БІРЛІГІМІЗДІҢ АРҚАУЫ – РУХАНИ БАЙЛАНЫСТА

БІРЛІГІМІЗДІҢ АРҚАУЫ – РУХАНИ БАЙЛАНЫСТА

БІРЛІГІМІЗДІҢ АРҚАУЫ – РУХАНИ БАЙЛАНЫСТА
ашық дереккөзі

Қазіргі кезеңде алыс-жақын түркі тектес елдер барыс-келістің нәтижесінде ішкі-сыртқы байланыстарын нығайтып, мәдени-тарихи һәм рухани арналарын да жүйелі дамытуда. Соның тағы бір дәлелі жақында ғана біліми-ғылыми бағыттағы іссапармен Ресей құрамындағы Татарстан Республикасының астанасы – Қазан қаласына жолымыз түскенде көзіміз  жеткендей болды (Татарстанда-3,5 млн, Қазанда-1200 млн халық бар).

Ақиқатында, Қазан қаласы тамырлы тарихымен, көпұлысты халқымен, географиялық һәм өндірістік, туристік әлеуетімен әлемдік қауымдастықта айрықша орын алатынын бүгінгі даму үрдістерінен байқалады. Жасыратыны жоқ, Қазан шаҺары қазыналы шежіресімен, мәдени-тарихи жәдігерлерімен, еңселі ескерткіш, көне мешіт, ғажайып табиғатымен де көз тартып, көңілді баурайды. Көне де жаңа ғимараттар айшықты-нақышты көркем көрінісімен, сырлы шежіресімен, тағылымды тұстарымен жылы әсер қалдырады. Бастысы, түркі халықтарының татар ағайындармен мәдени-рухани байланыстары дін исламды ұстанғаннан бері қалыптасқаны анық. Оған бұрынғы тарихи жағдайлар мен бүгінгі әлеуметтік-экономикалық, мәдени қарым-қатынастарымыз кепіл бола алады. Татар ағайындармен мұндай рухани байланыстарда біздің қазақ халқының қосқан үлесі де зор. Түркі елдері ішінде Қазан қаласының тарихи орны мен маңызы жөнінде Ә.Жиреншиннің «Қазақ кітаптары тарихынан» (1971), Х.Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» (1981), Б.Кенжебаевтың «Әдебиет белестері» (1986), Т.Кәкішевтің «Садақ» (1986), Б.Ысқақовтың «Қазақ-татар байланысы» (1976), «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» (2007) т.т. кітаптары, сонымен бірге бүгінгі көз көріп, көңілге түйген сапарнама сырларынан, дерек-мағлұматтар қайта жаңғырды. Бізде Қазанмен байланысты тарихи шығармалар да жоқ емес бар. Әдебиеттанушы М.Тәжімұратов 1998 жылы жарық көрген «Шәңгерей» (жасампаздық өмірі) атты еңбегінде қазақтың соңғы ханы, тұңғыш генералы ЖиҺангер (Жәңгір) Бөкейұлының кезеңі мен қызметін, шығармашылық мұрасын, ұлт тарихы мен руханиятындағы орнын байыпты зерделейді. Әсіресе, Жәңгірдің Қазан қаласымен байланыс-қатнасын, қазақ жастарының білім-ғылымға ден қоюындағы орын-үлесін кең түрде көрсетеді. Ал Э.Аубакиров «Казахский Петр Первый» деген мақаласында Бөкей хандығының тарихы мен тағылымын, ЖиҺангердің (Жәңгір) өмірі мен өнерпаздық қырларын, араб, парсы, неміс, орыс тілдерін меңгергенін, Қазан университетіне көптеген кітаптар топтамасын тарту еткенін, осы оқу орнының құрметті мүшесі болғанын нақты сөз етеді («Экспресс К», 2016, 29 қазан). Тарихшы-ғалым А.Тоқтабай генерал Ғұбайдулла Жәңгірұлының өмірі мен қызметін кең түрде тоқталады. Білімі мен әскери қызметіне, байланыс ісін басқаруына, діни сенімі мен сауатына, осы бағыттағы көзқарас жүйесіне назар аударады. Ұлтты ұлықтап, елдікті танытып, әкені ардақтап, асылдың тұяғы, алтынның сынығы екенін ерен еңбек, іргелі іс-әрекет, қажыр-қайратымен көрсете білгенін де жан-жақты ашады. Адами сапасын жоғары бағалайды («Ішінде көп жұлдыздың шолпанымын». Генерал Ғұбайдулла Жәңгірұлы Шыңғысхан туралы архив деректері). («Қазақ әдебиеті», 2016, 25 қараша). Семейде татарлар қауымдастығының 1910 жылы «Ярдәм» («Жәрдем») компаниясын, 1913 жылы «Ярыш» футбол командасын ұйымдастырғанын бідеміз. Тіпті: «...1872-1919 жылдар аралығында Қазан мұғалімдер семинариясында бір жарым мыңнан асатын татар, башқұрт, қазақ және т.б. жастары білім алған» Бұл туралы Р.Әбсаттаров, Г. Хайруллин «Ақиқат» журналының №12 санына жариялаған «Қазақстандағы татарлар» атты мақаласында да тың деректермен кеңінен қозғаған. Ал Қазақстанда шамамен 210 мың татар өмір сүріп, еңбек етсе, оларды қоғамның әр саласынан көптеп кездестіруге болады. Сондай-ақ, Дүниежүзілік Татар Конгресі мен Ертіс (Семей) өңіріндегі «Хак» татар-башқұрт қауымдастығының Қазанмен байланыстарының арқасында жұмыстары жүйелі бағыт алған. Ақындардың «Ақ барыс» жыр жинағы жарық көріп, «Фикер» газеті шығып келеді. «Көзге Иртыш моңнары» («Күзгі Ертіс әуендері») атты Халықаралық Татар өнерінің фестивалі аясында атқарылатын ауқымды да жүйелі жұмыстар табиғаты мен тәжірибесінен, мазмұн байлығынан қазақ-татар халықтарының арғы-бергі арналары, тарихи-туыстық сабақтастығы, мәдени-рухани Һәм достық байланыстары кеңінен көрініс береді. Демек, қазақ-татар халықтарының қарым-қатнасы, мәдени-рухани байланыстары ортақ мұраттарымен, дәстүр сабақтастығымен, даму үрдістерімен де тарих тереңіне тартады. Барыс-келістің нығайып, байланыс арналарының артқаны екі жақтың да тамырлас Һәм туыстық сипаттарына тың тыныс беріп, достық арнасын кеңейтіп, ынтымақтастық пен ықпалдастыққа жаңа бағыт, кең өріс ашқанының айқын көрінісі екені анық. Өткен жылдың 17-18 қараша күндері Қазан қаласында РФ мен Татарстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазан федеральды университеті, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлтық университеті, Әзірбайжан Республикасы ҒА Фольклор институтының ұйымдастыруымен – «Көпұлтты мемлекет жағдайында ана тілін дамыту мен сақтау: мәселелері мен болашағы» атты V – Халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум болды. Ғылыми-тәжірибелік форум – Қазан федеральды университетінің (КФУ) ғимаратында өтті. Форум жұмысына алыс-жақын елдерден (Москва, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Алтай аймағы, Орта Азия мен Қазақстан,Түркия сондай ақ АҚШ, Германия, Жапония т.б.) 400-ден астам ғалымдар, ұстаздар мен әдіскерлер, білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Бұдан басқа, атап айтқанда ана тілін оқып-үйрету, оны сақтау мен дамыту ісіне байланысты орта және жоғары мектеп өкілдері, аспиранттар мен магистранттар, студент жастар да ерікті түрде қатысты. Пленарлық мәжіліс «Көпұлтты мемлекет жағдайында ана тілін дамыту мен сақтау: мәселелер мен болашағы» атты тақырыпта өтіп, туған тілдің құдіреті мен қасиеті, оны оқып-үйрету, даму үрдістері мен насихаттау ісі жан-жақты қозғалды. Білім мен ғылымның жаңа бағыттары, зерттеу мен зерделеудің соны сипаттары, даму үрдістері туралы да келелі әңгіме өрбіп, қордалы ойлар қозғалып, кең көлемді пікір алысу болды. Білім стандарттары, Оқу жоспары, сабақ сапасы, жаңашыл үрдіс, сипаттарға назар аударылды. Олар орта және жоғары мектепте ана тілін оқып-үйрету, ЖОО-дағы академиялық ұтқырлық көрсеткіші, қоғамдық Һәм мәдени-рухани арналар, ғылыми-зерттеу жұмыстары (тағылымдамасы), өз ара әріптестік пен ынтымақтастық, тәлім-тәрбие, тәжірибе тағылымы туралы жан-жақты пікір алысты. ЖОО-ның оқытушы-профессорлар құрамы, шетелдік магистранттар мен докторанттар да өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Ал секция жұмысында «Өнер мен көркем білім: мәдениеттер тоғысында», «Ресей тілі мен алыс-жақын елдердегі шет тілі: оқыту мен зерттеу», «Қазіргі қалада көркем-тарихи ортаны мәдениеттің рухани факторы ретінде сақтау», «Шығыс-Батыс контексіндегі түркі халықтарының әдебиет пен көркем мәдениеті» деген тақырыптарда жалғасып, алыс-жақыннан келген ұстаз-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, жас ғалымдар жаңа ізденіс пен бағыттарын, ортақ мәселелер төңірегіндегі тәжірибелерін байыпты баяндамалары арқылы жүйелі жеткізді. Баяндама мен жарыссөздер мазмұнынан ұлт мұраты, тарих пен таным тоғысы, дәстүр мен дін, білім мен ғылым, тіл тұғыры кең түрде көрініс берді. Ортақ белгі-ерекшеліктерге, жаңашыл ізденістерге, біліми-ғылыми материалдар жиынтығына, ұтымды үрдістер мен тәлімді тәжірибелерге кең орын берілді. Осы төңіректегі көкейкесті мәселелер, артық-кем тұстар да бүкпесіз баяндалды. Секция жұмыстары мен дөңгелек үстел басындағы өрбіген әңгіме-сұхбат, пікірталастардың бәрі-баршасында ана тілінің табиғаты мен тағылымы, дәстүр мен дін үйлесімі, тарих пен таным арналары, білім-ғылымның жаңа бағыттары, ұлт пен ұрпақ ұлағаты, отан мен отбасы сабақтастығы, тәлім-тәрбиенің терең иірімдері кең түрде, дәйекті дәлелдер негізінде байыпты баяндалды. Бағдарламаға енген нақты адамдар ғана ғылыми жиынға қатысып, өз кезегімен баяндамасын жасап, сұрақтарға жауап бергені, диалогтар тұсында өз ара пікірталасқа түсуі-үлгі алатын, қалыптастырып Һәм дамытатын үлгілі үрдіс екені көңіл қуантып, жан-жүрегімізге жылы әсер етіп, жадымызда сәулелі сәттерімен ұялап қалды. Татар тілін оқып-үйрету, қолданыс аясын барынша кеңейту негізінде сақтау мен дамыту үрдістері-секциялық мәжілістерде, ондағы баяндамалар мен жарыссөз, пікірталастар тұсында кеңінен көрініс тапты. Атап айтқанда, татардың белгілі ғалымдары Р.А.Бариеваның «Тіл-ұлттың жаны», С.В.Вьюгинаның «Татар тілінің іскерлік ерекшеліктері» «Татар тілін оқытудың тұжырымдамасы туралы», Р.Р.Замалетдиновтің «Қазан Федеральды университетінде татар тілін дамыту: бүгіні мен болашағы», О.Р.Хисамовтың «Татар Республикасындағы Тіл саясаты туралы», Л.Т.Файзрахманованың «Татарстандағы көркем-ағартушылық қызмет: тарихы, шындығы мен келешегі», А.М.Закирзяновтың «Қазіргі татар әдебиеттануы: басты бағыттарының дамуы», Б.К.Миннуллиннің «Газет мәтіндерін меңгерудің кейбір аспектілері», И.М.Гайфуллинаның «Татар баспасөзінің ұлттық тілдің мәйегін сақтаудағы орны», Ч.Ф.Газимзянованың «Татар шығармаларының ағылшын тіліне аударылуы: маңызы мен қазіргі жағдайы» А.Ф.Сафина мен Г.Р.Ахметшинаның «Татардың қолданбалы өнерінің мәселелері мен болашағы» деп аталған баяндамаларында ана тілінің тарихы мен тәжірибесі, қолдану мен дамыту жолдары жан-жақты айқындалды. Ана тілінің арғы-бергі кезеңдері ұлт тарихымен, даму үрдістерімен сабақтастықта сөз етілді. Бүгіні мен болашақ бағдарлары, өзекті қырлары да кеңінен қозғалды. Біздің бір байқағанымыз тіл қолданысында көп ұқсастықтарымыз бар екен. Ғылыми Форумның алтын арқауы, берік діңгегі – ана тілі болды. Соған баса мән берілді. Осы арқылы оның әлеуметтік-қоғамдық және өмірлік маңыз-мәнін арттырып, қолданыс аясын кеңейтіп, оқып-үйрету ісін жүйелі жүргізіп, ақпараттық-қауіпсіздік Һәм насихаттау алаңын барынша ұлғайтып, осы бағытта қорғау мен сақтау Һәм дамыту мәселелері теориялық-тәжірибелік тұрғыдан алуан ізденіс, нақтылы мысал-дерек, мол материалдар негізінде кеңінен көрініс тауып, сабақтастық үрдісін тауып жатты. Түркі халықтары ана тілдерінің ұлттар айбыны мен айдыны, ары мен жаны, мәні мен нәрі, бел-белесті биігі, бәйтеректей тұғыры екеніне бұрынғыдан да көз жете түсті. Тіл-ұлт айнасы, ел негізі, феноменіне айналды. Секция жұмыстарынан соң дөңгелек үстел өтті. Атап айтқанда, «Мәдениаралық контексіндегі өнер мен көркем білім», «Мәдени-әлеуметтік ортада өнер мен эстетикалық білім», «Ана тілі мен шет тілін оқып-үйрену: жастардың көзімен», «Шығыс-Батыс контексіндегі түркі халықтарының әдебиет пен көркем мәдениеті» тағы басқа да тақырыптардағы дөңгелек үстел жұмыстарында білім мазмұны мен мақсаты, ұлттық ұстаным, біліктілік талаптары, пәнаралық интеграция, туған тіл мен оны оқып-үйрену, дамыту мәселелері, студенттерге қатысты міндетті Һәм таңдаулы курстар, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жәйі әр қырынан қозғалды. Форумның тұтастай табиғатынан туған тіл мен ұлттық мәдениетті сақтау мәселелері кең түрде қозғалып, арғы-бергі тарих қойнауларынан дәйек пен дерек, мәнді материалдар ұсынылып, сырлы шежіре тарқатылғаны анық. Баяндамалар мен жарыссөздерде ана тілінің табиғаты мен тағылымы, тәжірибе тәліміне кең орын берілді. Отан мен отбасы орны, орта мектеп пен ЖОО-лар жұмысы, ондағы туған тілді оқып-үйретудің өзекті мәселелері де ұлттың күретамыры, алтын арқауы ретінде жан-жақты айтылды. Осы тұста: «Халық тілі – қайнар бұлақ», «Аталар сөзі – ақылдың көзі», «Жылы сөз –жүректің кілті» екені жан-жүректен қозғалды. Көз көріп, көңіл сенді. Алаш арысы А.Байтұрсынұлының: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», Ж.Аймауытұлының «Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы Һәм өсіп, өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі... Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды» деген даналық ойлары, кеше мен бүгінді байланыстырып тұрған алтын арқауы санамызда қайта жаңғырған еді. Бастысы, ана тілді ардақтау, тілге құрмет пен тағылым өз ара қатынаста, сөз жүзінде емес, керісінше күнделікті тұрмыста, еңбек пен оқу ісінде кең өріс алғаны көңіл қуантты. Арғы тарихқа құрмет, бүгін мен болашаққа сенім ұялатты. Форумда қазақстандық ғалымдар да ана тілінің жағдайы мен қолданыс аясы туралы пікірлерін ортаға салды. ЕҰУ доценті, практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Қ.Құлманов «Қазақстанда қазақ тілін оқытудың жаңашыл әдістері мен формалары», осы мақаланың авторы – «Қазақ балалар әдебиеті және әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты тақырыптарда баяндама жасады. Ұлттық тіл мен әдебиеттің қазіргі кезеңдегі қоғамдағы орны, руханият ісіндегі маңызы, тәжірибелік қырлары жан-жақты қозғалды. Қазақ-татар халықтарының ежелден тамырлас, туыс ел екендігі, әдеби байланыстары мен руханиятының ортақ тұстары мысал-деректер негізінде сөз болды. Кезекті тұста Қазақстаннан барған ғалымдар Қ.Құлманов, М.С.Жолшаева модераторлық қызмет атқарып, форум жұмысының жүйелі жалғасуына өзіндік үлестерін қосты. Форум бағдарламасы бойынша – дөңгелек үстел, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Шеберлік сыныптары мен онлайн-тәжірибелер өтті. Форум жұмысы аясында студенттер мен оқушы жастар арасында өткен ана тілін оқып-үйрену, насихаттау мен дамыту бойынша олимпиада жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталды. Сертификаттар табыс етілді. Қонақтарға КФУ-дің базасына қарасты Л.Толстой атындағы филология және мәдениетаралық коммуникациялар институтының біліми-ғылыми бағдарламасы, К. Насыри атындағы институтты, Жазу тарихы шежіресі, «Таtаrиса» халықаралық журналының жұмысы таныстырылды. Студенттерге арналған: «Илһам» әдеби-шығармашылық бірлестігі, «Мезгіл» халық театры, «Раушан» газеті жайлы толық ақпараттар берілді. Сонымен бірге қонақтарды Қазан шаһарының тарихи орындары Қазан Кремеліне, Сүйінбике ханшайым мұнарасына, Маржани Һәм Құл-Шариф мешітіне, «Қазан» отбасылық орталығына, Камал атындағы театрына алып барып, сырлы шежірелерімен таныстырды. Сондай-ақ, Ұлттық мұражай ғимаратын, Ғ.Тоқай, М.Жалил, Л.Н.Гумилев, Ф.И.Шаляпин ескерткіштерін, Бауман, Тоқай көшелеріндегі демалыс орындарын көріп, соны үрдістегі ұлттық ойын-сауық көріністерін тамашаладық. Тұтастай алғанда, Ғылыми форумның табиғаты мен тәжірибесінен, тағылымды тұстарынан: ұлт пен ұрпақты ұлықтау; ана тілін ардақтау; дәстүр мен дін тұтастығын сақтау; тарих пен танымға табан тіреу; білім-ғылымды дамыту; мәдени-рухани арналар байланыстары жөнінен кең өрісті тағылым алынды.  

      Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Астана – Қазан – Астана