Жаңалықтар

Семейде әйел лифт ішінде босанды

pixabay

Оқиға облыстық перинаталдық орталығында болды.

Семейде жүкті әйел тоқтап қалған лифт ішінде босанды, деп хабарлады turkystan.kz.

Abainewskz сайтының мәліметінше, оқиға 3 қыркүйек күні таңғы сағат 06:00-де облыстық перинаталдық орталығында болды.

Техникалық ақауларға байланысты ғимараттағы лифт ішінде 5 жүкті әйел қалып қойған. Бір келіншектің кенет толғағы басталып кетеді. Осы уақытта басқа бір әйел оған көмек қолын созып, жүкті әйелді аман-есен босандырып алған.

Келіншекке көмектескен Эльмира Жетпісова сол мекеменің акушері болып шықты. Ол еңбек демалысында жүрген. Сол күні жүкті қызының жанында болу үшін перзентханаға келіпті.

«Анам нағыз ерлік жасады. 1 сағаттай тоқтап тұрған Семей қаласының перинаталдық орталығының лифтінде әйелді босандырып алды. Лифт ішінде 5 жүкті әйел болды», - деді келіншектердің бірі.

Айта кетсек, салмағы 3460 грамм ұл бала асқынусыз дүниеге келген.