Пойызға билетсіз мінетін жолаушыларға бақылау күшейтілмек

4 қыркүйек, 2023 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
Пойызға билетсіз мінетін жолаушыларға бақылау күшейтілмек «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жолаушылардың билетсіз өтуіне және темір жол көлігімен ресімделмеген жүк багажын тасымалдауға жәрдемдесетін делдалдардың заңсыз қызметінің жолын кесу мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады turkystan.kz. Арнайы кеңесте бірқатар шешімдер қабылданды: Жолаушылармен жұмыс істейтін қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарына үшінші тұлғаларға билетсіз жол жүруге және ресімделмеген багажды тасымалдауға заңсыз көмек көрсеткені үшін жауапкершілікті енгізіледі. Жолсеріктер де заң алдында жауап береді. Айта кетейік, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 623-бабында жолаушыларды билетсіз тасымалдағаны үшін жауапкершілік нормасы қарастырылған: 1) халықаралық қатынас пойыздарында – жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл; 2) республикаішілік қатынас пойыздарында – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап Қазақстанда билеттерді қайта сатқаны үшін айыппұл сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін (265 мыңнан 1,3 млн теңгеге дейін) құрайды.