Сұхбат

Элиша Ферейра: Мен – Қоңыратпын...

ашық дереккөзі

Элиша Ферейра: Мен – Қоңыратпын...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі күн бұрын Алматы облысына жұмыс сапары кезінде Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел университетін аралап, студенттермен кездескен еді. Кездесу кезінде аталған университеттің 4-курс студенті Элиша Ферейра Мемлекет басшысымен қазақ тілінде сөйлесіп, көпшілікті тәнті етті. Президент «Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істеп жүргенімде бір мәрте Ангола астанасы Луанда қаласына іссапармен бардым» деп қазақшаға судай жігітті қолдай жөнелді. Өзін «Қоңыратпын» деп таныстыратын Элишаға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Есімің ерекше екен. Элиша...

– Иә. Португалша есім. Біздің ел көп жыл бойы Португалияның отарында бол­ды. Сондықтан біз түгеліміз португал тілін жат­қа білеміз. Өз ана тіліміз, африка ті­л­дерін­­де де сөйлейміз. Алайда көбіне пор­тугал ті­лін көп қолданамыз. – Ел астанасы Луанданың өзіненсің бе, әлде? – Мен Солтүстік Лунда аймағының ор­­­талығы саналатын Лукапа қаласында дү­ниеге келдім. Сосын отбасыммен бірге Сау­римо қаласына қоныс аудардық. Одан кейін ел астанасы – Луандаға тұрақтадық. Не­гізі, мен көпбалалы отбасыдан шықтым. Бір үйде төрт ұл, бес қыз тәрбиеленіп өстік. Жиыр­ма үш жастамын. Қазір Сүлеймен Де­мирел университетінде математика пә­ні­нің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бұйырса, келесі жылы бі­тіремін. – Математикаға қай кезден бастап әуес болдың?

– Мен жастайымнан есеп-қисапқа жүй­рік болдым. Мектепте математика пәнін сүй­сініп оқыдым. Көп оқушы, әсіресе, бас­тауыш сыныпта оқитындар ерте жастан ма­­тематика пәнін ұнатпай жатады ғой. Ал менде керісінше болды. Меніңше, баланы кіш­кентай кезінде математикаға баулу оңай. Мұғалім оқушының бұл пәнге деген сүйіс­пеншілігін түрлі жолмен оятып, тү­сінікті тілмен түсіндіре білсе болғаны. Ме­нің бұл пәнге зейін қойып оқуыма се­бепкер болған да сол мұғалімдер. Одан бөлек, үлкен ағам да математика саласына ерекше ден қоюыма, мұғалім болуыма өз үлесін қосты. Ол қазір Қытайда инженер ма­мандығы бойынша білім алып жатыр. Үне­мі ақылдасып, сөйлесіп отырамын. Ағам менің менторым десем де артық айт­паймын.

– Ал Қазақстанға оқуға қалай кел­дің?

– Сүлеймен Демирел университеті ұйым­дастырған халықаралық олимпиадада жүл­дегер атанып, Қазақстанда оқу мүмкін­ді­гін иелендім. Бірінші курс әлемді дүр сіл­кіндірген пандемияға тап келіп қалып, он­лайн форматта оқуға тура келді. Кейін бә­рі жанданып, оқуым Қаскелеңдегі кам­пус­та жалғасты. Сонда жатақханада тұр­дым. Алайда қазір Алматыға көшіп жатыр­мын.

– Олимпиадаға қатысқанға дейін Қа­­зақстан туралы естіген бе едің?

– Жоқ, естімедім. Грантты жеңіп алған кез­де мектептегі мұғалімім СДУ туралы мә­лімет айтып берді. Дегенмен әдепкіде уни­верситеттің Қазақстанда орналасқанын ес­тігенде қорыққанымды мойындаймын. Өйт­кені біз, африкалықтар Ауғанстан, Пә­кі­стан елдерінде қақтығыс көп болатынын ес­тіп-көрген соң, «стан» деген жалғауы бар аймақтар қауіпті деп ойлайтын едік. Сол секілді бастапқыда Қазақстанда да сондай жағ­дай шығар деп ойлаған едім. Алайда тәуе­келге бел буып, осында оқуға келдім. Сөйт­сем, бекерге қорыққан екенмін. Қазақ­стан мен ойлағаннан да мүлде басқа ел бо­лып шықты. Бірінші күннен-ақ қатты ұна­ды. Ел туралы естіген бөлек, ал көзбен көр­ген тіпті басқаша екен. Әсіресе, Алма­ты­ның әсем табиғаты мен асқар таулары кімді болса да таңғалдырмай қоймайды. Алайда мен келген кезде күн суық болды. Он­дай суықты өмірімде көрмегенмін. Осын­­­шалық суық бола ма деп аң-таң бол­дым. Білемін, Астана Алматыдан да суық. Астананың суығы туралы көп естідім. Мен онда болғанмын, бірақ көктем кезінде ғана бар­дым. Көбі «Астанаға қыста барып көруің керек» деп айтады. Бірақ мен ондай суық аймаққа күн жылы кезде ғана бара­мын (жымиып). – Университетте шетелдік сту­дент­терге қазақ тілін үй­ре­тетін арнайы ку­рс бар ма? Әлде өз бетіңше үй­рен­­­­дің бе?

– СДУ-ге түскен шет­елдік студенттерді бірін­ші жылы қазақ тілін оқуға міндеттейді. Бірін­ші жылы қазақ тілін базалық деңгейде меңгердім. Сосын күн сайын дос­тарыммен қазақша сөйлесіп, сөздер жаттап, жетілдіріп алдым. Қазақша кино көп көрдім. Әуен тың­дадым. Байқағаныңыздай, мен – ашық адам­мын. Көп адаммен араласамын. Негі­зі­нен мен шет тілдерін үйренгенді жақсы кө­ремін. Полиглотпын. Өзім туып-өскен ай­мақта жиі қолданылатын африка, пор­ту­гал тілдерінен бөлек, ағылшын, түрік, қа­зақ және орыс тілдерін білемін.

– Шетелдіктердің көбі қазақ тілін үй­­­рену әсте қиын емес, бірақ төл ды­быс­тарды үйрену қиынға соққанын айтад­ы. Сенде де солай болған шығар?

– Иә. Қазақ тілін үйрену сондай қиын бол­ды деп айта алмаймын. Дегенмен ки­рилл әліпбиін жазып үйрену оңай болмады. Со­сын өзіңіз айтқандай, ә, қ, ғ, ө, ұ, ү ды­быс­­­тарын дұрыс дыбыстау үшін көп жат­тықтым. Алайда бірте-бірте бәрін үйреніп ал­дым. Қазақшамды жетілдіруге септігін тигіз­ген тағы бір фактор – бізге қазақ тілін бі­лікті мамандар үйретті. Олар бәрін анық әрі қарапайым тілде түсіндірді. Сондықтан олардың бұл іске қосқан үлесі мол. Өзімнің де ынтам жоғары болды. Мақтанбаймын, бірақ мен – өте белсенді студентпін. Кам­пус­та, оқудан тыс кезде де адамдармен көп араласамын. Топтастарыммен қазақша сөй­лесемін. Одан бөлек, бірге доп тебетін достарыммен де қазақша әңгімелесіп, бос уақытымызды көңілді өткіземіз. – Университетте сенен басқа білім алып жатқан тағы басқа африкалықтар бар шығар?

– Иә, мұнда жалпы саны он сегіз аф­ри­ка­лық оқиды. Бәріміз бір отбасындай бо­лып кеттік.

– Олардың бәрі қазақша біле ме? – Он сегіздің он екісі жуырда келді. Ал бұ­рын­нан оқып жатқан алтауы қазақша жақсы біледі.

– Университет базасында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен өт­кен кездесуде өзіңді қазақша та­ныс­тырғаныңа көпшілік риза болды. Отандық БАҚ жарыса жазды. Әп-сәтте мұндай реакция болады деп өзің күт­пеген боларсың?

– Иә. Негізі, мен ол видеоны Ақорданың рес­ми парақшасына салады деп күтпедім. Азар болса студенттермен бірге түскен су­рет­ті жүктейтін болар деп ойлағанмын. Со­дан соң әлгі видео жүктелген соң, оны бө­лі­сіп, мені тегтеп жатқандардың қатары кө­бейді. Хабарласып, сұхбаттасуға ша­қыр­ғандар да жетерлік. Желі қолданушылары қа­­зақ тілін жетік білгеніме ризашылығын біл­­діріп жатыр. Қазақстанда афри­ка­лық­тар­ға назар аудармай қоймайды ғой. Өйт­кені біз әртүрліміз. Дегенмен мен олай та­­ны­мал болғым келмейді. Дегенмен Қазақ­стан Президентімен өткен кездесуден ерек­­­ше әсер алғаным рас. Басында сөй­лесу­ге қысылдым. Алайда ол кезінде біздің елге жұ­мыс барысымен барғанын айтып, мені әң­гімеге тартқан соң, жеңілдеп қалдым. Өте сыпайы, қарапайым кісі екен. Сол кез­десуден соң Қазақстан Президенті мықты көшбасшы ғана емес, сондай-ақ керемет тұл­ға екеніне әбден көзім жетті. Мен тіпті өз елімнің Президентімен бұлай бетпе-бет кездесіп көрмедім. Әлбетте, мұны көпке дейін ұмытпаспын. – Президентпен қазақша сөйлесуді өзің ұйғардың ба?

– Қасым-Жомарт Тоқаев университет ба­засындағы халықаралық кеңсені ара­лады. Мемлекет басшысына түсіміз, түріміз әр­түрлі болғанымен, бірлігіміз жарасқан ор­та екенімізді көрсеткіміз келді. Расымен ол кеңседе үнемі бас қосатын біз еш бө­лін­бейміз. «Сен Анголадансың», «Ол Шым­кент­тен», «Анау бала Қызылордадан» деп бір-бірімізді бөле-жармаймыз. Әр­қай­сы­мыз­ түрлі тілде сөйлейміз. Бірнеше тіл­ді біле­міз. Дегенмен өзара қазақша сөй­­ле­се­міз. Мен қазір Қазақстанда тұрамын. Қа­зақ­стан Президентімен кездесіп тұрмын. Қа­зақ тілін жетік білемін. Неге қазақша сөй­­леспеске? Мемлекет басшысымен ал­ды­мен мемлекеттік тілде сөйлесу керек. Со­сын, қаласа, әңгімені басқа тілде жалғас­тыру­ға болады. – Сол кездесуде «Қоңыратпын» деп айт­­қаныңа жиналған жұрт ду күлді.

– Менің руым – Қоңырат қой (күліп). Дос­тарыма үнемі «Мен – қазақпын» деп ай­­­тып қалжыңдасамын. Бірде олар «Қазақ болу үшін белгілі бір руға кіруің керек» деді. Мен ойланбастан «Қоңыратпын» дедім. Неге Қоңырат десеңіз, алғаш рет осында кел­генде дене шынықтыру пәнінен беретін ағайым маған «Ой, сен Қоңыратсың. Өзі­міз­­сің» деп айтқан еді. Маған да оның бұ­­лай қалжыңдағаны ұнап қалды. Содан соң оның руды меңзеп тұрғанын түсіндім. Со­дан бері бәріне «Менің руым – Қоңырат» деп айтамын.

– Қазақстанда тұрған үш жыл ішін­де екі ел арасында ұқсастықтар байқай ал­дың ба?

– Мені таңғалдырған бір нәрсе – Қа­зақ­­­­стандағы аналар біздікі секілді үнемі шыр-пыр болып, қолы тимей жүреді екен. Біздегідей олар алты-жеті адамға тамақ әзір­леп, оларды тамақтандырады. Содан соң балалардың сабағын қадағалап, ара­сын­да «Балам, мені тыңда!», «Мына бетті аш де­дім ғой» деп айқайлап отырады (күліп). Аф­­ри­ка­лық аналар да осылай. Үлкенге құр­­мет көр­сету дәстүрі бізде де қатаң сақ­тал­­ған. Та­ғы бір ұқсайтын жері, бір дас­­тар­қан ба­сында төрт көзі түгел болып та­мақ­тануы. Қа­­­зақстанда үлкендер тамақ ішуді бас­та­майын­ша кішілер тамаққа қолын тигізбейді екен. Бұл мәдениет маған қатты ұнады. Қо­нақта алдымен үлкендер та­мақ­танып ала­ды, ал кішкентайлар артынан іше­ді. Не­гі­зі, тізе берсек, екі ел арасында ұқ­­­­­састық көп.

– Алматы мен Астанадан басқа қай қа­лаларды араладың?

– Екі мегаполистен бөлек, Шымкент, Та­раз, Түркістан қалаларында болдым. Де­ген­мен Алматы маған ерекше ұнайды.

– Түркістан ше?

– Түркістан да ұнады. Тарихи, мәдени қала. Алайда онда жазда күн қатты ысиды екен. Аптап ыстық. – Тіпті, Анголадан да ыстық па?

– Иә. Жаздыгүні Қазақстанның көп қа­­­­­ласында Анголадан да қатты ыстық бо­ла­­ды екен. Бізде, Анголада жазда ауа тем­пе­ратурасы +33-34-ге дейін ғана көтеріледі. Ал сіздерде, әсіресе, Түркістанда +40-50-ге дейін барады ғой (күліп). Ми қайнайтын ыс­­тық болады екен.

– Африкадан да ыстық ауа райынан бас­қа тағы не таңғалдырды?

– Жылқы етін жеу (күліп). Біз жылқыны қа­дірлейміз. Бірақ біз жақта оның етін еш­кім жемейді. Мен бірде әлеуметтік желідегі па­рақшама жылқы бар видео жүктеген едім. Біреу «Мына жылқы жегенге жақсы екен» деп жазып қойыпты. Сол кезде «Мұ­ны қалай жеуге болады?» деп таңғалғанмын.

– Бірақ кейін...

– Кейін қазақша ет жеп, дәмін таттым (кү­ліп). Расымен, ел мақтайтындай дәмі ерек­ше екен. Мойындауым керек.

– Келесі жылы оқу бітірген соң не іс­­­темек ойың бар? – Анголаға қайтармын. Өз елім үшін ең­бек еткім келеді.

– Әңгімеңе рахмет! Зейінің ашыл­сын!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ