Жаңалықтар

Ақмола облысында 2 адамды пышақтап өлтірген ер адам бас бостандығынан айырылды

Азамат 2008 жылы кісі өлтіргені үшін 9 жылға сотталған.

Ақмола облысында бұрын сотталып шыққан азамат тағы 2 адамды пышақтап өлтіріп, өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында белгілі болғандай, үш адам бірге отырып ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындап, М. есімді азамат О. есімді ер адамға бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Азамат алған жарақат салдарынан сол жерде қайтыс болған. Қылмысын жасыру үшін ол бірге отырған С. есімді азаматшаны да пышақтап өлтіреді.  

Белгілі болғандай, қылмыскер 2008 жылы кісі өлтіргені үшін 9 жылға сотталған. Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан.

«Сотталған адамның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, болған оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, жүргізілген сараптама қорытындыларымен, сотталған кінәсін толық мойындап келуімен, оның көрсеткен айғақтарының нақтылануын тексеру хаттамасымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен расталды», - делінген хабарладама.

Сот үкімімен азамат екі адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілерге моральдық зиян мен материалдық залалды өтеу туралы талап-арыздар қабылданды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.