Астанада құсбегілер арасында халықаралық турнир өтті
Турнир биыл Астана төрінде 6-шы рет ұйымдастырылып отыр
Елорда іргесіндегі Софиев ауылында құсбегілер арасында халықаралық турнир болып өтті, деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Күнтуған Тоқтыбайұлының құрметіне орайластырылған бұл сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген құсбегілермен қатар, Қытай, Моңғолия және қырғызстандық құс баптаушылар да қатысты. Аталған турнир құрметіне
Халықаралық доданың ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сабитов және Республикалық құсбегілік федерациясы вице-президенті Жанжігіт Омархан қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
«Марқұм құсбегі Күнтуған ақсақалдың құрметіне арналған турнир 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл санап халықаралық турнирдің деңгейіне көтеріліп, еліміздің абыройын асқақтата қазақ құсбегілерінің мәртебесін көтерді. Басты мақсатымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын орындап, жас ұрпаққа ұлтымыздың ұлық өнерін дәріптеу», – деді басқарма басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.
Турнир қаршыға, ителгі және бүркіт сайыстарын қамтыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жарыс келер жылы елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатындар үшін дайындық болмақ.
Атаулы халықаралық турнир биыл Астана төрінде 6-шы рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа әлем чемпионатының жеңімпазы Серікболсын Жалғасұлы, Азия чемпионатының жеңімпазы Арман Қошқаров сынды елордалық спортшылар қатысып өз бақтарын сынады.
Турнир қорытындысы бойынша қаршыға сайысында түркістандық Төлемырза Паңның «Тұйғыны» бірінші орын алды.
Алматы облысынан келген Аян Сейітжанның «Көкжендеті» екінші, атыраулық Арман Қошқаров баптаған «Ақсеңгір» үшінші орынға ие болды.
Ал ителі сайысында елордалық Ерасыл Серікбекұлының «Қаракөзі» үздік атанды. Екінші және үшінші орындар қарағандылық Таңат Оспанқұлов баптаған құстардың еншісінде.
Сонымен бірге, бүркіт сайысында бірінші орынды атыраулық Арман Қошқаров жеңіп алды. Екінші орын елордалық Ерасыл Серікбекұлына бұйырса, ақмолалық Ерлан Кенжетаев тұғырда үшінші көрінді.