Жаңалықтар

Аз жалақыға от кешкен жанкештілерді Үкімет неге ұмытты?

ашық дереккөзі

Аз жалақыға от кешкен жанкештілерді Үкімет неге ұмытты?

Семей орманында болған апаттан кейін орманшылардың жалақысы өсетіні туралы айтылған болатын. Дегенмен, саладағы басшылардың ғана жалақысы өсіп, аз ақшаға жанын шүберекке түйіп жүрген қызметкерлер бұдан тыс қалған. «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелері, депутаттар - Жанарбек Әшімжан, Нартай Сәрсенғалиев орманшылардың мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады turkystan.kz.

Аймақтарды аралаған кезде орманшылардың жағдайын арнайы барып білген депутаттар Үкіметтен мәселені шешуді сұрады.

Бүгінгі депутаттық сауалға оттан көйлек киіп жүрген жанкешті азаматтардың жанайқайы себеп. Үлкен жұмысты аз жалақыға атқаруға мәжбүр азаматтарды Үкімет қашанғыдай қазынаның қазанына жолатпау үшін барын салып жатқандай. Сөзіме дәлел, Абай облысында орман өрті болып, ондаған азаматымыздан айрылған соң Экология министрі «орманшылардың жалақысы үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап өседі» деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірлерін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды. Бірақ қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі Үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын "ұмытып кеткен", – дейді депутаттар.

Депутаттардың сөзінше, 1 шілдеден бастап жалақысы өскендердің санатына «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелердің директоры, директордың орынбасары, орман өртін сөндіру станциясының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары сынды бірқатар мамандары кірген.

Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, ағаш құлатушы, қарауылшық (сторож), кіші қызметкер (техничка), бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызметкерлердің айлығына көк тиында қосылмай қалды. Үкімет тағы біреуді ұмытып кетпесін деп әдейі бүкіл қызметтің атауын тізім шықтым. Мысалы, БҚО-ғы орман шаруашылығында қызмет ететін өрт сөндірушілер 70 мың теңге айлық алады, одан және салық ұсталады. Алматы облысындағы орманшыларда да осы жағдай. Қазіргі қымбатшылықта бұл ақша түкке де жетпейді. «Орманшылардың жалақысын өсіреміз» деген бастама, айналып келгенде, ұжымдарды екіге бөліп тастады. Біздің депутаттарға келген хатты Экология министріне жіберіп едім, сырғытпа жауап келді. Яки, «жалақысы өспеген мамандарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылсын» деген. Бірақ жергілікті бюджетте аталған мақсатқа қаржы қаралмаған. Бұл – бірінші мәселе, – дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Екінші мәселе – орман шаруашылығындағы техникалар әбден тозған. Тракторлар жүрмейді, көліктер баяғыда темір-терсекке айналған. Бұл елдегі бүкіл орманшылардың арызы деп қарау керек, өйткені керемет жасақталған бірі жоқ.

Осы мәселелерге қатысты депутаттар бірқатар ұсыныс айтты. Депутаттардың сөзінше, ең алдымен, қызметкерлерді бөліп-жармай, барлығының айлығын өсіру керек.

Орман шаруалығындағы қызметкерлерді бөліп-жармай, еліміз бойынша «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелерде қызмет ететін мамандардың айлығын дереу 100 процентке көтеру керек. Бұл – «AMANAT» фракциясы депутаттарының ұстанымы.

Сонымен қатар, орманшыларға қажетті материалдық-техникалық базаны 100 процентке жаңарту керек.

Экология министрлігі бұл шаруаны тек 2027 жылы іске асырамыз деген. Бірақ 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу» бойынша тапсырма бергенін ескерсек, орманшылар аталған аумақтарды тілсіз жаудан немен қорғайды? – дейді Н.Сәрсенғалиев.

Үшіншіден, орман отырғызу жұмыстарын науқаншылықпен бастап кетпей алдымен топырақтың жарамдылығын тексеретін ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу қажет екені айтылды.

Мәселен, БҚО-да 1 мыңнан астам гектарға орман отырғызылады делінген, бірақ тексеру барысында ол жерлердің бестен бірі орман отырғызуға мүлдем жарамсыз екені анықталған. Бұл мәселе еліміздің барлық аймағына қатысты, – деп айтылды сауалда.