Бурабайда қонақүйдің 17 қызметшісі тамақтан уланды
Бурабайда қонақүйдің 17 қызметшісі тамақтан уланды
Ақмола облысындағы «Rixos» қонақүйінің 17 қызметшісі тамақтан уланып қалды. Оның ішінде 7 адам жұқпалы аурулар орталығына жатқызылды, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Rixos» қонақүйінің қызметшілері арасында бактериялық ішек инфекциясының 17 жағдайы тіркелгені анықталды. Инфекцияны жұқтырған 17 науқастың 7-еуі Көкшетау қаласының жұқпалы аурулар орталығына жатқызылды. Қалған науқастар амбулаторлық ем қабылдайды, жағдайлары қанағаттанарлық», - деді Ақмола облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова.
Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі кезде «Бурабай» Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы «Rixos» қонақүйінің мейрамханасына жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр.
«Судың, тамақ өнімдерінің және шайындылардың сынамалары алынды, зертханада тексеріліп жатыр. Сондай-ақ, қызметшілер тексеріліп, эпидемияға қарсы шаралар жалғасады», - деді Сәуле Сәдуақасова.