Жаңалықтар

«Ұлы дала» республикалық әдеби байқауы басталды

ашық дереккөзі

«Ұлы дала» республикалық әдеби байқауы басталды

«AMANAT» партиясы дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының басталғанын хабарлайды. Биыл әдеби конкурс Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы – Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орайластырылып отыр. Партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіп келе жатқан «Ұлы Дала» республикалық шығармашылық байқауы осымен бесінші мәрте ұйымдастырылуда. Шығармашылық доданың басты мақсаты – ұлттық және рухани құндылықтарды паш ететін бүгінгі отандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларындағы ойларды жаңғырту арқылы ағартушының еңбектері мен қайраткерлік ұстанымын өскелең ұрпаққа дәріптеу. Байқауға қатысушылар бес номинация бойынша бақ сынайды: «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Әдеби сын» және «Балаларға арналған шығарма». Бұдан бөлек, байқауда «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылған. Айта кетейік, байқауға 20-45 жас аралығындағы авторлар қатыса алады. Келіп түскен жұмыстарды байқау комиссиясы 13-20 қараша аралығында қарайды. Байқау нәтижесі «Тәуелсіздік күні» қарсаңында қорытындыланып, салтанатты іс-шарада жеңімпаздарға марапаттар тапсырылады. Еске сала кетейік, «Ұлы дала» байқауы былтыр Ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған болатын.