Жаңалықтар

Қазақстандағы аграрлық сектор мәселесі: Шешімі қандай?

Ақмола және Павлодар облыстарының біраз аймағындағы құрғақшылық салдарынан өнім көлемі айтарлықтай азайды.

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті. Отырысты Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық кеңестің басшысы Нұржан Әшімбетов жүргізді.

Нұржан Әшімбетов сөз басында аграрлық кеңестің тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқанына 2-3 ай болғанын, кеңес құрамында ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар бар екенін атап өтті.

«Ауылшараушылыққа байланысты арнайы жоспарды биылғы және келесі жылға жасадық. Бүгін осы салада ушығып тұрған мәселелерді талқылаймыз. Соның бірі  бар – егістік науқаны. Толассыз жауынның салдарынан қаншама егістік алқабы бүлінуі мүмкін. Сондай-ақ, көптеген фермер құрғақшылық пен сумен қамтамасыз етудің жетіспеушілігінен зардап шеккені тағы бар. Осындай тығырықтан шығар жол қандай? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да агросаладағы түйіткілді мәселелер қозғалды. Онда Қазақстан Еуразиядағы тамақ өндіру бойынша орталық болуға мүмкіндігі бар екені айтты. Сол себепті қайта өңдеу мен терең өңдеу өнеркәсібінің мәселесін де талқылаймыз», – деді Нұржан Әшімбетов.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия мәселесін ушықтырып жіберген. Себебі қазір ел бойынша мемлекет фермерлерге 171 млрд теңге қарыз екенін сөз етті.

– Қазір елімізде жаңбырдың толассыз жаууы мен құрғақшылық сынды табиғи мәселелер қазір  егістік жинауға кедергі келітіріп жатқаны белгілі. Осы орайда тауар өндірушілерге көмек көрсету мәселесін қарастыруымыз керек. Мысалы, шаруаларға несие беретін ұйымдардың төлемін 1-2 жылға ұзарту мүмкіндік жасалса екен. Азық-түлік корпорациясы бидайдың сапасы мен бағасын қарап жатыр. Себебі баға арзан, соған қарай сапа да төмендейді. Оның үстіне, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия мәселесін ушықтырып жіберген. Себебі қазір ел бойынша мемлекет фермерлерге 171 млрд теңге беруге тиіс. Осы мәселе тезірек шешілуге тиіс, – деді депутат.

Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев депутаттың сөзін растап, бүгінде проблеманың техникалық екі сипаты барын айтты.

 – Бұл ең алдымен – құрғақшылық. Ақмола облысының 7-8 ауданында және Павлодар облысының біраз аймағындағы құрғақшылық салдарынан өнім көлемі айтарлықтай азайды. Енді егін жинау науқанындағы кедергілер экспорттың көлеміне әсер ететіні анық.  Соның салдарынан біздің тауар өндірушілер есептеген, жоспарлаған өнімін ала алмайды дегенді білдіреді. Тіпті, осы мәселе келесі жылдың егін егу науқанына әсер етеді. Сол себепті де өңірлердегі шаруалар төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр. Төтенше жағдай айтарлықтай ештеңе шешпейді. Бірақ оның артынан жасалатын бірқатар іс-шараның көміге тиеді,  – деген Мақсұт Бақтыбаев екінші күрделі мәселе тұқымның жетіспеушілігінде екенін сөз етті. 

–  Қазір тұқымның қоры – 2 млн тонна. Міне, осындай мәселелерді шешу үшін табиғи жағдайдағы төтенше жағдай жариялауды ұсынамыз. Шаруаларға осылай жәрдемдесе аламыз. Егер төтенше жағдай жарияланса, шаруалар барлығын заң бойынша шеше алады. Былтыр да жаңбыр толассыз жауып, осындай мәселе қозғалған. Бірақ үкімет тарапынан әрекет болмады, ал шаруалар шығынның  85 пайызын өздері көтерген болатын. Сондықтан жаңбырға қатысты төтенше жағдай енгізілгені дұрыс деп есептейміз», – деді ол.

Аталған жиынға партияның өңірлік филиалдарындағы аграрлық кеңестер мен облыс, аудан депутаттары, ауыл шаруашылығы ұйымдары онлайн форматта қатысты.

Негізі бұған дейін де Мәжілістің жалпы отырысында құрғақшылық мәселесі көтерілген болатын. Соған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені жан-жақты қарастырып жатыр. Мысалы, астықты кептіру үшін дизель отынының қосымша көлемін бөлген екен. Шешім Энергетика министрлігімен бірлесіп қабылданған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 8 қыркүйек күнгі дерек бойынша Қазақстанда 4,8 миллион гектар астық жиналған. Бүкіл егін жинау алаңының – 28%.

Сондай-ақ Президент Жолдауында Еуразия құрлығының жетекші аграрлық орталықтарының бірі болу міндетін қойғанын  ҚР тамақ секторы салалық одақтарының альянсының өкілі Андреу Кукушкин тілге тиек етті.

 «Өз нарықтарын ұстап тұру және экспортты ұлғайту үшін жеткізілімдердің ауқымын, сапасын және жүйелілігін қамтамасыз ете алатын кәсіпорындар болуы керек. Бірақ бұл міндетті орындау үшін біз өз елімізде отандық өнімдерді сатуды ретке келтіруіміз керек. Өз елінде отандық өндірушілер ірі сатушылардың агрессивті саясатына байланысты өндірілген өнімді тең және әділ сату мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан жағдайды түзету үшін отандық өндірушілер үшін басым жағдайлар жасау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан сауда қызметін реттеуді заңнамалық деңгейде күшейтуді ұсынамыз», – деді ол.

Фото: Радмир Фахрутдинов