Қарағанды облысындағы мектептерде алты күндік оқу аптасын енгізген
Қарағанды облысындағы мектептерде алты күндік оқу аптасын енгізген
Қарағанды облысының бірқатар мектептерінде 7 - 11-сынып оқушылары алты күндік оқу аптасына ауыстырылған, яғни дүйсенбіден сенбіге дейін оқиды. Бұл туралы Патриот Telegram-арнасы хабарлады.
1 - 6-сынып оқушылары бес күн оқиды.
Алты күндік оқу барлық мектептерде емес, екінші ауысымдағы сабақтар кеш аяқталатын мекемелерде болады.
«Балам биыл мектеп бітіреді. ЖОО-ға түсуге дайындалуымыз керек. Сенбіде балам университетке түсу үшін қосымша курстардан өтеді деп жоспарладық. Себебі мектеп ҰБТ-ға дайындамайды. Енді қайтеміз? Неліктен Қарағанды облысының Білім басқармасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығын бұзады?» – деп ата-аналар шағымданды.
Аталмыш фактіге қатысты Қарағанды облысының Білім басқармасы пікір білдірді.
«Бірінші ауысым сабақтары сағат 8.00-де басталып, 14.05-те аяқталады (7 сабақ). Екінші ауысым 14.45-те басталып, 20.50-де аяқталды (7 сабақ). Өткен оқу жылында екінші ауысым оқушыларының ата-аналары сабақтың қараңғы уақытта аяқталуына наразылығын білдіріп, қыста тіпті қиын екенін айтты. Осыған байланысты 7, 8, 9, 10 және 11-сыныптардың оқу сабақтарын 6 күнге бөлу туралы шешім қабылданды», – деп мәлімдеді басқарма.