Жаңалықтар

Ұлттық спорт түрлерінен өткен фестивальге 1300-ге жуық спортшы қатысты

ашық дереккөзі

Ұлттық спорт түрлерінен өткен фестивальге 1300-ге жуық спортшы қатысты

Астанадағы «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлерінен VI фестивальдің ашылу салтанаты өтті. Алдағы 5 күнде 1300-ден астам адам 11 спорт түрінен сайысқа түседі. Іс-шараны ашқан Парламент Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов елімізде ұлттық спорт түрлері мемлекет қолдауымен қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мәжіліс спикері алдағы жылы Қазақстанда Мемлекет басшысының қолдауымен өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәні мен маңызына тоқталды. Бірнеше мемлекеттің спортшылары бас қосатын халықаралық жарыста қазіргі Қазақстанның әлеуетін танытуға мүмкіндік беріледі. Іс-шараның ашылу салтанатына Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қатысты. «Бәйге-марафон «AMANAT» партиясының қолдауымен былтыр тұңғыш рет өткізілген еді. Бұл болашақта ұлттық ат спорты түрлерінің дамуына айрықша әсер ететін маңызды әрі ауқымды оқиға болды. Дүбірлі дода еліміздің барлық өңірін біріктірді. Шабандоздар сайын сахараны атпен шарлап, туған жердің сырына қанығады. Спорттық жетістіктерден бөлек, бұл бәйге этнотуризмді дамытуға және халқымыздың мәдени мұрасын насихаттауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ерлан Қошанов. Фестивальді ұйымдастыруға ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «AMANAT» партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Ұлттық спорт қауымдастығы, Туризм мен спортты қолдау қоры ұйытқы болды.