Жаңалықтар

Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы басталады

ашық дереккөзі

Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы басталады

Бүгін Астана-Түркістан бағыты бойынша «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы басталады. Бұл туралы «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында хабарлады.  "Бүгін – маңызды күн, себебі екінші "Ұлы Дала Жорығы" басталады! Астанадағы "Қазанат" ипподромында сағат 17.00-де Республикалық ұлттық спорт түрлері фестивалі аясында командалардың таныстыруын өткізіп, 6 қыркүйекте сағат 14.00-де Қаражар ауылынан марафоншыларды аттандырамыз", – делінген жазбада. Сондай-ақ, ол аталған жорықтың басты ерекшеліктеріне баса тоқталды. "Осы күндері маған телефон соғып, кездесулер кезінде "Ұлы Дала Жорығының" ерекшелігі неде, мақсаты не деп сұраушылар көбейді. Бұл қуантады, әрине. Аты да, заты да ерекше марафон-бәйгенің мән-мағынасы туралы қысқаша айтып кеткенді жөн көрдім. Біріншіден, әлемдік атжарыстардың ішінде ең ұзақ қашықтық 160 шақырымнан аспайды. 14 күн бойы 1300 шақырымды жүріп өтуге тек қазақ жылқысының шамасы жетеді. Ата-бабамыз Үстірттен Алтайға дейінгі алып аумақты атпен жүріп аралаған. Ендеше, бұл – нағыз қазақы жылқы тұқымын қайта жаңғыртуға серпін беретін жоба. Екіншіден, адам баласының атты алғаш қазақ жерінде ерттеп мінгені, Ұлы көшпенділер мәдениеті барша адамзат өркениетіне әсер еткені – даусыз дерек. Ендеше, бұл – Қазақстанды ат спорты мен ат туризмінің отаны ретінде мойындатуға жол ашатын шара. Үшіншіден, марафоншылар Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Оқшы ата, Бытығай, Укаша ата, Ясауи кесенелеріне атпен барып, зиярат етеді. Осылайша, біз Ұлы Даланың өткен тарихына, Қазақ мемлекеттігіне деген құрметті күшейтеміз. Ендеше, бұл – тек спорттық шара емес, мәдени-рухани жорық. Төртіншіден, 14 күндік алыс сапарға азаматтың азаматы ғана шыдайды. Бұл жолда адамгершілік, жауапкершілік, шыдамдық пен табандылық сияқты қасиеттер алға шығады, мінезге айналады. Ендеше, бұл – жастарды сөзбен емес, іспен тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Осылай тізе берсем, "Ұлы Дала Жорығының" ерекшелігі көп", – дейді ол. Сөз соңында бұл жорықтың Қазақстанды Ұлы Дала көшпенділерінің мұрагері ретінде мойындатуға нақты дәйек екенін айта отырып, оны халықаралық аренаға шығарып, ұлттық бренд ретінде қалыптастыруға ұмтылатынын айтып жеткізді.