«AMANAT» Президент Жолдауын жүзеге асырудың алғы шебінде болуға тиіс – Ерлан Қошанов
«AMANAT» Президент Жолдауын жүзеге асырудың алғы шебінде болуға тиіс – Ерлан Қошанов
Бүгін «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру барысы туралы партия активімен кеңес өткізді.
Жиынды ашқан партия Төрағасы Жолдау Мемлекет басшысының елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ауқымды әрі маңызды реформаларының жалғасы екенін және оны тарихи деп атауға болатынын атап өтті.
«Жолдауда экономикалық дамуымыздың таяу жылдардағы эволюциясы айқындалды. Өте ауқымды, нақты әрі кешенді іс-шаралар жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Жолдауда жұртшылықты алаңдатып, толғантып отырған басқа да өзекті мәселелер толыққанды қамтылды. Сондықтан партиямыз үшін Жолдау стратегиялық маңызды құжат болып табылады. Ендігі кезекте, біздің алдымызда Мемлекет басшысының жаңа экономикалық саясатына қолдау көрсетіп, оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсаты тұр. «AMANAT» партиясы осы мақсатты жүзеге асырудың алғы шебінде болуы тиіс деп санаймын», - деді партия Төрағасы.
Іс-шара барысында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Мақсат Толықбаев, «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова мен Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров сөз сөйледі.
Жиын соңында Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының алдына бірқатар нақты міндет қойды. Атап айтқанда, Жолдаудың негізгі бағыттары орталық және облыстық деңгейлердегі «TALQYLAU» және «Bir Tolqynda» диалог алаңдары аясында талқыланады. Партия Кеңестері өз ұсыныстарын дайындауы қажет. Сондай-ақ, ол Жолдауда жүктелген міндеттердің орындалуына барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясы мүшелерінің бір кісідей жұмылып, қатысуын тапсырды.