«Ұлы дала жорығы»: ең жылдам жеткен жамбылдықтар жеңімпаз атанды
«Ұлы дала жорығы»: ең жылдам жеткен жамбылдықтар жеңімпаз атанды
Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесіне ел өңірлерінен 19 команда қатысуда. Ат жарысы елорданың іргесіндегі Қаражар ауылынан бастау алды. Шабандоздар 1 300 шақырым қашықтықта жарысатын марафон-бәйге 19 қыркүйек күні Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.
Бүгінгі бірінші кезеңнің үздіктері де анықталды. Бірінші кезеңнің 50 шақырымын алғашқы болып Жамбыл облысы 2 сағат 53 минут, 37 секундта бағындырды. Екінші орын Солтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Олардың нәтижесі – 2 сағат, 57 минут, 04 секунд. Ал Жетісу облысының командасы үздік үштікті 2 сағат, 58 минут, 32 секунд уақытпен түйіндеді.
Жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық судья бағаласа, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалауда.
Еске сала кетсек, бәйге 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Шабандоздар соңғы 14-кезеңде тағы 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Жорыққа Атырау облысынан басқа барлық өңірлердің командалары қатысып жатыр.
Айта кетсек, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры. Сондай-ақ, жарыс республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының, Туризм және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтіп жатыр.