Жаңалықтар

Мегаполистегі жастар далада қалуы мүмкін – депутат Дәулет Мұқаев

ашық дереккөзі

Мегаполистегі жастар далада қалуы мүмкін – депутат Дәулет Мұқаев

Жастар жылында жастар қуана қабыл алған, жұмыс істейтін жастарға берілген жалдамалы пәтерлер бүгінде басты мәселеге айналып отыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дәулет Мұқаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жастарға берілген жалдамалы пәтерлер туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады turkystan.kz.

2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтаған. Бұл бір аудан халқымен пара-пар болатынын ескерсек, мәселе өте өзекті.

Иә, бұл жастарға өз баспанасын алуға қаржы жинау мақсатында берілген үлкен мүмкіндік еді. Әйтсе де, Үкімет бұл бағдарламаны қабылдағанда өзге де факторларды ескеруді назардан тыс қалдырған сыңайлы. 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да 1 жылдан аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. 2019 жылы баспана алған жастар әлемдік пандемиямен қатар келіп, 42 500 теңгеге қарап қалғанын ескерсек, ақша жинау мүмкіндігі болмады. Бағдарлама ең алғашында 5 жылға берілсе, кейінгі жылдары 3 жылға тағы қысқарды. Бүгінгі таңда елімізде инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты, – дейді депутат.

Оның сөзінше, жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы керек.

Екіншіден, жастар саясаты туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өсті. Сәйкесінше, үй алған жастар бүгін де жастар санатынан шықпады. 5 жылда балалы болған жастар қаншама? Шиеттей бала-шағамен қайда бармақ? Ал, елде жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы жоқ, – деді Дәулет Мұқаев.

Депутат «7-20-25» аты бар заты жоқ бағдарлама, ал Отбасы банк арқылы 50% бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін де емес екенін айтады. Ал 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы 2 есе өскен.

Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса қалай баспаналы болмақ. Төртіншіден, бүгінде елде баспана алуға тиімді бағдарлама жоқтың қасы. Мен бұл мәселені 1 сессияда да көтерген едім. «7-20-25» аты бар заты жоқ бағдарлама, ал Отбасы банк арқылы 50% бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін де емес.

Қорытындылай келе, депутат жастардың баспана алуына жағдай жасауды, кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік  беру мәселелесін қарастыруды сұрады.

Жоғарыды аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік  беру мәселелесін қарастыруды сұраймын. Және де нарықтағы «Елорда, Алматы жастары» ипотекалық бағдарламалары секілді пайыздық мөлшерлемесі де 5%-дан аспауға тиіс, – деді Дәулет Мұқаев.