Жаңалықтар

Мұнай экспорттаушы елдер мұнай өндіру көлемін қысқарта ма?

ашық дереккөзі

Мұнай экспорттаушы елдер мұнай өндіру көлемін қысқарта ма?

АҚШ Президенті Иранның ядролық бағдаламасына қатысты Конгресс талабына көнді. Сөйтіп, Барак Обама Cенаттың халықаралық комитетінде қос партияның да қолдауына ие болған заң жобасына қол қоятын болды. Енді Конгреске Иранға қатысты кез-келген келісімді қабылдамауға құқық берілмек. 2-сәуірде Иран мен «алтылық» елдері Иранның ядролық бағдаламасына байланысты ортақ келісім жасасты. Оған сәйкес Құрама штаттар мен Еуроодақ Тегаранды көпжылдық экономикалық санкциялардан босатуы тиіс.

Келісімге 30-маусымда қол қойылады деп күтілуде. Жетекші елдер Иранға халықаралық санкциядан құтылу үшін, ядролық бағдарламадан бас тартуды ұсынған. Таяуда Иранның Мұнай министрі Биджан Намдар Зангане: «Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (МЭЕҰ) мүше елдер мұнай өндіру көлемін 5% -ға немесе шамамен 1,5 миллион баррелге қысқартуы керек», - деген мәлімдеме жасады деп хабарлайды Reuters. Өткен жылдың қарашасында МЭЕҰ елдері мұнай құнының төмендеп бара жатқанына қарамастан, оның мөлшерін бұрынғыдай 30 миллион баррель күйінде қалдыруды шешкен. Бұл - мұнай котировкасын одан сайын құлдыратты. Осыдан аз уақыт бұрын Зангане «МЭЕҰ ұйымы өзіне қарасты мемлекеттердегі мұнай өндіру мен оны тасымалдау ісін үйлестіре алады», - дегенді де айтқан еді. Ал, әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы ел Сауд Арабиясы жуырда ғана мұнай өндіру көлемін қысқартпайтынын мәлімдеген. Бұл елдегі өндіріс көлемі рекордтық деңгейге, яғни, тәулігіне 10,3 миллион баррелге жетіп отыр. Айта кетейік, өткен жылдың жазынан бері әлемдегі мұнай құны 110 доллардан 59 долларға дейін құлдырап отыр.