Жаңалықтар

Білім сапасын арттырудың Ақтөбелік үлгісі

ашық дереккөзі

Білім сапасын арттырудың Ақтөбелік үлгісі

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою жөніндегі тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұл орайда алғаш рет өңірге жүзеге асырылған «Білім ALL» жобасы ауылдардағы білім беру мекемелерінің әлеуетін да­мы­туға бағытталып отыр. Сондай-ақ биылдан бастап Ақтөбе облы­сын­да шалғай елді мекендердегі мектептерге қолдау көрсету, ауыл бала­ларының білім сапасын арттыру, осы саладағы олқылықтардың алдын алу мақсатында оң өзгерістер іске асырылып жатыр. Біз осы орай­да жауапты мамандармен тілдесіп, облыстағы білім сала­сындағы жаңашылдықтар мен жаңа оқу жылындағы тың бас­тамалар жөнінде тілдескен едік. Сонымен...

Бірегей жобаның берері мол

Елімізде, оның ішінде Ақтөбе об­лы­сында оқушылардың сапалы білім алуына тең мүмкіндіктер жасау, қала мен ауыл арасындағы білім сапасы алшақ­ты­ғын жою мақсатында өткен оқу жылында бі­л­ім берудің жаңа моделі қарастырылған бо­латын. Бұл модельдің негізгі механиз- мі – шағын жинақты мектептердегі білім са­пасын көтеру. Бүгінде Ақтөбе облысында білім бере­тін жалпы саны 418 мектеп болса, соның 281-і, яғни 67,2 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл білім беру ұйымдарында 45 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Оның ішінде 204-і – шағын жинақты мек­теп. Оларда жалпы саны 14 585 оқушы оқи­ды. Ақтөбе облыстық білім басқар­ма­сы­ның басшысы Жайық Сұлтанның айтуын­ша, өңірдегі ауыл мектептерінің толым­ды­ғы қала мектептеріне қарағанда он есе­ге төмен. Мәселен, ауылдың бір мекте­бін­де орта есеппен 163 оқушы білім алса, қа­ланың бір мектебінде 973 оқушы оқи­ды. Оқушы санының аздығынан сынып то­лымдылығына қарай бүгінде мұғалім­дер­дің жүктемесінің төмен болуы кадр мә­­­селесін шешуге кедергі болып отыр. Атап айтсақ, қазір Ақтөбе облы­сын­дағы 19 326 педагогтің 47 пайызы ауыл мек­тебінде жұмыс істесе, оның ішінде ша­ғын жинақты мектепте 23 пайызы ең­бек етуде. – Міне, осы мәселелерді жан-жақты сараптай келе, өткен жылы облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен алғаш рет өңірде ауыл балаларына сапалы білім беру мақсатында «Білім ALL» жобасы іске қо­сылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 10 же­текші және 120 шағын жинақты мек­теп, 35 педагог, 6-11-сыныптардан 4 510 бі­­лім алушы қатысты. Алғашында жобаны жүз­еге асыру кезінде біраз қиындықтар бол­­ды, дегенмен мұғалімдермен, оқу­шы­лар­мен пікір алмасу кезінде бұл жобаның тиім­ді жақтары көп екенін, ауыл мек­теп­теріне осындай пилоттық жоба қажет еке­нін түсіндік. Міне, «Білім ALL» жо­ба­сы­ның арқасында биылғы оқу жылында біз­дің ұстаздарымыз бен оқушыларымыз же­тістікке қол жеткізді. Атап айтсақ, бір жыл ішінде ауыл балалары облыстағы жо­ғары нәтижеге қол жеткізген үздік ұстаз­дардан сабақ алды, шағын жинақты мек­теп ұстаздарының оқу процесінде ин­терактивті, электрондық, ақпараттық ре­сурстарды тиімді пайдалану үлесі 25 пайыз­ға артты, ауыл мектептерінің мұға­лім­дері қаладағы білім беру ұйымдарының үз­дік ұстаздарымен өзара тәжірибе ал­мас­ты, елді мекендегі мектептерде интер­нет жылдамдығы артып, олардың жалпы үлесі 80 пайыздан 95 пайызға өсті. Осы же­тістіктердің бәріне біз өңірде бастау ал­ған «Білім ALL» бірегей жобасының ар­қа­сында қол жеткізіп отырмыз, – дейді бас­қарма басшысы. Оның айтуынша, облыста өңір бас­шысының бастамасымен алғаш рет жүзеге асырылған бірегей, озық жо­ба­ның нәтижесінде ауыл мен қала мек­­теп­терінің арасындағы білім сапасындағы ал­шақтық 4,7 пайызға артқан. Міне, биыл осы­­лайша пилоттық жоба өз тиімділігін дә­­лелдеген. Биыл «Білім ALL» жобасы бойынша Ақ­төбе қаласындағы 10 жетекші мек­тепте жұмыс істейтін облыстың үздік мұғалімдері шағын жинақты мектеп­тер­дің оқушыларына алгебра, физика, химия, био­логия, ағылшын тілі пәндерінен он­лайн режимде дәріс оқыды. Осы бағыт­та­ғы жұмыстар аясында 120 мектептің 10 мың оқушысы қамтылып, елді мекендерде білім сапасын арттыруға ден қойылды. Аталған он жетекші мектептің бірі – Ақ­төбе облыстық мамандандырылған фи­зика-математикалық лицей-интер­на­ты. Бұл мектептің 6 ұстазы биыл ауыл мек­­­тептерінде оқитын балаларға білім бе­ріп, олардың оқу процесінде жоғары же­тістіктерге қол жеткізуіне ықпал етті. – «Білім ALL» жобасы аясында мекте­бі­­­мізде 6 мұғалім жұмыс жасады. Оның үшеуі – математика пәнінің мұғалімі, екеуі – физика пәнінің мұғалімі, біреуі – хи­мия пәнінің мұғалімі. Ұстаздардың бар­лығы – тәжірибелі, еңбек өтілі жоғары, пе­дагог-мастер, зерттеуші мұғалімдер. Ұс­таз­дар математика пәнінен 6, 8,10-сы­нып­­қа, физикадан 10-11-сыныпқа, хи­мия­дан 7-сыныпқа ауылдық жерлердегі ша­ғын жинақты 120 мектепке сабақ бер­ді. Пән мұғалімдері арнайы кесте бойын­ша 30-45 минут аралығында дәріс оқып, одан әрі қарай сабақты аудандағы бі­лім беру орнындағы модератор-мұға­лім­дер жалғастырды. Біздің мұғалім­дері­міз ауыл оқушыларымен бірге есеп шыға­рып, кері байланысқа шығып, тапсыр­м­а­лар берді. Бұл жобаға мектебімізде ар­найы кабинеттер бөлініп, ұстаздардың емін-еркін жұмыс жасауына мүмкіндік жа­салды, – дейді Ақтөбе облыстық ма­ман­дандырылған физика-математикалық лицей-интернатының директоры Қара­көз Тлеумағамбетова. Оның айтуынша, аталған жобаның қала және ауыл ұстаздарына да, оқу­шыларға да берері мол. Осы жобаның ар­қасында мұғалімдер өздеріне қосымша тә­жірибе жинаса, ауыл балалары үздік мамандардан оқуға қажетті деректер алып, жаңашылдықтарды үйренген. Осы іс-тәжірибелердің арқасында ал­дағы уақытта қала мен ауыл мектептері ара­сындағы білім сапасын арттырудағы ал­шақтықтар азайып, барлық мектеп­тер­дің балаларына тең мүмкіндік жасалмақ. Бұл орайда аталған жобаның ақтөбелік үл­гісі басқа өңірлерде де білім сапасын кө­теруге серпін береді. Ақтөбе облысында «Білім ALL» жоба­сы­на қатысқан шағын жинақты мектеп­тер­дің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атын­да­ғы орта мектеп. Өткен оқу жылында Ал­ға ауданы Самбай ауылында орна­лас­қан бұл білім беру ошағында жалпы саны 132 оқушы білім алды. Мұнда 30-дан ас­там мұғалім жұмыс істейді. Олардың ара­­­­сында 4-еуі педагог-зерттеуші болса, же­­теуі – педагог-сарапшы, тоғызы – пе­да­гог-модератор. Осы педагогтар оқу­шы­ларға жыл бойы үздіксіз білім беріп келді. Жаңа оқу жылында мектеп ұжымы осы жо­ба аясындағы жұмыстарды жалғас­тыру­ға ынталы. Айта кету керек, Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы орта мектеп 1988 жылы қол­да­ныс­қа берілген. Ауылдың көнекөз қа­рия­ларының айтуынша, бұл мектепке 1990 жыл­дың 27 ақпанында аудандық атқару ко­митетінің шешімімен Ахмет Бай­тұр­сынұлының есімі берілген. Қазір бұл мек­тепте балалардың сапалы білім алуы­на барлық жағдай жасалған. – Мектебіміз жаңа заман талабына сай интернет желісімен толық қам­та­ма­сыз етілген. Жаңа модификациядағы хи­мия, физика, биология, информатика ка­бинеттері бар. Биылғы оқу жылында атал­ған кабинеттер жаңа құралдармен жаб­дықталды. «Білім ALL» жобасы аясын­да биыл мектебіміздің ұстаздары облыс­тың білікті мамандарымен тәжірибе ал­ма­сып, оқушыларымыздың сабаққа деген қы­зығушылығы артты, сабақ үлгерімі өсті. Пилоттық жоба өңірімізде жақсы нә­­­тиже көрсетіп, Ақтөбе облысында білім са­пасын көтерудің жаңа үлгісі пайда бол­ды. Біз облысымыздың осындай үлкен же­тістікке қол жеткізгеніне қуанамыз, – дей­ді мектеп директоры Анар Оразова. Ал осы мектептің химия пәнінің мұ­ға­лімі Амангүл Төреханқызы «Білім ALL» жо­басы аясында оқушылары білімдерін те­реңдетіп, тәжірибелі, үздік мұғалім­дер­ден тың мәліметтер алғанын, мұның бар­лығы ауыл балаларының болашақта жо­ғары білім алуға деген ерекше қызы­ғу­шы­лығын арттыратынын айтады. Себебі кей жағдайларда ауылдан шыққан түлек­тер­дің бірқатары жоғары оқу орындарына түсе алмай, содан әрі қарай ізденуге тал­пын­бай жатады. Айта кету керек, биылғы жаңа оқу жы­­­лында «Білім ALL» өңірлік жобасы жал­ға­сады. Жобаға облыс бойынша жаңадан 44 мектеп қосылып, барлығы 164 мек­теп­те аталған жоба жүзеге асырылады.

12 тірек, 134 шағын жинақты мектеп жабдықталады

Биыл жаңа оқу жылында Ақтөбе об­­лысында ауыл мектептерінің әлеуе­­тін арттыру, елді мекендердегі оқу­шы­лардың білім сапасын көтеру мақса­тын­да «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорла­ры­ның қолдауымен Оқу-ағарту министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің бірлескен қаулысы аясында «Цифрлық техноло­гия­ларды пайдалана отырып, Ақтөбе об­лы­сы­ның шағын жинақты ауылдық мектеп­терінің әлеуетін дамыту» пилоттық жо­ба­сы басталады. Аталған жоба аясында биыл 1 қыркүйектен бастап өңірдегі 134 ша­ғын жинақты мектептің материалдық-тех­никалық базасын нығайту, интернет жыл­дамдығын арттыру көзделіп отыр. – Аталған пилоттық жоба аясында өңір­дің 12 тірек, 134 шағын жинақты мек­тебі жабдықталады. Қазір Ақтөбе облысы әкімдігі тарапынан шағын жинақты мек­теп­терде интернет жылдамдығын жақ­сар­ту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ин­тер­нет жылдамдығы жоғары мектептер қа­тары 15 пайызға артты, дегенмен әлі де жыл­дамдық көрсеткіші төмен мектептер бар. Жаңа оқу жылында аталған мектеп­тер­дің арасында 21-і талшықты-опти­ка­лық байланыс желісіне қосылса, 92-сі ра­диорелелік байланыс түрімен қамты­лады. 21 мектеп спутниктік байланысқа қо­сылады. Ал интернет жылдамдық­тары­на келсек, 21 мектеп секундына 8 мега­битке дейінгі желілерге қосылса, 73 мек­теп – секундына 20 мегабит, 30 мектеп – се­кундына 40-50 мегабит, 10 мектеп секун­дына 70-100 мегабитке дейінгі жыл­дамдықпен қамтамасыз етіледі, – дей­ді басқарма басшысы. Оның айтуынша, жаңа оқу жы­лын­да 8 Мбит/с жылдамдықтағы спут­­­никтік интернетке қосылған 21 мек­теп­тің 18 мектебінің интернетке қосылу түрі қыркүйек-қазан айына дейін РРЛ байланыс түріне алмастырылып, жылдам­ды­ғы 30-40 Мбит/с дейін арттырылады. Ал Байғанин ауданының үш мектебі тех­никалық мүмкіндігінің болмауына бай­ла­нысты жоба аясында 4-модельмен оқы­­­­­ты­лады. 4-модель дегеніміз – интер­нет же­лі­сі­нің көмегінсіз интерактивті панельге дайын сабақты жүктеу. – Биыл аталған жоба аясында дәріс бе­ретін мұғалімдердің еңбекақысын тө­леу мәселесі шешіліп отыр. Мәселен, об­лыс­­тағы 95 мұғалімге үстемеақы төлеу үшін облыстық бюджеттен 25 миллион тең­ге қаржы қарастырылды. Сондай-ақ 35 мұғалімге графикалық планшет алу үшін 3,5 миллион теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, облыстағы шағын жи­нақты мектептер «BilimLand», «Daryn Online», «Күнделік», «AmanSultan» се­­­­кілді цифрлық білім беру платформа­ларына қосылады. Сонымен қатар жоба аясында Ақтөбе облысының барлық жалпы білім беретін мектептері «Online Mektep» платфор­ма­сы­на ынтымақтастық меморандум не­гізінде тегін қосылатын болады. Мектеп – бұл ауылдық жер­лер­дегі бірден-бір білім беру ор­талығы. Сондықтан елді ме­кендердегі білім беру ошақ­та­рына жан-жақты қол­дау көр­сету – ауылдың бо­лаша­ғына салынған ин­вес­тиция. Біз осыны түсініп, ауыл мек­тептерін қолдауға қашан да білек сыбана кірі­суі­міз ке­рек, – дейді Ж.Сұл­тан.

Жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғ­жанов облыстық мәслихат депутат­тары­мен есеп беру кездесуінде биылғы жаңа оқу жылында өңірдегі 6 үш ауы­сым­ды мектептің саны үшеуге дейін қыс­қар­ғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жетіс­тік­ке облыста салынған жаңа мек­теп­тердің арқасында жетіп отырмыз. Сон­дай-ақ биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясында өңірімізде 18 мектеп са­лы­нады. Оның 14-інің құрылысы бас­талған. Үш ауысымды, апатты және орын тап­шылығы қалыптасқан мектептердің мәселелерін шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында өңірде жалпы саны 24 390 орынға арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Биыл 5 270 орынға ар­налған 22 мектептің құрылысы жүргізі­ліп жатыр. Жыл аяғына дейін 3 710 орын­дық 6 мектеп пайдалануға берілмек. Оның ішінде «Батыс-2» тұрғындар алқа­бында 2 620 орындық «Bilim Smart» және Алға ауданы Маржанбұлақ ауылындағы 300 орынға арналған орта мектеп жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын қа­ла­ларда, аудан орталықтарында және ауыл­дарда жыл сайын кемінде 1 000 мектепті заманауи стандарттар бойынша жаңғыр­ту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл об­лыста 114 мектеп жаңғыртылды. 2025 жыл­ға дейін тағы 168 мектепке жаңғырту жұ­мыстары жүргізіледі. Биыл бұл мақ­сатта 56 мектепті жаңғыртуға 1,1 млрд. теңге қаржы бөлінген. – Биылғы жаңа оқу жылында облы­сы­мызда 18 мыңнан астам бүлдіршін мек­теп табалдырығын аттады. Олардың жай­лы әрі қауіпсіз ортада сапалы білім алуы біз үшін өте маңызды. Сондықтан жаңа оқу жылында біз облыстағы білім са­пасын қамтамасыз ету үшін аталған са­лада бірқатар жүйелі жаңалықтар енгіз­гелі отырмыз. Қазір облыстың білім беру ұйымдары арнайы критерийлерге сәйкес тиісті біліктілік талаптары бойынша кон­курстық негізде педагогтерді жұмыс­қа ашық, айқындылық принципімен қа­былдау жұмыстарын жүргізуде. Облыстың білім беру жүйесінде қаржыны басқару, мемлекеттік сатып алу және кадрларды қабылдаудың орталықтандырылған мо­делін пилоттық жоба ретінде енгізу қарас­тырылып отыр. Ол үшін Ақтөбе об­лысының білім басқармасының жаны­нан қаржыны басқару, мемлекеттік сатып алу және облыстың білім беру ұйым­дарына кадрларды жинақтауға байла­нысты функцияларды жүзеге асыратын Қаржы менеджменті, мемлекеттік сатып алу және жұмысқа қабылдау орталығы құрылады. Процестердің ашықтығын арт­тыру және сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін азайту мақсатында орта­лық­та автоматтандырылған басқару және бақы­лау жүйелері енгізіледі. Ал білім беру ұйым­дарындағы қаржылық басқару ісі бұлт­ты бухгалтерияға ауыстырылып, цифрлы платформаға енгізілуде, – дейді бас­қарма басшысы. Сонымен қатар биыл облыстағы мек­тептердің шаруашылық қыз­ме­тін жергілікті әкімдіктердің құзырына беру мәселесі де қаралып жатыр. Яғни, ал­дағы уақытта мектептердің жылу қа­зан­дықтары мен электр трансфор­ма­тор­лары жергілікті әкімдіктердің балансына беріл­мек. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар елі­міз бойынша Ақтөбеден бөлек, Батыс Қа­зақстан, Солтүстік Қазақстан, Түр­кі­стан облыстарында жүзеге асырылуда. Биыл Оқу-ағарту министрлігінің пи­лот­тық жобасына осы жаңашылдық енгізіліп отыр. Жаңа оқу жылындағы тағы бір жаңа­шылдық – жергілікті деңгейде жедел ше­шім қабылдау мақсатында білім беру ұйым­дарының ғимараттарын, құрыл­ғы­ларын, автокөліктерді және де басқа ак­тив­терді аудандық коммуналдық мен­шік­ке беруді пилоттық негізде іске қосу жос­парланып отыр. Биыл сондай-ақ оқулықтардың 80 пайызын цифрлық форматқа көшіру қол­ға алынуда. Бүгінде цифрлық нұсқадағы оқу­лықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне ен­гізілген. Қазір бастауыш сынып оқулық­тарының 94 пайызы, 5-9 сынып оқу­лық­тарының 81 пайызы, 10-11 сынып оқу­лық­­тарының 61 пайызы электронды нұс­­қаға көшірілген. Келер жылы барлық оқу­лықтар 100 пайыз цифрлық форматқа ауыс­тырылады.

Балабақша: кезек азайды, жалақы көбейді, тамақ тегін

Жаңа оқу жылында Ақтөбе облы­сын­дағы 595 мектепке дейінгі бі­лім беру ұйымы 45 731 балаға білім мен тәр­­бие береді. Биыл өңірде 1 505 орындық 19 балабақша ашылса, жыл соңына дейін 1 095 орынға арналған 7 балабақша пай­да­лануға беріледі. Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында жә­не облыс аудандарында жекеменшік ба­­­лабақшалар саны артып келеді. Бұл өңір­дегі балабақша кезегін жеңілдетуге ық­пал етуде. Мәселен, соңғы үш жыл ішін­де Ақтөбе облысында балабақшаға жол­дама алу кезегі 2 мың орынға қыс­қар­ған. Бүгінде өңірде 1-6 жас аралығындағы ба­лаларды мектепке дейінгі біліммен қам­ту үлесі – 88,4 пайыз. 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Мә­­селен, облыста жеке инвесторлар есе­бі­нен 2025 жылға дейін 8 105 орындық 99 ба­лабақша ашу жоспарланып отыр. – 2020-2023 жылдар аралығында бі­лім беру қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 25 пайызға артып келді. Биыл 1 қыркүйектен бастап балабақша тәр­бие­ші­лерінің жалақысы 30 пайызға көбейеді. Бұл да қуанышты жаңалық. Өткен жылы елімізде мемлекеттік тап­сырыс алатын балабақ­ша­лар­ға, олардың педагогтеріне қойылатын та­­­лаптар күшейтіліп, «Ақша баланың соңы­нан ереді» қағидасы бойынша мем­ле­кеттік тапсырыстарды орналастыру те­­тігі өзгертілді, құжаттар саны қысқар­тыл­ды. Мемлекеттік балабақшалар мен қо­сымша білім беру ұйымдарын жеке­ше­лен­діруге тыйым салатын заң қабыл­дан­ды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқы­ту­дың жаңа моделіне көшу жүзеге асы­рыл­ды. Жаңа стандарт, жаңа оқу бағдарламасы енгізілді, ондағы тәсілдер балаға, оның қы­зығушылығына бағытталды. Ал биыл­ғы жаңа оқу жылында әдістемелік орта­лық, кабинеттер жанынан мектепке дейін­гі тәрбие мен оқыту педагогтеріне әдіс­темелік көмек көрсету үшін мобильді топ­тар құрылып, жұмыс жасайтын бола­ды. Қазір облыста 63 ата-аналарға кеңес беру пункті жұмыс жасауда. Сондай-ақ Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойын­ша 1 қыркүйектен бастап балабақ­ша­ға баратын арнайы санаттағы отба­сы­лардан шыққан 6 000-ға жуық бала тегін та­мақпен қамтылады. Балабақшалардағы орындарды бөлуде ашықтық пен айқын­дықты қамтамасыз ету үшін биыл жыл соңына дейін балабақшаға кезекке қою­дың республикалық бірыңғай деректер ба­засы әзірленеді. Ол облыстық жүйемен кі­ріктіріліп, келер жылдан бастап бала­лар­ды балабақшаларға қабылдау жеңіл­дейді, – дейді басқарма басшысы. Р.S. Ақтөбе облысындағы жаңа оқу жылындағы жетістіктер мен жаңашылдықтар осындай. Алдағы уақытта жоғарыда айтылған тың бастамалар сәтті жүзеге асырылса, өңірдегі барлық мектептер сапалы біліммен қамтылады. Ал сапалы, жан-жақты білім алған кез келген жас мемлекеттің дамуына, өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосады. Біз жаңа оқу жылында барша ұстаздар мен оқушыларға жоғары көрсеткіштер мен шығармашылық табыстар тілейміз!

Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы