Жаңалықтар

Ендігі кезек - Үкімет пен Парламентте: Ринат Заитов Жолдау жайлы

ашық дереккөзі

Ендігі кезек - Үкімет пен Парламентте: Ринат Заитов Жолдау жайлы

Президенттің Жолдауы көкейде жүрген көптеген сұраққа жауап берді. Мемлекеттің қарқынды дамуына септігін тигізетін бірнеше жаңа бағыттар анықталды. Бұл туралы Парламент мәжілісінің депутаты Ринат Заитов айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Депутат қана емес, қатардағы азамат ретінде де Жолдаудан жақсы бастамалар көрдім.

Ең біріншісі - АЭС салу мәселесін халықтық референдумда қарау. Өте оңды шешім. Енді халық өзі таңдасын! Демократиялық қоғамды осылай ғана қалыптастыра аламыз.

Екіншісі - қорғаныс саласын күшейту. Бұл да өте қажетті қадам. Айналамыз аласапыран болып жатқан кезеңде алдыңғы орында мемлекеттің қауіпсіздігі тұру керек. Ол үшін біздің қарулы күштер жаңа техникамен, соңғы үлгідегі қару-жарақпен қамтамасыз етілуі керек.

Үшіншісі - ауылды дамыту. Президент өз Жолдауында ауыл халқына шаруашылығын дамытуға барынша жағдай жасауды тапсырды. Аймақтар үшін бұл жақсы жаңалық. Әрине, Жолдауда қамтылған барлық мәселелерді бірден талқылау мүмкін емес. Алдағы уақытта оны түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүре жатар. Менің айтқым келгені, ендігі кезек - Үкімет пен Парламентте. Мемлекеттің дамуы Президенттің Жолдауындағы сөз бен орындаушылардың ісі жалғасса ғана қарқындайтынын естен шығармайық. Жасыратыны жоқ, Президенттің көп тапсырмасы тиісті деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Сондықтан біз қоғам болып жұмылып, тапсырмалардың орындалуына атсалысу керекпіз. Сонда ғана аталған мақсаттарға қол жеткіземіз!» - деді халық қалаулысы.