Жаңалықтар

Тіс дәрігерінің оқуын оқып, трактор айдап жүрмін

ашық дереккөзі

Тіс дәрігерінің оқуын оқып, трактор айдап жүрмін

Түркістан облысы Қызылқұм ауылының тұрғыны Арайлым Құршанбек жастайынан алып техниканы тізгіндеп, ерлермен қатар еңбек етуді үйренген. Жеңіл көліктен гөрі ауыр техникаға қызыққан ол, «бұзылып қалса, жолда қалмайын» деп трактор жөндеуді де меңгеріп алыпты. Қазір жер жыртып, шөп тасып, тынбай еңбек етіп жүр. Бұрын ауыл арасында «тракторшы қыз» атанса, қазір бір әулеттің түтінін түтетіп, ұрпағын жалғастырып отыр. Тракторшы келін өз кәсібінің қыр-cыры туралы turkystan.kz тілшісіне айтып берді. Арайлым қарапайым отбасында тәрбиеленіп-өскен. Бір үйдің кенже әрі жалғыз қызы, кішкентайынан әкесінің жанынан бір елі қалмай еріп жүрген. Ол 5-сынып оқып жүргенде алғаш рет трактор рөліне отырғанда екі ағасы қарсы болған екен. Алған бетінен қайтпайтынын білсе керек, сол кезде оның таңдауын 40 жылдан астам трактар айдап жүрген әкесі қолдапты. «2003 жылы дүниеге келгенмін, қазір 20 жастамын. «Трактор айдау қара күшті қажет етеді, ер адамның ісі» деп айтып жатады ғой. Бірақ бұрын да апа, әжелеріміз техниканы тізгіндегенін білеміз. Бәлкім, ол уақытта заман талабы болған шығар, қиын кезеңдер болған ғой. Менің  бұл алып техникаға деген қызығушылығым ерекше болды. Әкем диқаншылықпен айналысады. Кішкентай күнімде жұмысқа баратын кезде аяғына жармасып, «Мен де барамын!» деп жылайтынмын. Содан әкем көңілімді қалдырмай, ертіп алады. Ал мен әкемнің қасында ән айтып, «магнитофон» болып отыратынмын. Тракторға деген қызығушылығым күн өткен сайын арта берді.  Сөйтіп жүріп, 11 жасымда трактор рөліне отырдым. Ары қарай ақырындап үйреніп кеттім. «Жақсы көретін ісімді қазір де жалғастырып келемін.  Тұрмысқа шықпай тұрып, «Болашақта бұл істі жалғастыра аламын ба, ол кезде жарымның, оның отбасының көзқарасы қалай болады?» деп уайымдайтын едім. Ол кісілердің пікірімен санасуым керек қой. Қазір, Құдайға шүкір деймін, ата-енем түсіністікпен қарады. Бәлкім, мені бұрыннан танитын болғандықтан шығар. Бірақ басында жолдасым қарсы болды. Ер-азамат болған соң қызғаныш болады, оны да түсінуге болады», - дейді Арайлым. Сүйікті ісін кәсібіне айналдырған кейіпкеріміздің бүгінде тұрақты клиенттері бар. Әсіресе, дала жұмыстары басталғанда жұмыс қыза түседі екен. «Қыста аздап үзіліс алғанымыз болмаса, төрт мезгіл бойы жұмыс істейміз. Ерте көктемнен жер айдауға кірісеміз. Тапсырыс түссе, кез келген жерге баруға дайынбыз. Шөп, су тасимын. Тракторым күнделікті тіршілікке де жарап тұр.