Жаңалықтар

Мас күйінде көлік жүргізген ауылдық округ әкімі ұсталды

Әкім жеті жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылды

Солтүстік Қазақстан облысында мас күйінде көлік тізгіндеген ауылдық округ әкіміне ескерту жасалды, деп хабарлады turkystan.kz sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарайтын Қырымбет ауылдық округінің әкімі Жанар Ысқақоваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Шенеунікті жұмыстан тыс уақытта Көкшетау көшелерінің бірінде патрульдік полицейлер тоқтатқан. Тексеру кезінде әйел адамның аздаған дәрежеде мас екені анықталды.

Ысқақова әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылды.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің айтуынша, шенеуніктің әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне де қайшы келеді. Себебі бұл құжат азаматтардың алдында мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне анық нұқсан келтіретін әрекеттерге, қоғамға жат қылықтарға толық тыйым салуды көздейді.

Бір жыл бұрын әкім болған Ысқақованың әрекеті өрескел құқықбұзушылық деп танылды. Кеңес мүшелері оған қызметтік талаптарға толық сәйкессіздік туралы ескертуді ұсынды.