Жаңалықтар

Оралда пәтер өртеніп, 2 адам қайтыс болды

ашық дереккөзі

Оралда пәтер өртеніп, 2 адам қайтыс болды

Оралда өрт салдарынан 2 адам қайтыс болды, деп хабарлады turkystan.kz. Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 тамызда сағат 05:19-да Орал қаласы, Есенжанов көшесі, 1/1 мекенжайы бойынша өрт туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен қызметкерлер көпқабатты тұрғын үйдің 8-қабатында қосалқы үй-жай өртенгенін анықтады. Өрт шамамен 60 шаршы метр аумақта болды. «Өрт сөндірушілердің күшімен 18 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. 27 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды. Пәтерлердің бірінен жану өнімдерімен улану белгілері бар 1973 жылы туған ер адамның денесі табылды. Сондай-ақ 1979 жылы туған әйел жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Сондай-ақ 1965 және 1937 жылы туған 2 адам орташа ауырлықтағы көміртегі тотығымен улану диагнозымен облыстық ауруханаға жатқызылды», - делінген хабарламада. Оқиға орнында Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің 68 өрт сөндірушісі мен 20 бірлік техникасы жұмыс істеді. «Тілсіз жау сағат 06.09-да оқшауланып, сағат  06.34-те толығымен сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда. Алдын ала себебі ретінде отты абайсыз пайдалану нұсқасы қарастырылуда», - делінген хабарламада. Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнында өрт сынақ зертханасы жұмыс істеуде.