Ғылым академиясының 70 жылдығы тойлануда

Ғылым академиясының 70 жылдығы тойлануда

Ғылым академиясының 70 жылдығы тойлануда
ашық дереккөзі
Бүгін еліміздегі  Ұлттық Ғылым академиясына жетпіс жыл толуына орай салтанатты сессия басталды, деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнайы шара үшін Алматыға еліміздің және шетелдің белгілі академиктері ат басын арнайы бұрды. Білім мен ғылымның дәуірі жүріп тұрған тұста бұл саланың маңызы зор. Сол себепті академиктердің басын қосқан Алатау бөктеріндегі жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп  жоспарланып отыр. Академия ұжымы, Білім министрлігі бұл шараға дайындықты бірнеше айдан бері жүргізіп келеді. Оннан аса елдің ғылым академияларының президенттері, белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші академиктер мен ғалымдардың басы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында бірікпек. Əңгіме  əлбетте бүгінгі ғылымның жай-күйі жөнінде болмақ. Қазақстанда осы саланы серпінді дамытуға Ғылым академиясының рөлі де сараланбақ. Еліміз инновациялық және технологиялық табысқа жету үшін бізге елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыру, ғылымның басым бағыттарын дамыту, жетістіктерімізді өндіріске белсенді түрде енгізуге жағдай жасауы қажет. Бұл – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер. Ал Ұлттық Ғылым академиясының басты мақсаты – тынымсыз ғылыми ізденіске, алдыңғы қатарлы білім алуға, біздің қоғамымызды рухани дамытуға барынша ден қою. Бір сөзбен айтқанда, Академия арқалаған жүк жеңіл емес. Әлемдік қаржы дағдарысының қиын қыспағына қарамастан,  Қазақстан ғылымды қаржыландыруды бір сәтке де тоқтатқан емес, керісінше ұлғайтып келеді. Әсіресе геология, металлургия, химия, медицина, ауыл шаруашылығы салаларына басымдық берілген. Осыған орай ел экономикасына тікелей ықпал ететін ғылым саласының кемел келешегі талқыланатын тарихи сәтке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарланған. Сондай ақ сессияда шетелдік ғылым академияларының делегациялары сөз сөйлеп, шараның соңы мерекелік концертке ұласады деп күтіліп отыр.