Жансая Әбдімәлік шахматтан әлем чемпионатына неге қатыспағанын айтты
Қазақстандық шахматшы қыздар әлем чемпионатын сәтті өткізді.
Қазақстандық танымал шахматшы Жансая Әбдімәлік Польшаның Быдгош қаласында өткен командалық әлем чемпионатына неге қатыспағаны жайлы оқырмандарының сұрағына жауап берді, деп хабарлады turkystan.kz vesti.kz-ке сілтеме жасап.
«Қыздар әлем чемпионатының финалына шықты. Командада сіз неге болмадыңыз?» деп сұраған оқырманына, «Қыздар жарады, ал мен жастарға орынымды бердім», - деп жауап қайырған.
Жансая сәуір айында тұрмысқа шыққан болатын. Жұбайы – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарған 34 жастағы Нұрахмет Нұриев. Инстаграмда шахматшы қыз тойларының әлі өтпегені жайлы да айта кеткен.
Айта кетейік, қазақстандық шахматшы қыздар әлем чемпионатын сәтті өткізді. Екінші орыннан көрініп, тарихи жүлдеге қол жеткізді. Құрама сапында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова және Әмина Қайырбекова ел намысын қорғады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшы қыздарды арнайы құттықтап, жарқын жеңістер тіледі.