Жаңалықтар

Спартактың қауын-қарбызы Ойылдың брендіне айналды

ашық дереккөзі

Спартактың қауын-қарбызы Ойылдың брендіне айналды

Ақтөбеде ауылдық жерде көпшілік шаруа қожалықтары малмен байланысты құрылатыны белгілі. Қыр қазағы егін салуға бейімсіздеу. Әрине, астық егіп, мол табыс тауып отырған аудандар бар. Малға жем-шөп ретінде де егін егеді. Бірақ бау-бақша салуға құлықсыз. Оңтүстікке қарайлап отырады. Жазда Ақтөбенің базарларын Шымкент пен Қызылорданың қауын-қарбызы «жаулап алады». Солай болуға тиіс секілді. Бірақ соңғы жылдары осы «дәс­­­түр» бұзыла бастады. Ба­зар­да «Ойылдың қауын-қарбызы бар ма?» деп сұрайтындар көбейді. Бі­рінен бірі естіп, «Әлгі Спартактың қауын-қарбызы керек» деп нақтылап сұрайтын болды. Той-томалаққа жең­сік ас ретінде көтере сатып ала­тын­дар да бар. Расында да, Спар­так­тың қауын-қарбызының дәмі бөлек. Ал енді Спартак кім? Оның қа­уын-қарбыз егуіне не себеп? Енді соған ке­лейік. Ойыл ауданының Сарал­жын ауылында 2012 жылы құрылған «Спарта» шаруа қожалығының не­гіз­гі бағыты – бау-бақша. Шаруа қо­­­жа­лығының басшысы – Спартак Тө­ре­мұра­тов. Мамандығы – зоотехник. Мал маманы болғасын жерде сол ба­ғытпен кетуі керек еді ғой. Қисын бойынша солай. Көзін ашқалы көр­гені – мал шаруашылығы. Айна­ла­сын­дағы шаруашылық­тар­дың да бәрі атакәсіппен айналысып отыр. Спартактың олардан бөлек кетуінің бір себебі бар. Қызылорда облысы Шиелі ауданының қызына үйленді. Пойызбен әрлі-берлі өткенде «Қа­уын-қарбыз алыңдар!» деп айқайлап тұра­тын мекеннің топырағын күйеу болып басты. Шиелі – қауын-қар­быз­дың отаны екен. Дәмі тіл үйіреді. Бір ғана қауынның неше түрі бар. Ба­­­сында шатастырып жүрді. Өз ауы­лынан жұмыс таппаған кешегі бір қиын кездерде, сол өңірде жаз бойы жұмыс істеп, азды-көпті тиын-тебен тауып келгені де бар. Қайын атасы жер сауған кәнігі диқан екен. Бұған қауын-қарбыз өсірудің қыр-сырын әбден үйретті. Бұл да өнер екен. Үс­тірт қарауға болмайды. Мықты бап ке­рек. Уақытында суарып, арам шө­бін тазалап отырмасаң, мол өнімнен кү­деріңді үзе бер. Бір уақыт қолыңа кетпен алып, маңдайыңның терін сүр­тіп отырғанның рақаты бөлек екен. Ақтөбеде пәленбай теңге тұра­тын қауын-қарбызыңыз мұнда «пәш­ти» су тегін. Бірақ жергілікті жұрт аз ақшаны да қанағат тұтады. Өте еңбекқор.