Елімізде жарасымды отбасы мен өсіп-өнген өнегелі әулеттер баршылық. Бала өсіріп бақытқа, мал өсіріп байлыққа кенеліп отырғандардың бірқатары қазақтың алтын бесігі - ауылдық жерлерде тұрады. Сондай жанұялардың бірі – Қарағанды облысы Ақадыр елді мекенінде тұратын Әміре әулеті.
Әулеттің тірегі «Тыл ардагері» және «Еңбек ері» атанған Елубай Әміре мен тоғыз құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері Шәкітай Жұмабекқызының отасқанына биыл 65 жыл толды. Бүгінде 9 баласынан 32 немере, 30 шөбере сүйіп отырған қариялар өнегелі әулеттің қазынасы, қара шаңырақтың берекесі болып отыр. Еңбекке ерте араласқан отағасы Елубай ақсақал 30 жылдан астам уақыт жүк көлігін тізгіндеген, техниканың тілін жақсы біледі. Ал Шәкітай әжей балабақшада, мектеп асханасында, мәдениет үйінде жұмыс істеген. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар мал шаруашылығымен де айналысқан.Айта кетейік, Әміре әулеті әлеуметтік институттың құндылығын арттырып, отбасы құндылықтарын дәріптеп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауында Қарағанды облысы бойынша жеңімпаз атанды.