Ғалия ТҮСІПБЕКОВА, аллерголог-иммунолог: Аллергия тұқым қуалайды
Ғалия ТҮСІПБЕКОВА, аллерголог-иммунолог: Аллергия тұқым қуалайды
Соңғы 20 жылда аллергиялық аурулардың эпидемиясы кең таралуда. Әлем халқының 40 пайызы аллергиялық аурулармен ауырады. Ал Қазақстан халқының 35 пайызы аллергиядан зардап шегеді екен. Әсіресе, өсімдіктердің гүлдеуінен болатын маусымдық аллергиядан зардап шегетіндер жиі кездеседі. Тіпті, халық арасында бұл аллергияның емі жоқ деген түсінік қалыптасқан. Осы жөнінде Президент іс басқармасы Аллергология орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санаттағы аллерголог-иммунолог Ғалия Марксқызымен әңгімелескен болатынбыз.
– Бұрын аллергия туралы өте сирек еститінбіз. Бүгінде сәуір айынан бастап қара күзге дейін жалғасатын маусымдық аллергияға шағымданушылар саны көп. Аллергияның кең таралуының себептері қандай?
– Аллергия – ағзаның иммундық жүйесінің кейбір сыртқы тітіркендіргіштерге аса сезімталдығы. Аллергия ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен пайда болады. Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде өсімдіктердің гүлдеуінен, шаң-тозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі ұшырасады. Маусымдық аллергия кезінде көз қызарады, қышиды, кейде қанталайды, мұрын бітеледі, түшкіреді, тамақ қышиды. Көпшілігі бұл белгілерді ағзасында паразит болуы мүмкін деп түсініп, емді кешіктіріп алып жатады. Аллергияның ауыр түрлеріне демікпені, есекжемді жатқызамыз.
Аллергияның көбеюіне экологияның нашарлауы тікелей әсер етіп отыр. Сәбилер перзентханадан шықпай жатып аллергик болып жатыр. Аллергия – тұқым қуалайтын ауру екенін де айта кетуіміз керек. Мәселен, нәрестенің ата-әжесінде, ата-анасында аллергия жоқ, бірақ балада аллергияның гендік маркерлары пайда болады. Яғни, аллергия осы баладан ары қарай тұқым қуалай бастайды. Аллергия қарапайым тілмен түсіндірсек, генетикалық өзгерістердің арқасында иммунитет жұмысының бұзылуы. Кейбір иммундық жасушалардың жетіспеушілігінен иммундық жүйеде агрессия пайда болады. Осылайша, аллергия иммундық жүйенің агрессиялы түрде жұмыс істеуі деп тұжырым жасауымызға болады.
– Аллергияны ұзақ уақыт емдейді және оған қомақты қаражат керек дегенді жиі естиміз. Шынында да солай ма?
– Маусымдық аллергияны бұрын қыс кезінде емдейтін болса, қазір жаңа инновациялық дәрілердің арқасында жыл мезгіліне қарамай емделуші келген сәттен емдеуді бастай береміз. Ол үшін адам ағзасына аллергенді аз мөлшерден енгізіп үйретеміз. Аллергияны толық емдеу үшін 3-5 жыл аралығында уақыт керек. Егер жақсы нәтижеге қол жеткізсек, емді 3-4 жылда аяқтауға болады. Біз Германия, Испания, Чехия, Қазақстан препараттарын қолданамыз. Олардың бағасы да әртүрлі. Мәселен, Германияда өндіілген дәрінің бағасы 205 мың теңге тұрады. Бұл 4 айға жететін препаратты емделушіге 7 рет саламыз. Жыл бойы емделгісі келетіндерге бөлек нұсқаулық бойынша ем-шара тағайындаймыз. Әр науқастың жағдайын жіті бақылаймыз, біз жасаған емнің нәтижелі болуына күш саламыз. Соңғы уақытта емделушілер саны артып отыр. Оған себеп адамдардың аллергияның тек медициналық жолмен емделетінін түсінгені деп ойлаймын.
– Көп адам маусымдық аллергияны суық тиюмен шатастырып, дұрыс емделмей созып алатын сияқты...
– Иә, маусымдық аллергияның белгілері суық тию белгілеріне ұқсайды. Науқастың мұрнынан су ағу, түшкіру, жөтел секілді жағымсыз белгілер 7-10 күн сақталса, аллергологқа бару керек. Аллергияның суық тиюден ерекшелігі – түшкірмес бұрын мұрынның қышуы, мұрыннан мөлдір шырыштың көп бөлінуі. Мұндай белгілер ЖРВИ-дың алғашқы күндерінде де болады. Бірақ респираторлық инфекция кезінде бірнеше күннен кейін мұрыннан аққан шырышты сұйықтық қоюланып, жасыл немесе сары түсті болады. Ал аллергия кезінде мұндай болмайды, сұйықтық мөлдір күйінде қала береді. Сондай-ақ ЖРВИ кезінде адам өзін әлсіз сезінеді, денесі ауырады, сүйегі қақсайды, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Ал аллергия кезінде адамның жалпы жағдайы нашарламайды. Негізі, тәжірибелі терапевт қан талдамасы арқылы адамда аллергия бар-жоқ екенін біледі.
– Аллергиктер өз бетінше әртүрлі ем қолданады. Тіпті, бір-бірінен естіп дипроспан салып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Біреу айтты екен деп дипроспан салдыруға болмайды. Дәріханаларда рецептсіз берілетін дипроспан қолжетімді, кез келген адам өзіне салдыра алады. Алайда оның салдары иммунитетті төмендетіп, онкологиялық ауруларға алып келуі және асқынулар тудыруы мүмкін. Оның салдары жүрек ауруларына, онкологиялық аурулар мен түрлі асқынуларға алып келеді.
Иә, дипроспан қатты аллергия мен демікпеде көмектеседі. Бірақ мен 30 жылдан бері осы салада жұмыс істесем де дипроспанды өмірімде 1 рет қана салдым. Онда да емделушінің өзінің және ата-анасының қалауымен жасадым. Содан кейін дипроспанды қолданған емеспін. Өйткені оның зияны өте көп. Қант диабетін қоздырады, қан қысымын көтереді, ағзадан калий, кальций секілді минералдарды шығарып тастайды. Егер адамның жүрек қағысы дұрыс болмаса, калий жетіспесе, оған қоса дипроспан қабылдаса, соңы өкінішті жағдайға ұласуы мүмкін. Ал оны дипроспаннан болды деп ешкім ойламайды. Қатерлі салдары көп болғандықтан оны қолдануға кеңес бермеймін. Оның орнына ағзадан 2-3 күнде шығып кететін басқа дәрілерді қолдану керек. Көзге, мұрынға тамызатын гормонды дәрілер қанға сіңбейді, сондықтан ағзаның жұмысына да кері әсер етпейді.
Аллергияны өз бетіңізше дәріханадан сатып алған дәрімен емдей алмайсыз. Дәріханаларда көбінесе өтпей жатқан дәрілерді ұсынады. Мәселен, біз өз тәжірибемізде супрастин мен тавегилдың тек жедел түрде көмектесетін ампулалық түрлерін ғана қолданамыз. Бұлардың бәрі бірінші буындағы дәрілер, ал біз аллергияны емдеу үшін адам ағзасына зиян келтірмейтін екінші буындағы дәрілерді қолданамыз.
– Аллергиядан түбегейлі айығуға бола ма?
– Аллергияны 3-5 жыл аралығында емдеп шығуға болатынын жоғарыда айтып өттім. Алайда адам қатты стреске ұшыраса, тұмауратып ауырса, қайтадан шығуы мүмкін. Біздің емдеп, ұмытып кеткен ауруларымыз коронавирустан кейін қайта шықты. Вирус адамзат баласына пандемия емес, психологиялық стресс алып келді. Адамдардың бір тобы ауырғаны үшін уайымдады, енді бір тобы ауырып қалмау үшін жанталасты. Солай иммундық жүйеміздің кілтін барлық ауруға «ашып бердік». Ал негізі ауырмаймын деген адамдар коронавирус жұқтырмады.
Біздің орталық науқастарды қандай аллергия болмасын жеңіл түрге ауыстырып немесе құлан-таза айығып кетуіне көмектеседі. Ең басты мәселе – уақытында мамандарға келіп кеңес алу.
– Түсінгенім, кез келген адам аллергик болуы мүмкін, бұдан ешкім сақтандырылмаған. Десе де, алдын алуға бола ма?
– Соңғы жылдары маусымдық аллергия балалар арасында да кең тарала бастады. Оған біздің ауа райы да әсер етеді. Қазақстанның ауа райы құрғақ, дала шөптері көп, жиі жел тұрады. Шаң-тозаң желмен әжепәуір жерге таралады. Сондықтан балаларды жастайынан спортқа баулып, дұрыс тамақтандырып, тазалыққа үйрету керек. Спорт иммунитеттің дұрыс жұмыс істеуіне жақсы әсер етеді. Спортпен шұғылданатындардың арасында аллергиктер жоқ деп айта алмаймын. Олардың арасында да аллергиктер де бар. Өйткені спортшыларда стресс, уайым көп. Сондықтан балаларды жастайынан стреске, төзімділікке үйреткен дұрыс.
Ал маусымдық аллергияның алдын алу үшін дәрігерге уақытылы бару керек. Адам өзінде аллергия бар екенін білмесе, терапевтке немесе педиатрға қаралып, диагноз расталса, аллерголог-иммунологқа жүгіну керек.
Стреске көп түсетін, жүйкесі тозған адамдар қышыну, экземаға жиі тап болады. Сондықтан болмашы нәрсені уайымдап, ұсақ-түйекке күйгелектенбеген дұрыс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арайлым Бимендиева