметім 1917 жылы «Кеңес» деген атпен өзім құрған мұғалімдер үйірмесінде басталды. Ақпан төңкерісінен кейін басқа да саяси пікірлестеріммен бірге Ташкентте байшыл-ұлтшыл «Алаш» партиясының бөлімшесін ұйымдастырдым. Мен құрған бөлімшенің «Бірлік туы» атты өз газеті болды. Бұл газеттің редакциясындағы комитеттің құрамына кіргендер: мен – Қожанов Сұлтанбек, Шоқаев Мұстафа, Тоқтабаев Иса, Бөриев Күмішәлі (түрікмен), Асфендияров Санжар, Ақаев Серікбай, Құрымшин Әлмұхамед, Өтегенов Садық, Кенесарин Әзімхан, Қасымов Ыбырай, Рысқұлов Тұрар, Жанұзақов, Сейдалин, барлығы 50 адамнан астам. Кейіннен олардың көпшілігі пантүркілік ұйымға кірді. Қазан төңкерісін әзірлеу кезеңінде біздің ұйымның органы болған «Бірлік туы» большевиктерді жүйелі түрде қаралады және халықты онымен күресуге шақырды» (Қожанұлы С. Шығармалары. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.266). Тәуелсіздіктің елең-алаңында іздеу салғанымызбен, «Бірлік туы» тез табыла қойған жоқ. Ресей, Өзбекстан архивтерінің шаңын қопара ақтарғанымыздан нәтиже шықпады. Тіпті, күдер үзе бастадық десе де болады. 1992 жылдың ақпан айында Ташкентке ғылыми сапармен барғанымызда, сол уақытта жұмысы аялдап тұрған партиялық архивке өзбек ағайындардың жәрдемімен бас сұғудың сәті түсті. Каталогты қарағанымызда, «Бірлік туының» 1-ші және 2-ші нөмірлері сақтаулы екенін растайтын кәртішке шыға келді. Жүрегіміз тулап, бөркімізді аспанға атуға шақ қалдық. Бірақ көп ұзамай қуанышымыз су сепкендей басылды. Өйткені газет тігіндісі орнында жоқ болып шықты. «Мынау ырың-жырың заманда қолды болып кеткен ғой…» деп ұйғардық. Арада жыл өтіп, 1993 жылғы қаңтардың аязды бір күнінде ол уақытта талантты жас ғалымдар санатындағы достарым – әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлы мен смағұлтанушы Дихан Қамзабекұлы қоңырау шалды. Көңілдері алып-ұшып тұр. Дауыстары жарқын-жарқын естіледі: «Сүйінші! «Бірлік туы» табылды!». Сенер-сенбесімізді білмеймін: «Шын ба? Қайдан?». Жауап нақты: «Өзіміздің орталық мемлекеттік архивтен. Ілияс Жансүгіровтің жеке қорынан. Тез жет!». Асыл жәдігермен мұқият танысу үшін Дихан Қамзабекұлы екеумізге архив қызметкері, құжаттанушы К.Абдуллина бар жағдайды жасады. Газеттің біразына «Жансүгірұлы Ілияс» деген сөзтаңба басылса, кейбіріне «Сабынкөл мектебі» – «Өнеге» делінген жазуы бар мөр соғылған екен. Кейінгісіне «Павлов пошта бөлімшесі. Қостанай үйезі. Никентьев поселкесі. Ташбайұлы Асылбекке» дейтін сиямен түсірілген жазба қосарланып отырады. Басылымның архивте сақтаулы 27 санын түгел парақтап шыққан соң, біз газеттің бағыт-бағдарынан жинақы мәлімет бере алады деген жарияланымдарды іріктеп алып, араб қарпінен кирилл жазуына көшірдік. Олар: Сұлтанбек Қожановтың «Түркістанда орыс съездері» (29.01.1918, №21), Арғын баласының «Қазақ халқының дұшпандары» (07.03.1918, №24), Хайретдин Болғанбайұлының «Тұла бойлары қан сасиды» (15.03.1918, №25) мақалалары, сондай-ақ 4 (11) ақпан күні «Тау арасынан» жолданған Мұстафа хаты (07.03.1918, №24), Әлихан бастаған бір топ Алаш қайраткерінің Орынбордан газет басқармасына жіберген тіліграмы (12.11.1917. №15), Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының «Қазақ» оқушыларына һәм «Азамат» серіктігіне» атты үндеуі (09.04.2018, №28). Мен әр материалды жазу мәшеңкесімен теріп, Дихан Қамзабекұлы алғысөзін жазып, өзіміз қызметкері болған «Ана тілі» апталығына ұсындық. Сонымен, газеттің мешін – 1993 жылғы 11 ақпандағы 6-шы санында «Төрт құбыламызды түгелдейік» айдарымен «Мұстафа көтерген «Бірлік туы» атты топтама айқара бетте жарық көрді.
«Бірлік туы» газетіЖалпы, «Бірлік туы» қандай газет еді?» деген сауалға Дихан Қамзабекұлының «Ана тіліне» дайындаған алғысөзіндегі мына жолдар жауап бере алады деп ойлаймын: «Ол – аумалы-төкпелі 1917-1918 жылдары ұлттық, түркшілдік бағыттан таймаған қазақтың бірегей газеті-тін. Ол – жалпы түрк әлеміндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқайұлы бастаған қазақ зиялыларының елді бірлікке шақырған үні-тін. Ол – «Қазақ» газетін большевиктер күштеп жапқан кезде оның жалауын жықтырмай іліп әкетіп, өз байрағының жанына қадаған басылым-тын». Газет жарық көрерден жиырма күн бұрын Алаш қайраткері, публицист Уәлихан Ғұмарұлы (Омарұлы) былай деп хабар таратыпты: «Ташкенттегі» «Ықтият» союзын ашқан жастар «Бірлік туы» деген серіктік тағы ашып отыр. Мақсаттары: осы серіктік ақшасы атынан «Бірлік туы» деген бір газет шығармақ. Серіктіктің ағзалық хақы – 10 сом. Газеттің жылдық хақы – 5 сом. «Бірлік туы» газетін шығарушылықты әзірге ұйғарған кісі – учитель Садық мырза Өтегенов» («Қазақ» газеті, 1917, 3 маусым). Одан кейін, «Қазақ» газеті 1917 жылғы шілденің 17-сіндегі 236-санында мынадай дерек ұсынған: «Бірлік туы» атты қазақ газетінің 1-ші һәм 2-ші нөмірлері басқармамызға келді. Шығарушысы – Мұстафа Шоқайбаласы. Газет жетісіне бір шығады. Жылдық құны – бес сом, жарты жылдығы – 3 сом, үш айлығы – 1 сом 70 тиын. Баспасөздің ең керек уақытында көтерілген «Бірлік туына» құтты болсын айтамыз. «Бірлік туы» алаш арасына жала жапқан марқұм «Алаш» газетіндей болмай, қазақ-қырғыздың шын қызметкері, шын жолбасшысы болсын». 1917 жылғы маусымның 24-і мен 1918 жылғы сәуірдің ортасына дейінгі аралықта «Бірлік туының» бас-аяғы жиырма тоғыз саны баспа жүзін көріпті. Алғашқы екі санына Мұстафа Шоқайдың өзі жетекшілік жасаса, одан соңғы он төрт санына Хайретдин Болғанбайұлы редакторлық еткен. Ал желтоқсанның 16-сында тасқа басылған он жетінші санынан бастап газет жабылғанға дейінгі жауапты шығарушысы – Сұлтанбек Қожанұлы. 1921 жылы толтырған анкеталарының біріндегі «Әдеби жұмысқа араластыңыз ба?» деген сауалға Сұлтанбек Қожанұлы: «Қырғыз (қазақ – А.Ш.) газетіне редакторлық еттім және редакторлық етіп келемін», – деп уәж қайтарыпты. Оның «редакторлық еттім» дегені – «Бірлік туы», ал «редакторлық етіп келемін» деп айтып отырғаны – «Ақ жол» газеті. Осы екі басылымның арасында тарихи, ұйымдық әрі идеялық сабақтастықтың көзге ұрып тұратыны сөзсіз. «Бірлік туына» атсалысқан арыстарды (М.Дулатұлы, Х.Болғанбайұлы, И.Тоқтыбайұлы, Қ.Құлетұлы, Ш.Сарыбайұлы, Қ.Қоңыратбаев, т.б.) кейіннен «Ақ жолдың» редакциясынан көреміз. Сондықтан «Ақ жол» газетін 1925 жылы Сталиннің «атышулы Шоқаевтың ақгвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларын еске түсіретінін айтып», тікелей өзі жаптыруының сыры мәлім. «Бірлік туы» өз жарияланымдарында Алаш пен Түркістан идеяларын берік ұстанған басылым ретінде қайсар рухын танытты. Мысалы, «Туркестанская правда» газетінің қосымшасы – «Костры» журналында (1923, №3-4) Түркістан республикасының оқу-ағарту халық комиссары Сұлтанбек Қожанұлы туралы өмірбаяндық дерек беріліп, онда: «Ақпан төңкерісінен кейін ғұламашылармен олардың ұйымдары ресми түрде толық жабылғанға дейін жігерлі күрес жүргізген қазақ газетінің редакторы болды», – делінген. Мұнда көрнекті шығыстанушы Серәлі Лапин басқарған, Түркістан автономиясына қарсы шығып, большевиктермен мәмілеге барған «Шуро-и улема» (кей деректерде «Ғұлама жамиғаты») ұйымына қатысты сөз болып отыр. Осы жағдайды «Бірлік туы» газеті былай растайды: «Ташкент оқиғаларынан бері қарай, мұсылман ұйымдарының бірде-бірі бәлшебектермен жанасқан жоқ. Бәлшебектер бұрынғы Түркістан камитетінің орнына өздерінен жаңа камитет жасап, мұсылмандар үшін онда екі орын қойса да, мұсылмандар оған өз өкілдерін жібермеді. Сол екі арада бүкіл мұсылман ұйымдарының ынтымағынан жекеленіп кетіп, ғұлама дегендер бәлшебектермен ыңғайлас болуға айналды. Ғұламалар өздерінің шабарман-тілмашы Сералы Лапин арқылы, бәлшебектермен астыртын «құдалық сөйлесуге» ыждаһат етті» (16.11.1917, №15). Бұдан басқа, «Ұятсыздық» (29.08.1917, №7), «Елге берсін!» (20.10.1917, №12), «Басқармаға телеграм» (14.12.2017, №17), «Ескі Ташкентте ғұламалар жиылысы» (18.01.1917, №20) атты мақалалар да осы тақырыпқа арналған. Кейіннен Мұстафа Шоқай: «Улеманың» саяси бағдарламасы ұлт қозғалысы жауларының қолына бізге қарсы қару ұстатты», – деп жазған болатын. Алаш аңсарымен «жұлдызы жараспаған» Көлбай Тоғысов, Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұңғашин, Төреқұл Жанұзақов әрекеттері жөнінде де осы газеттің бетінен оқи аламыз. «Бірлік туы» газетінің бетінде Түркістан аймағындағы саяси хәл, жер-су, оқу-ағарту, азық-түлік, земство, сот, дін, әйел құқығы, ұлт қазынасы, баспасөз мәселелері жан-жақты қамтылып, Түркістан мұсылмандарының құрылтайлары, Жетісу оқиғалары, Ташкент бүлігі, Түркістандағы ашаршылық, Құрылтай жиылысы, Екінші жалпықазақ съезі, Сырдария қазақтарының съезі, Қоқан қырғыны кеңінен көрініс тапты. «Бірлік туы» өзбекше «Ел байрағы» басылымымен бірге, 1917 жылғы 26 қараша күні Қоқан қаласында басталған Бүкiл Түркiстaн мұсылмaндaрының IV съeзi жариялаған Түркістан мұхтариятының баспасөз органы болып белгіленді. «Жасасын автономиялы Түркістан!», «Жасасын Алаш автономиясы!» деп қатарластыра ұран тастады. «Осы күні Русия мемлекетін бір үлкен ауру әлсіретіп отыр. Бұл аурудың шын аты – надандық, өтірік аты – болшеуизм» деп жазған газет ақыры сол большевиктердің құрбанына айналды. 1918 жылдың 20 сәуірінде Мәскеудегі биліктің төтенше өкілі П.Кобозевтың басшылығымен Түркістан өлкесі кеңестерінің V съезі ашылды. Съездің шешімі бойынша 30 сәуір күні «Түркістан Советтік Федеративті Республикасы туралы» ереже қабылданды. Онда «ТСФР автономды басқарылып, өз іс-әрекетін Ресей Совет Федерациясының Орталық үкіметімен мойындай отырып үйлестіреді»; «Түркістан Федеративті Республикасының Жоғарғы заң шығарушы органы болып жұмысшы, солдат, шаруа және мұсылман диқан депутаттарының Кеңесінің съезі болып саналады», – делінді. Осының сәл алдында, Түркістан мұхтарияты өз тіршілігін тоқтатқан 18 сәуір күні «Бірлік туының» соңғы, 29-шы саны шығып үлгерді. Онда Хайретдин Болғанбайұлы «Бортаң» деген бүркеншек атпен былай деп жазды: «Бірақ бәлшебектердің жұртқа уағда қылып отырған бұл Аутономиясы мен шын халық тілеген Аутономияның арасы жер мен көктей. Халықтың бүгінге шейін тілеп келген Аутономиясы – жұрттың өз тізгіні өзінде болып, өзінің тіршілігіне шеттен ешкімнің араласпауы мағынасында. Ал енді бәлшебектердің Түркістанда жасамақ болып жүрген Аутономиясы анау Аутономияға тіпті жуыспайды. Олардың жасамақшы болып жүрген Аутономиясында тізгін жалпы халықтың қолында емес, жалғыз сәбеттер қолында болмақ. Сәбеттерге де бұқара-кедейлер тонын жамылған азғындар кіріп, іс басында солар тұрмақ», – деп жазды. Алаш қайраткерінің болжамы айна-қатесіз келді. Совет тұсында қазақ халқы неше бір сұмдықты бастан кешірді. Бірақ өз миссиясын бұлжытпай атқарған «Бірлік туының» бетінде жарық көрген «Алаш автономиясы» атты мақаладағы мына сөздер көріпкелдікпен айтылған болып шықты: «Осы күні бостандық, теңдікке ұмтылған барлық жұрттарға қарсы шауып жатқан мынау қара күштің ғұмыры көктемдегі қысқа түндей шолақ. Алаштың бұл ұлы тілеуі болса, көктегі күн сөнбесе, сөнбестей ұзақ. Оны уақытша қара бұлт қаптап тұрғанменен, бір уақытта жалт етіп шығуына да шек жоқ. Найза, қылыш майысады, сынады. Алаштың сол тілегі күннен-күнге өткірленіп, күшейеді һәм түбінде жеңеді» (07.03.1918, №24). Алаш тілегі шынымен де түбінде жеңді. Соған шүкіршілік етеміз.
Амантай ШӘРІП