Хиуадағы саммит: Ұлттық спорт мәртебесін көтеру - әлем назарында
Хиуадағы саммит: Ұлттық спорт мәртебесін көтеру - әлем назарында
8-9 қыркүйек күндері Өзбекстанның Хиуа қаласында Халықаралық этноспорт саммиті өтті. Аталмыш жиынға 60-тан астам елдің үкіметтік шенеуніктері, федерация өкілдері мен ғалымдары, сондай-ақ қазіргі уақытта Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясына кірген елдердегі арнайы мекемелерден 24 өкіл келді. Сонымен қатар, саммитке Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Нажмеддин Біләл Ердоған мен Өзбекстан Республикасы Жастар саясаты және спорт министрі Адхам Икрамовтың арнайы шақыртуымен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек пен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов та қатысты.
Саммит аясында Жоғары деңгейдегі Министрлер алқасы, этноспорт фестивалі және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы мүшелерінің VI кездесуі сияқты маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Талқылаулар өткен келелі жиындарда ұлттық спорт түрлерін дамыту және оның ауқымын кеңейту мәселелері қозғалып, нақты ұсыныстар айтылды.
Жиында арнайы сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов саммитке қатысушыларды келесі жылы Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына шақырып, бірқатар мәселелерді көтерді.