Депутат Президент Жолдауында қозғалған басты мәселелерді атады
Депутат Президент Жолдауында қозғалған басты мәселелерді атады
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Алишев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған маңызды мәселелерге қатысты пікір білдірді.
"2023 жылдың 1-қыркүйегінде Парламенттің қоспалаталық отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауын жасады.
«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталған биылғы жолдауда негізінен әлеуметтік-экономикалық бағытқа басымдық берілді. Осы ретте Мемлекет басшысы сөзін халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өтуден бастады.
«Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады», - деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда сонымен қатар ауылшаруашылық саласындағы реформалар, азық түлік қауіпсіздігі мен шағын шаруашылықтарды қолдау, сондай-ақ агроөнеркәсіп саласындағы бағдарламалар бойынша сөз қозғалды. Ел Президенті өз сөзінде: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу», - деп бағытымызды тағы бір айқындап берді.
Сондай-ақ ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау маңызды екенін де атап өтті. «Ауыл аманаты»бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс», - деді Президент.
Сондай-ақ «Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді» - деп Мемлекет басшысы өз сөзінде біздерге сенімін білдірді", - дейді депутат.