Жаңалықтар

Қызметінен босатылған Шымкент әкімі жазба жариялады

ашық дереккөзі

Қызметінен босатылған Шымкент әкімі жазба жариялады

5 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қызметінен босатылған болатын. Осыдан кейін экс-әкім әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлады  turkystan.kz.   Мұрат Әйтенов ұлт дәстүрінің ұйытқысы болған шежірелі Шымкенттің қазақ руханиятында орны бөлек екенін атап өтті. «Бүгінде республикамыздағы үшінші қаланың дамуы, өркендеуі, бағыт-бағдары Мемлекет басшысының тікелей назарында. Бүгін төрт жылға жуық атқарған қала әкімі қызметін аяқтадым. Экономикалық әлеуеті зор, милионнан астам халқы бар, келешегі кемелді қаланы басқаруда маған үлкен сенім білдіріп, қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысым шексіз! Осы уақыт аралығында Президент тапсырмасымен қаланы дамытуда маңызы орасан ірі жобаларды жүзеге асыруда, қала халқына қолайлы жағдай жасауда күш біріктірген барлық үзеңгілес әріптестеріме де алғыс айтамын» деп жазды Мұрат Әйтенов Instagram-дағы парақшасында. Ол Шымкент әрбір қазақстандықтың жүрегіне мейірім шуағын себетін тарихи қала екенін баса атап өтті. «Шымкенттің халқы да ерекше. Кез келген игі бастамаларға араласып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді назарға алуда өте белсенді. Әр салада жүріп мегаполистің дамуына өз үлесін қосып жүрген еңбекқор қала тұрғындарына алғысым айрықша! Шымкенттің алар асуы биік, халқы аман, бақыты берекелі болсын! Елге - тыныштық, әрбір шаңыраққа шаттық тілеймін!» - деді экс-әкім. Айта кетейік, Мұрат Әйтеновтің орнына Шымкент қаласының әкімі болып Ғабит Сыздықбеков тағайындалды.