Қарагөз Сүлейменова мектеп бағдарламасынан орыс әдебиетін алып тастауға қарсы екенін айтты
Қарагөз Сүлейменова мектеп бағдарламасынан орыс әдебиетін алып тастауға қарсы екенін айтты
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші, тележүргізуші Қарагөз Сүлейменова мектеп бағдарламасынан орыс әдебиеті пәнін алып тастау туралы депутаттардың бастамасын құптамайтынын айтты. Ол бұл туралы instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
Әншінің сөзінше, өнер тілге, ұлтқа бөлінбеуі керек.
Ринат Зайытов бауырымыз орыс әдебиетін алып тастау керек деген пікір айтқан екен. Өз ойымды білдіруді жөн көрдім. Ең бірінші, орыс әдебиетінің сағат саны қазақ әдебиетінен көп болмау керек! Ол дұрыс. Бірақ оны Кеңестік кезеңде емеспіз деп алып тастауға келіспеймін. Бізде қазір шетел әдебиетін ағылшын тілінде екінің бірі оқи алмайды. Ал шетел әдебиеті қазақ тіліне аударылып біткенше әлі жылдар керек… Бұл ұзақ үрдіс. Екіншіден, қазақта Абайдан ұлы кем шығар. Абайдың өзі орыс әдебиетін жоғары бағалап, қазақ әдебиетінің дамуына сол арқылы үлкен жаңалықтар әкелген. Пушкиннен реализм әдісін қазақшаласа, Крыловтың мысалдарындағы сатиралық жанрды қазақы болмыста бейімдеді. Сондай-ақ, Абайдың Лермонтовты ерекше сүйіп, өлеңдерін көп аударғанын бәріміз білеміз. Қазақ әдебиетінің қалыптасуында мұндай мысалдар жетіп жатыр. Және біз орыс әдебиетінен өтіп барып, әлем әдебиетін танимыз. Жалпы, өнер тілге, ұлтқа бөлінбеуі керек. Дүниенің қай жерінде болса да өнер, әдебиет оқырманды ізгілікке шақырады. Санасын оятып, жаңа сатыға көтереді, – дейді ол.
Сонымен қатар, Қарагөз Сүлейменова ұлттық идеологияны насихаттайтын жұмыстар жеткілікті түрде жүргізілмейтініне тоқталды.
Ұлттық сана, ұлттық рух бір елдің әдебиетін жоғалтқанмен көтерілмейді. Бұл жерде ұлттық тәрбие деген терең мәселе жатыр. Біздегі идеологиялық жұмыстардың әлсіздігі жатыр. Және ең бастысы, халықтың экономикалық, әлеуметтік қауіпсіздігі шешілмеген. Мінберде отырған депутаттарға әдебиеттен де күрделі мәселелер жетеді деп ойлаймын. Халықтың экономикалық қауіпсіздігі шешілгенде, ол қоғамға кірігеді. Рухани сауатын ашады. Неліктен, Еуропа елдерінде волонтерлікпен, мәдениетпен көп айналысады. Адамның тұрмыстық қажеттіліктері өтелгенде, біздегідей кредитке тамақ ішпегенде кітап оқуға да ниеттері ауады. Қазақтың тілі, ділі, дәстүрі отбасындағы тәрбиеден басталып, ары қарай қоғамда жалғасын табу керек. Мәселе сонда… Біз ұлттық тәрбие түсінігіне, өкінішке қарай, әлі де терең қарай алмай жатырмыз, – деді ол.