Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада Қауіпсдік кеңесінің жиналысын өткізді. Отырыста Қазақстанның стратегиялық қауіпсіздігі, әскери техникалық саясат және Астанада "Экспо" өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Жиналыс басында Назарбаев өткен аптада Жамбыл облысында қар көшкінінен қайтыс болған әскер қызметкерлерінің отбасыларына көңіл айтты. Ол оқиғаның себептерін мемлекеттік комиссия анықтайтынын атап өтіп, қорғаныс министрлігіне қаза болғандардың отбасыларына көмек беруді тапсырды.
Жиналыста Назарбаев экстремистік және террористік шабуылдарға қарсы тұру міндеттерінің бірінші кезекте екенін айтты. Президенттің мәлімдеуінше, билік ұсынған саяси және конституциялық реформалар "жалпы халық арасында қолдау тауып отыр".
Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы 28 қаңтарда жарияланды. Ол билік тармақтары арасындағы құзыретті қайта бөлуді көздейді. Жобаның кейбір тұстары қоғамның назарын аудартты. Халық Конституция жобасының жекеменшікті қорғауға қатысты 26-бабына наразылықтарын білдіріп жатыр.