Асыл сөздің ұстасы
Асыл сөздің ұстасы атанған Әкім Үртайұлы – қазақ әдебиетіне өзінің прозалық және драматургиялық туындыларымен ерекше өрнек салған дара тұлғаларымыздың бірі. Оның жүрдек қаламынан «Тасжарған», «Бұлтқа салған ұясын», «Кен», «Жаза», «Шер», «Қорқау жұлдыз», «Махаббат жыры», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай» романдары, «Құйрықты жұлдыз», «Үлкен ауыл», «Асу-асу» повестері туды. Ә.Таразидің шабыт тасқынынан жаралған көркем туындылары эпикалық кеңдігімен, философиялық тереңдігімен, символдық-метафоралық астарымен ерекшеленеді. Ол қоғамда болып жатқан әділетсіздіктер мен келеңсіздіктерге қарсы өз көзқарасын айқын танытып, адам жанының суреткеріне айналды. Қандай жағдайда болмасын адам болып қалудың озық үлгісін көрсетті.
Жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Франс Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, ұлағатты ұстаз, профессор Әкім Тарази – ұлттық әдебиеттің ірі өкілі. Ол өнеріміз бен мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген «сегіз қырлы, бір сырлы», кең құлашты дарқан дарын иесі.
Асыл сөздің ұстасы атанған Әкім Үртайұлы – қазақ әдебиетіне өзінің прозалық және драматургиялық туындыларымен ерекше өрнек салған дара тұлғаларымыздың бірі. Оның жүрдек қаламынан «Тасжарған», «Бұлтқа салған ұясын», «Кен», «Жаза», «Шер», «Қорқау жұлдыз», «Махаббат жыры», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай» романдары, «Құйрықты жұлдыз», «Үлкен ауыл», «Асу-асу» повестері туды. Ә.Таразидің шабыт тасқынынан жаралған көркем туындылары эпикалық кеңдігімен, философиялық тереңдігімен, символдық-метафоралық астарымен ерекшеленеді. Ол қоғамда болып жатқан әділетсіздіктер мен келеңсіздіктерге қарсы өз көзқарасын айқын танытып, адам жанының суреткеріне айналды. Қандай жағдайда болмасын адам болып қалудың озық үлгісін көрсетті.
Зерек те зерделі драматург осы уақытқа дейін тақырыбы, жанры, көркемдік-идеялық мазмұны әрқилы өрілген «Күлмейтін комедия», «Жолы болғыш жігіт», «Жақсы кісі», «Хан тәңірі», «Лайнер», «Люстра», «Қос боздақ», «Күнә», «Ақын. Періште. Махаббат», «Махамбет», т.б. драмалық туындыларын дүниеге әкелді. Әрбір пьесасына мол дайындық, нақты да терең тұжырыммен келетін автордың драматургиясы дәуір тынысын дәл басып, уақыт талабына жауап беретін өзіндік ерекшелігімен дараланады. Оның әрбір пьесасындағы негізгі ой, драмалық мақсат, адам тағдыры шытырман оқиғаға құрылып, шиеленіскен тартыс үстінде суреттеледі. Өмір болмысының әлеуметтік келбетін боямасыз беру, қаһармандардың рухани ой-өрісіне үңілу, мінез ерекшеліктерін ашуға ден қою қаламгердің драматургиялық стиліне тән сипат. Театр заңдылықтарын, сахна талаптарын қатаң ескеріп, оның нәзік иірімдерін терең сезінетін Ә.Тарази пьесаларының бүгінгі таңда халқымыздың рухани мұрасына айналып, ұлттық театрлар репертуарының алтын қорын байытып отырғаны да сондықтан.
Сөз өнерінің хас шебері Ә.Таразидай алып тұлғаның драматургия жанрын игерудегі шеберлігі мен шыққан биігі, жазу мәнері жайында республикалық, бұрынғы одақтық басылымдарда жарық көрген әдеби-сын еңбектерде әдебиеттанушылар мен өнертанушы ғалымдардың талай-талай көлемді ғылыми талдауларында жазылып, лайықты бағасы берілген. Айталық, белгілі жазушы С.Жүнісов 1967 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасына қойылған «Күлмейтін комедия» спектаклінің премьерасынан кейін жазған мақаласында: «Әр жазушының өзіндік стильдік ерекшелігі болады десек, Әкім, көбінесе, айтар ойын, ғибратын бүкпесіз тура көрсетуден гөрі, тұспалдап, астарлап жеткізуге машықтанған автор. Осы комедиясында да оқиға желісін ашық тартысқа құрмай, кейіпкерлерінің сөз саптасы, тіршілік характері арқылы көп жағдайды айтуға ниеттенген. Пьесадағы басты тақырып – қоғамда ұшырайтын кеселді мещандық тұрмыс. Ондай тұрмыс қашан да жалаң, жалғыз болмақ емес» деген болатын. Бұдан әрі мақала авторы мәскеулік жас режиссер В.Ивановтың ұжым мүшелерімен ортақ тіл табысып, қойылым кілтін дәл тауып алғырлық көрсеткенін және әр актердің ойын ерекшелігін талдап, драматургтің алғашқы қадамына ақ жол тілеген. Спектакльде өнер көрсеткен Еркебұлан – М.Мұраталиев, Хасан – Қ.Бадыров, Елизавета – Х.Бөкеева, Кити–К.Сәрсенбаева, Көпбай – Ғ.Сүлейменов, Сәнжан – Н.Жантөрин т.б. әдемі актерлік ансамбль түзіп, шабытпен ойнағанын жазған.
Драматургтің театр сахнасына қойылған пьесаларының үлкен мәдени құбылысқа айналғаны туралы белгілі театр сыншылары Б.Құндақбайұлы, Ә.Сығай, А.Қадыров, т.б. өнер қайраткерлері де кезінде жоғары бағалады. Оның театр сахнасында табыспен жүрген пьесалары туралы Ә.Сығай: «Хош, бір кездері «Асау Бөкені», «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедия» пьесаларымен дүркірей шыққан Әкім Тарази бұл күндері де қайрат-жігер таныту үстінде. «Асау Бөкені» кезінде «Театр» журналында басылып, Одақтық конкурста жүлде алып, республикамызды елең еткізген еді. Өмірді өзгеше көруімен селт еткізген тамаша автор табылды деп керемет қуанысқанбыз. Онан бері де «Хантәңірісін», «Әлиясын», «Ол – менің тағдырымды» жазып шыққан Әкім Тарази өзінің шабыт үстінде екенін аңғартты» деген еді. Шынымен де, Ә.Тарази қазақ драматургиясында жаңа кейіпкерлер тудыруымен, ерекше жазу стилімен оқшауланады. Ол уақыттың ұшқыр ырғағын мұқият ескеріп, соған өзіндік үн қоса білді. Сол сияқты ары таза, ойы мөлдір, жаны сұлу адамдармен қатар бойларынан арамдық пен зұлымдық ескен керітартпа пенделердің мінездерін де шынайы бедерледі. Кеңестік дәуірдің ызғары есіп тұрған жылдардың өзінде екінің бірі бара алмайтын тың тақырыптарға батыл барды. Заман қажет еткен ділгір мәселелерді көтерген кезде кейіпкерлерді өмірден, өз замандастарынан іздеді. Содан болар, драматургтің әрбір пьесасы режиссерлердің назарына бірден ілігіп, театрға жол тартып отырды. Сахна құдіреті неғұрлым өз тұңғиығына терең тартқан сайын драматург те ширығып, небір тұшымды пьесаларын дүниеге әкелді. Ә.Тарази тарихи оқиғаларды баяндауға құрылған пьесаларында ел мен жер тағдыры үшін бастарын қатерге тіккен арыстарымыздың психологиясын қым-қуыт, шытырман тартыс үстінде ашады. Оның пьесаларында тарихи маңызы бар оқиғалар шындыққа сай өріліп, кейіпкерлері әлеуметтік-рухани шыңдалудан өтеді, жаңа айқастардың алаңына шығады.
Ұлттық драматургияның қанат жаюына үлес қосып, әлемдік сахна туындыларының заңдылығына жауап бере алатын классикалық дүниелер жазған қаламгердің шығармашылығында «Індет немесе жаңа адам жасаймыз» деп аталатын трагедиясының орны ерекше. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ драматургиясында өткенге жаңа көзқарас тұрғысынан қарау алдыңғы кезекке қойылды. Бірқатар пьесалар ел бірлігін сақтаған хандарымыздың, билеріміздің, батырларымыздың тарихтағы орнын дәріптеуге бағытталды. Сонымен қоса кеңес дәуірі кезінде ашық айта алмаған тақырыптар (Семей полигоны, аштық пен репрессия құрбандары, жетімдер үйі, қарттар үйі, т.б.) пьеса арқауына айналды.
Осы тұста қазақ қаламгерлері драматургиялық оқиғаларды баяндауда әлімсақтан қалыптасқан дәстүрлі бейнелер мен көркемдік тәсілдері әрқилы болуымен ерекшелене бастады. Солардың арасында Ә.Таразидың «Індет немесе жаңа адам жасаймыз» трагедиясы қоғам өміріндегі үлкен өзгерістерді бүгінгi тiрлiктiң диалектикалық дамуымен ұштастырып жазуымен дараланды. Аталған пьесада жетпiс жылдан астам уақыт бойы елiмiздi билеп төстеген коммунистiк идеологияның жанға салған жаралары суреткерлік шеберлікпен терең ашылды. Бұл шығарманы Қазақстанның Халық артисі, режиссер Е.Обаев Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасына «Iндет» (1994) деген атпен қойды. Білікті режиссер спектакльдің бейнелеу құралдарын тыңнан қарастырғандықтан да тұрмыс-салттық шешімдерге бармай көп ойларды символ мен метафоралар арқылы берді. Ол спектакль жанрын трагикомедия деп анықтап, сахнадағы оқиғаларды күрт өзгерістерге құрды. Сондықтан қойылымдағы кейбір көріністер трагизмге дейін көтеріліп өне-бойыңды мұздатып жіберсе, енді бір сахналарда гротескілік сипатқа ойысып, еріксіз езу тарқызады.
Режиссер Е.Обаев пен суретші Қ.Әлімжанов пьесаның идеялық мазмұнын ашатындай бейнелеу тәсілдерін бірге қарастырды. Шымылдық сырылған кезде сахнаның екі жақ бұрышында қаламдардың ілініп тұруы түрлі ойларға жетелейді. Бұл арқылы режиссер қаламның кез келген қарудан мықты екенін меңзеген. Спектакльдің өн-бойында барлық қылмыс, адамдарды сырттай сату осы қаламның күшімен жүзеге асырылады. Онымен жазылған арыздан қаншама адамдардың тағдыры ойран болғаны әр көрініс сайын ашылып отырады.
Е.Обаев қойылымда көптеген ұлттың басын ерiктi-ерiксiз түрде бiрiктiрген КСРО мемлекетiнiң iшiн жайлаған сан алуан iндеттер мен мерездердi ашып бердi. Коммунистiк партия идеологиясының қанды қақпанына iлiккен миллиондаған бейкүнә адамдардың опат болғаны бүгiнде баршаға мәлiм. Елеусiз түрде жүргiзiлген жымысқы саясаттың күштiлiгi сондай, сүттей ұйып отырған бiр отбасындағы туыс адамдарды өзара ырылдатып, бiрiн-бiрiне аңдытып, бiр-бiрiмен жауластырып қойды. Пьесада кешегі мен бүгінгі күн туралы ащы ақиқаттар драматург шеберлігімен терең ашылғандықтан да қойылымда бүкiл кеңестiк дәуiрдегi саясаттың бет пердесi боямасыз әшкерелендi.
Спектакльдегі актерлік ойын, сахналық көркемдеу, бедерлі мизансценалар, музыка мен жарықтың безендірілуі тұтастай режиссерлік ой-тұжырымға бағындырылды. Әр кейіпкердің көңіл күй, сезім толқыныстары шығарма мазмұнынан туындап, спектакльдің көркемдік ерекшелігін айқындай түсті. Мәселен, Әзберген Д.Жолжақсыновтың орындауында ешкiмге сырын шашпайтын, қара жүрек, қаныпезер болып сомдалды. Қулығына құрық бойламайтын адамның бойындағы сатқындық феноменін актер шеберлікпен ашты. Орындаушы Әзберген монологтарын айтқанда тура залға қарап, бар кінәні уақытқа жауып ақталады. Актер Ленин, Сталин, Брежнев кейпіне ішкі дайындықпен лезде еніп, кейіпкердің интонациялық сөйлеу тәсілдері мен олардың мінезіне тән ишараларды, бет-жүзіндегі мимикалық өзгерістерді айнытпай келтіреді де іле-шала оның шынайы мінезіне көшіп үлгіреді. Д.Жолжақсыновтың осы қас-қағым сәттік өзгерістері ішкі ойға және психологиялық тебіреністерге құрылған. Сол сияқты қойылымның көркемдік шоқтығының көтерілуіне Әзиза – Г.Қазақбаева, Қызыл командир – Б.Сейітмамытов, Шерәлі – О.Кенебаев, Пәкизат – К.Байтілеуова, Ана – К.Қажығалиева мол үлес қосты.
Драматургтың көркем-идеялық мазмұны терең бұл пьесасы театр өнеріне басқаша сипат, жаңа эстетикалық мазмұн әкелді. Осындай тарихи-әлеуметтік салмағы басым көркем дүниесі арқылы Ә.Тарази драматургия мен театрда бұрын көтерілмеген тың тақырыпқа жол ашып берді. Бұдан қаламгердің талғамы мен суреткерлік танымын және өміршең де өскелең шығармаларды дүниеге әкелудегі азаматтық ұстанымын байқаймыз. Қоғамдық, мемлекеттік, мәдени өмірде қыруар істер тындырып, республиканың сан-салалы өнерінің өсіп, өркендеуіне қомақты үлес қосқан Әкім Тарази – тек қазақ еліне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге еркін танылған есім. Иә, жазушылық келбеті өзіндік бояуымен, өзгеше ажарымен айшықталған драматургтің театр өнеріндегі қолтаңбасы – айтарлықтай еңбек, айшықты бір белес.
Бүгінде есімі аңызға айналып, 90 жылдық мерейлі мерейтойға толайым табыспен, үлкен абырой-атақпен, халқының құрметіне бөленіп келіп отырған Әкім Үртайұлының шығармашылық жарқын жолы жастарға сәулесін шашып, болашақтың биік асуларына жетелей берері сөзсіз. Сөз өнерінің корифейі Ә.Таразидың рухани қазынасын ұрпақтарға дәріптеп, драматург әлемін тануға деген зерттеулер алдағы уақытта жалғаса беретініне сенімдіміз.
Бақыт НҰРПЕЙІС, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы, театртанушы