Жаңалықтар

«TALQYLAU»: Президент Жолдауында айтылған мәселелер талқыланды

Қатысушылар Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары»  Жолдауында қоғамдағы барлық өзекті мәселені қозғағанын атап өтті.

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Сарапшылар «Елдің жаңа экономикалық бағдары: әділдік, инклюзивтілік және прагматизм» тақырыбын талқылады.

Сөз басында, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары»  Жолдауында қоғамдағы барлық өзекті мәселені қозғағанын атап өтті.

Өз кезегінде, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленетінін мәлімдеді.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Татьяна Савельеваның айтуынша, Президент өз Жолдауында мемлекет қаржысын тиімді басқаруды қалыптастыру жөнінде нақты міндет қойды.

Бүгінде еліміздегі өткір мәселенің бірі – сумен қамтамасыз ету. «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің пікірінше, су тапшылығы Қазақстанның батыс өңірлері үшін өте өзекті мәселе болып отыр.

Диалог алаңындағы отырыс барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қолданбалы зерттеулер институтының директоры Айгүл Көшербаева да сөз сөйледі.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай диалог алаңының модераторы болды.

Айта кетейік, бұған дейін «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов Жолдауды жүзеге асыру мақсатында партиялықтарды барлық өңірдегі қоғамның ең белсенді бөлігін жұмылдыруға шақырған еді. Ол «AMANAT» партиясы Президент Жолдауын жүзеге асырудың алдыңғы шебінде болуы тиіс екенін атап өтті. Атап айтқанда, саяси құжаттың негізгі ережелері орталық және облыстық деңгейлердегі «TALQYLAU» және «Bir Tolqynda» диалог алаңдары аясында талқыланып жатыр.

Еске сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы былтыр 1 наурызда «AMANAT»-тың кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасындағы тармақтардың бірі ретінде айтылды. Азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері аталған алаңда тұрақты негізде бас қосады.