Жаңалықтар

Теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейту керек – депутат

ашық дереккөз

Аманжол Әлтай ұлттық дүниетанымымызға жат пікірлер көбейіп бара жатқанын айтты

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, домбыра мәселесіне қатысты бастама көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық этникалық төлтума мәдениетіміздің шырақшысы – Қазақтың қасиетті қара домбырасы. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде осы халқымыздың арда болмысын ардақтайтын домбыра аспабына деген шабуылдар, жас ұрпақтың санасын теріс ұғымдарға итермелейтін қауіпті де ұлттық дүниетанымымызға жат пікірлер көбейіп барады. Әсіресе, діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратуда. Бұған әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген «Домбыра – харам» деген секілді адам шошытар алып қашпа сөздер дәлел, – деді депутат.

Білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілгені жөн екенін айтқан ол басқа да ұсынысын жеткізді.

«Amanat» партиясының тұғырнамасында да рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға, ұрпақ санасына сіңіруге мән берілген. Мемлекет басшысының: «Мектепте домбыра үйрету сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама» - деген сөзін Оқу-ағарту министрлігі ескерусіз, аяқсыз тастамауға тиіс. Білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілсін. Оқыту процесіне музыкалық жоғарғы және арнаулы білімі бар білікті мамандар тартылсын. Бұқаралық ақпарат құралдарында, радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлері көбірек насихатталсын. Дін істері жөніндегі басқарма теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуі тиіс.