Оқыған қыз орнын таба ма?
Елімізде тұрмысқа шықпаған қыздар санының артуына ата-аналарының «қосқан» үлесі бар екенін айтсақ әбестік болмас. Қайта құру кезеңінде жұмыссыз қалған ата-аналардың қорқынышы балаларға әсер етті. Кеңес үкіметінің құлауы, социализмнен капитализмге өту кезінде экономикалық құлдырауға тап болған ата-аналар қыздарының жоғары білім алуына, жақсы маман болып қалыптасуына жағдай жасай бастады. Олар оқу бітірген қызының тұрмысқа емес, жұмысқа орналасқанын қалады. Өз қолы өз аузына жеткен қыздың көлік, үй алуға да шамасы жетеді. Осылайша, карьера қуған қыздар уақыттың қалай өткенін білмей қалып жатыр. Отбасы бақыты ұғымы білім алу мен жақсы жұмыстың көлеңкесінде қалды. Бұрын «қыз мұраты – кету» болса, қазір «жету» болып тұр. Қызметте жетістікке жету, көлікке, пәтерге қол жеткізу секілді материалдық қажеттіліктер тізімі шексіз жалғаса береді. – Бұрын қазақта кеш үйлену өте сирек кездескен. Бірлі-жарым ақыл-есі кем, ауру-сырқау жандарды кешеуілдеп барып өзі секілді жанға қосқан. Ал қазіргі кеш үйленуді жастардың эгоистік көзқарасымен байланыстырсақ болады. Жастар үйлі-баранды болғанды ауырсынып, өзінің ғана жанын күйттеп жүр. Халқымыз «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген. Болашақта 10-15 баласы бар деген ертегі секілді елестейді, 5-6 баласы бар дегендер көзден бұлбұл ұшады. Бір бала жақсы, екеу одан да жақсы дегенге келеміз. Бұрын «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» болса, қазір «екінші байлық – он саулық, үшінші байлық – ақ жаулық» болып, үйлену соңғы орынға ығысып, материалдық жағдай алға шықты. Бұл – бүкіл әлемді жаулаған құбылыс. Өйткені дамыған елдерде жастардың жағдайы жақсы болса да үйленуге асықпайтынын көріп отырмыз, – дейді этнограф Досымбек Қатран. Жасы келген қыздардан неліктен тұрмысқа шықпай жүргенін сұрасаңыз, «Өз жағдайымды жасап, ешкімге қол жаймайтындай болғанда ғана тұрмыс құрамын», «Ата-анамның алдындағы парызымды өтеген соң тұрмысқа шығамын», «Ойымдағы жігіт кездеспей жүр», «Тұрмысқа шықсаң арманың да, мақсатың да, жоспарың да жайына қалады», «Біреуге бағынышты болғым келмейді», «Әйел болуға әлі дайын емеспін», «Шетелге шығып, ел көріп, жер көріп қалайын», «Мені ұнатқандарды мен ұнатпаймын, маған ұнағандар мені ұнатпайды» деген сынды түрлі жауап естисіз. Қызметтің құрығына түскен бұрымдылардың көн етіктіні көзге ілмей, көк етіктіні күтетіні анық. «Өзім – би, өзім – қожа» қағидасымен өмір сүретін бойдақ қыздар жалғыздық өмірге әбден үйренеді. Жұмысы, достары, қызығушылығы қалыптасқан қыздарға жеке өміріне ер адамды кіргізу өте қиын. Осылайша, бойдақ қыздар тұрмысқа шыққысы келгенімен бейсаналы түрде жігіттерді тойтарып отырады. Алдына келген жігітті қиялындағы ханзадамен салыстырып, ойынан шықпаған соң өмірінен алыстатып, «жаман аттан жайдағым, жаман байдан бойдағым» артық деген тұжырымға келеді. Алайда темір тұлпар тізгіндеп, бір белестен кейін екіншісін бағындырып, қызметтік мансабын жасаған қыздың отбасылық өмірді де ұршықтай үйіріп әкетері күмән тудырмайды. Алайда қоғамда отбасылық өмір туралы қате, жалған қорқыныштармен өмір сүретін қыздар көп дейді психолог мамандар. – Жастардың кеш үйленуінің екінші себебі – материалдық тұрғыдан тәуелсіздікке ұмтылуы. Олар өздері үшін өмір сүргенді ұнатады. Қыздар оқу оқиды, жұмыс істеп, ақша табады. Бұрын тұрмысқа шыққан келіншекке жолдасы қамқоршы болып, қаржылық жағынан қамтамасыз ететін. Отбасының қолдаушысы – күйеуі болатын. Ал қазір қыздар өздері ақша тауып, көлік, үй сатып алады. Бұл материалдық қажеттіліктерді өздері өтеген соң ер адам керек емес сияқты көрінеді. «Бәрін өзім жасай алатын болсам күйеудің қажеті қанша? Керек болса баланы ЭКО-мен туып аламын» деген оймен жүреді. Яғни, ер адамға мұқтаждық жоқ, қажетсінбейді. Ал жігіттер үйлену мәселесіне келгенде отбасыма қамқоршы бола алмаймын, материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алмаймын деп қорқады. Сондай-ақ отбасында зорлық көрген балалар есейгенде үйленуден қашқақтайды. Әкесі ұрып-соққан, сексуалдық зорлық көрсеткен ер адамдардың отбасын құруы өте қиын, – дейді психолог Жамал Шамақова. Психолог маманның алдына қызметте тасы өрге домалап тұрған, жетістікке жеткен қыздар көп келеді екен. Олар тұрмысқа шықпай жүрген себебін таба алмай дағдаратын көрінеді. Жалғыздық жалықтырған қыздардың тұрмысқа шықпау себебі де әртүрлі. – Қазақ әдетте дүниеге келген алғашқы перзентінің ұл не қыз болғанына аса мән бермейді. Екіншісі ұл болады деп күтеді. Ал екінші сәби де қыз болған жағдайда, нәресте анасының ішінде жатып өзінің қалаулы емес екенін бейсаналы түрде сезінеді. Қыз бала өмірге келген соң ата-анасының көңілінен шығып, ұл сияқты болғысы келеді. «Мен ұлдан кем емеспін, сіздерге осыны дәлелдеймін» деген оймен әрекет ете бастайды. Мұндай қыздардың психикасы өзгеріп, ер адам сияқты жетістікке ұмтылады, діттегеніне жетпей қоймайтын болады. Ер адам сияқты жұмыс істейді, көлік алады, үй салады, әке-шешесіне көмектеседі. Психологиялық тұрғыдан қыз ұл сияқты болып кеткенде оған ер адам жоламайды, таныспайды, кездесуге шақырмайды. Маман ретінде біз мұндай қыздардың бойындағы әйелдік қасиеттерді арттыруға күш саламыз, – дейді психологы. Отбасы құндылығы өзгеріске ұшыраған қоғамда көп ата-ана ұлын да, қызын да еркін, «Сен ешкімге ештеңе міндетті емессің» деген қағидамен тәрбиелейді. Мұндайды естіп өскен қыз үй тірлігін істеуден, күйеуінің бабын жасаудан, келіндік қызметтен қашады. Жар таңдаудан, қателесуден қорқады. Сымбатым бұзылады деп балалы болғысы келмейтін, ана болудан қашқақтайтын қыздар да аз емес. Өз отбасында кикілжіңді көп көрген қыздар мұндай қиындықтарды өз басынан өткізгісі келмейді. Отбасында тұңғыш бала болған қыздардың іні-сіңлілерін жетілдіремін деп жүріп тұрмысқа шықпай қалатынын да көріп жүрміз. Түптің түбіне келгенде кеш үйленудің басты себебі – жауапкершіліктен қашуға келіп тіреледі.