Елбасы ғылым министрлігін құру туралы ұсынысты қолдамады
Елбасы ғылым министрлігін құру туралы ұсынысты қолдамады
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назрбаев ҚР ҰҒА-ның Жалпы жиналысының сессиясында басты баяндамашылардың бірі Молдова Ғылым академиясының президенті Георгий Дуканың сөзіне пікір қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шетелдік ғалым баяндамасында «Ғылым академиясының басшысы министр дәрежесімен тең» деген пікір білдірді. Ол Академия президентін ғылыми қауымдастық сайлайтынын, содан кейін ол автоматты түрде үкімет құрамына кіріп, ғылым министрі атанатынын айтты. «Осылайша, біз ғылыми қауымдастықты біріктіруге әрекет еттік. Өйткені, нақты тапсырмаларды орындауға сол сыншыл қауымдастықтың пікірі жетіспейді. Сыншыл қауымдастықты құру үшін өзге елдермен қарым-қатынас, ел ішіндегі түрлі ғылыми қауымдастықтармен байланыс секілді түзу міндет қойылды», - деді молдовалық ғалым. Қазақстан Президенті бұл пікірге қатысты: «Сіздің академия президентін министр жасау туралы ұсынысыңыз жақсы қабылданды. Әсіресе, Ғылым академиясының басшылары мұны жақсы қабылдады. Бірақ біз бұл кезеңнен өтіп кеттік. Ғылымға әлеуетті вертикалды басқару қажет емес. Құрамыз, бұл қиын емес. Мәселе шықса, неге қажет екенін анықтап алмай министрлік құра салудан біздің «жақсы» тәжірибеміз бар. Бұл ғалымдар барып ақша сұрайтын тағы бір бюрократиялық орган болады», - деді Елбасы. «Біз басқаша жасадық. Ақша ғалымға жеткенге дейін 5 саты болды. Бірінші, салалық орталыққа, Ғылым министрлігінің комитетіне, сосын министрлікке, сосын ғылыми кеңеске, сосын барып ғалымның ғылымына жететін. Біз мұның бәрін алып тастадық. Үшеуін ғана қалдырдық. Егер ғылыми кеңес жаңалық қажет, иннновация бар деп шешсе, бірден қаржыландырылады», - деді Елбасы. Айта кетейік, бүгінгі жиында Елбасына Қазақстан мен Молдова арасындағы достық пен ынтымақстастықты дамытқаны үшін Николай Милеску Спэтару атындағы медаль табыс етілді.