Жаңалықтар

Корольдік балет мектебіне оқуға түскен тұңғыш қазақ баласы

ашық дереккөзі

Корольдік балет мектебіне оқуға түскен тұңғыш қазақ баласы

Отандық әртістердің қай-қайсысынан сұрасаңыз да, би өнері қарқынды дамыған Еуропа сахнасында өнер көрсеткісі келетінін айтып, ағынан жарылары анық. Елдегі балет мектебінде талантын ұштап, кейін хореографиялық училищеде білімін жетілдірген біраз әртістеріміз бүгінде Америка мен Еуропа сахналарын бағындырып, ондағы талғамы биік көрермендердің ықыласына бөленіп жүр. Олардың сұхбатын оқып отырып, балет әртістері диплом алып, аяғына нық тұрған соң барып әлемдік сахналарға шығуды көздейді деген ой қалыптасқан еді. Алайда Қарағандыда туып-өскен Санжар Нұрбеков қаласаң, он екі жаста да әлем оқушылары армандайтын беделді мектепке оқуға түсуге болатынын дәлелдеді. Санжар – атағы жер жарған Лондондағы Корольдік балет мектебіне (The Royal Ballet School) оқуға түскен тұңғыш қазақ.

«Балет мені бірден баурап алды»

Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Сан­жар өнерге жастайынан бейім бол­ған. Кішкентайынан зеректігімен сөзге түскен ол бір жарым жасында әліпбиді үй­реніп алса керек. Балабақшада белсенді болып, ән айтып, би билеп, тіпті бала­бақ­шаның атынан түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Сондай-ақ ол му­зыка мектебінде скрипка үйірмесіне бар­ған. Оған қоса, оның әртістік қыры бар екені де ерте байқалған. Балабақшадан келе сала, үй­де үйіліп тұрған ойыншықтарына түрлі «рөл» бекітіп, кішігірім көрініс қойғанды ұнат­қан екен. «Алайда үлкен ағасы секілді хок­кейші болсын деп, бір күні хоккей сек­ция­сына ертіп апардым. Уақыт өте келе оның бұл спортқа еш қызығушылығы жоқ еке­нін байқадық. Үлкенім хоккейшілердің сырғытпа таяғын құ­шақтап ұйық­­­тайтын болса, ал бұл оны тіпті қо­лы­на ұстағысы кел­мей­ді. Жаттығу қа­шан болатынын да сұ­­­рамайды. Жатты­ғу­дан алып қайтқан сайын, көңіл күйі болмайтынын байқаймын. Онда әрең барып жүргенін көріп, жүрегім ауырып бір күні не болғанын сұрадым. Мақ­танбаймын, бірақ Санжардың бала кезінен қалыптасқан ерекше бір қасиеті бар. Ол кішкене күнінен өзін тыңдай алады. Өзіне не керек еке­нін біледі. Өз ойын ашық айта алады. Сол сұрағанымда ол «Мен хок­кейге барғым келмейді. Анам екі жасымнан бастап онда сенбі-жек­сенбі сайын болатын спектакльдерге апа­ра­тын. Сізге өтірік, маған шын, анам екеуіміз он­дағы бүкіл репертуарды көріп шыққан шы­ғармыз. Сол кезде де сахна төрінде өнер көр­сету туралы ойланатынмын. Содан соң ата-анам мені қолдап, өзім қалаған би үйір­месіне алып барды», – дейді ол ата-анасы оның идеяларын әркез қостайтынын айтып. Анасы бал биі үйірмесіне бірінші рет қа­тыс­қан Санжардың үйге көзі-балбұл жа­нып, жүзі жарқырап келгенін айтады. «Жат­тығу қашан болады?», «Би мектебіне қашан барамыз?» деп сұрақты төпелетіп, онда бар­ғанша тағат таппаса керек. Аз уақыт ішін­де мамандардың қырағы көзіне іліккен ол түрлі байқауға қатысып, өз ортасында «болашақ ба­лет әртісі» атағын абыроймен алып жүр­ген. «Балет өнеріне ынтығы ауғаны сонша­лық, тіпті спектакльде өзі ойнамаса да, өз жат­тығуы бітсе де, үйге қайтпай, қалған­да­рының дайындық жұмыстарын бақылайтын. «Қашан шығасың? Репетиция бітті емес пе?» деп хабарлассам, кешке дейін қалатынын ай­тып, онда кідіріп қалатын. Сол кезде ба­ламның балет десе ішер асын жерге қоятын тү­сіндім», – дейді Дина.

«Өз жасынан асып туған бала»

Санжар 2018 жылы Астанаға қоныс аударып, ондағы Қазақ ұлттық хореография ака­демиясына оқуға түс­кен. Әр сабаққа ша­быт­танып кіріп, қанат­та­нып шығатын Санжар көп ұза­май ең үздік оқушы ата­нып, мұндағы мамандардың да на­зарына іліксе керек. Анасы Ди­на «Оның оқуға ынтасы жоғары, ба­летке деген қызығушылығы зор еке­нін академиядағы барлық мұғалім рас­тайды» дейді. Дейтұрғанмен, жас­тайы­нан алысқа көз тігетін, арманы асқақ, ам­бициясы зор Санжар әлем мойын­да­ған мектептердің бірінде оқуды бұрын­нан мақсат еткенін айтады. Анасының айтуынша, ол төртінші сынып оқып жүр­ген­де-ақ болашақта айтулы мектептердің бірін­де оқитынын сезсе керек. «Баламның сезгіш қасиеті бар. Төртінші сыныпта оқып жүргенде «Анашым, мен алтыншы сыныптан соң әлемнің ең керемет балет мектебінде оқы­ғым келеді» деп айтқанда ауызым ашы­лып қалды. Уақыт өте келе, мұның жай сөз емес екенін түсіне бастадым. Ақырында, Лондондағы Корольдік мектептің алдында.[/caption] Санжар биыл негізі жетінші сыныпқа кө­шуге тиіс еді. Алайда Корольдік мектепте оқуды тоғызыншы сыныптан бастап жалғас­тырады екен. Өйткені ондағы жүйе балабақ­шадан бастап есептелсе керек. Айта кетерлігі, Санжар – Корольдік балет мектебіне оқуға түс­кен тұңғыш қазақ. Анасы Дина онда қыз­мет ететін қазақстандықтар бар екенін, бір­ақ Санжарға дейін онда біздің елден еш­кім оқымағанын айтады. «Санжардың сабағы қыркүйек айының ор­тасында басталады. Ол оқитын әйгілі Рич­монд саябағындағы кампус жүз жыл бұрын бұрынғы Патшайымның резиденциясы бол­ған. Сосын ол кісі өз резиденциясын ба­лет мектебі етіп жасақтауға келісімін берген. Әде­мі жер. Табиғаты ерекше. Санжар сонда оқиды. Сонда пансионда тұрады. Әйгілі Covent Garden театрында сабақтары өтеді. Сонда жаттығатын бола­ды», – дейді Дина.

«Корольдік балет театрының жетекші солисі атанғым келеді»

«Әлем оқушылары ар­мандайтын мектепке он екі жасыңда түстің. Енді не­ні армандайсың?» деген сұра­ғымызға ол «Менің бір үлкен арманым бар. Ол – Корольдік балет театрының жетекші солисі атану. Соны­мен қатар өзім секілді жас ба­лаларды желпіндіріп, рух­тан­дырғым келеді. Сонымен қоса, алдағы уақытта «Лондон сах­насын бағындырған қазақ» де­ген атақты абыроймен алып жүр­гім келеді. Өйткені бұл – үлкен жауапкершілік. Маған сыртта оқушы я жеке әртіс емес, ұлт өкілі ретінде қарай­ды. Мені солай бағалайды. Сондықтан сол сенім үдесінен шыға білсем дей­мін», – дей­ді Санжар жастайынан жауапкер­ші­лік жүгін сезініп. Мұның бәрі осы балетте жатыр. Балет әртістері әйел жанын түсінеді, әйелмен қалай қарым-қатынас құру керек еке­нін жақсы біледі. Жоғарыда айтып өтке­нім­дей, онда кілең мығым денелі әртістер өнер көрсетеді. Спектакльді тамашалаған сайын, жоғары мәдениет балетте екеніне көз жеткіземін. залда отырып, қиялым қа­лықтап ұшып, шартарапты шарлап кете­мін. Спек­такль аяқталғанша әдемі әлемнің ішін кезіп жүремін», – дейді Дина. Бүгінде Санжардың отбасы Астанада тұра­ды. Оның ағасы Жандос – кәсіби хок­кейші. «Барыс» хоккей клубында ойнаған ол биыл жазда Екатеринбургтегі СКА коман­дасына қабылданып, қазір сонда тұрып жа­тыр. «Төрт баламның екеуі хоккей, ал біреуі балетпен айналысады. Апта бойы әр­түрлі эмоция кешемін. Хоккей аренасындағы жанкүйерлерге қосылып «Қанекей! Гол!» деп айқайлап келемін. Сосын балетке барып, рахаттанамын. Көңілім жайланады. Ұл­да­рым­­ның сүйікті ісімен айналысып жүргенін бақылап, жас балаша қуанамын. Адам сүйікті ісімен айналысқанда ғана бақытты ғұмыр ке­шеді. Балаларымыздың бақытты сәттері көп болсын!», – дейді Дина сөз соңында.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ