Биылғы Жолдау саяси-экономикалық тұрғыдан салмақты болды – депутат
Биылғы Жолдау саяси-экономикалық тұрғыдан салмақты болды – депутат
Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына қатысты және ондағы өзекті бастамалар туралы пікірін білдірді, деп хабарлады turkystan.kz.
«Мемлекет басшысы биыл Қазақстан Халыққа жолдаған Жолдауында аса маңызды тоғыз бағытты қамтыды. Оның ішінде Орта кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамытуға баса көңіл бөлді. Президентіміз ең алдымен шағын бизнес субъектілерін ірілендіру үшін заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді тапсырды. Осы ретте біз, депутаттар, бар күш-жігерімізді салып, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған заңдарды қабылдауға күш саламыз.
Айта кетерлігі, орта бизнес шағын бизнеске қарағанда тәуекелге азырақ бейім. Өйткені олардың ресурстары мен қаржылық тұрақтылығы жоғары. Тиісінше, инвесторлар мен несие берушілер үшін тартымдысы, ол –орта бизнес. Мемлекет шағын бизнесті орта санатқа ауыстыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады. Нәтижесінде, орта бизнеске де мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы саяси-экономикалық тұрғыдан салмақты болды. Осы ретте су мәселесіне ерекше тоқталды. Су – тіршілік көзі. Еліміз шекаралық аймақтардың суына зәру екені белгілі. Мәселен, Жамбыл облысының шаруалары биыл су тапшылығын қатты сезді. Шаруада су болмаса, өнім болмайды, ал өнім болмаса халықта азық болмайды. Су шаруашылығын дамыту үшін, арнайы министрлік құрылғаны өте дұрыс шешім болды. Су – шектеулі ресурс. Сондықтан бұл саланы зерттеп, тек мұздықтардың суын ғана пайдаланып қоймай, жер асты суларын зерттеп, пайдаға жарату керек деп санаймын», – деді халық қалаулысы.