Жаңалықтар

Импортқа тәуелділіктен қашан құтыламыз?

ашық дереккөзі

Импортқа тәуелділіктен қашан құтыламыз?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше назар аударғаны белгілі. Әсіресе, еліміздегі дәрі-дәрмектердің бағасын реттеуді мықтап тапсырды. Десек те, биылғы жылы да елімізде дәрі-дәрмек құны қымбаттайтын тәрізді. Өткен жылдың соңында «2017 жылы дәрі-дәрмек бағасы арзандамаса да, қымбаттамайды» деп уәде берген «СК-Фармация» компаниясы сөзінде тұра алмады. Тіпті, биыл еліміздегі дәрі-дәрмек тасымалымен айналысатын  «СК-Фармацияның» біраз былықтары белгілі болды.

«СК-Фармацияға» айыппұл салынды

Қазақстандағы дәрі-дәрмек тасымалына жауапты жалғыз дистрибьютор «СК-Фармация» компаниясы осы уақытқа дейін өзінің беделін пайдаланып, өзге ұсақ компанияларға үстемдік көрсетіп келген екен. Сондықтан, аталмыш компанияға 1,3 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды. ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияға реттеу комитетінің мәліметінше, «СК-Фармация» компаниясы 2010-2015 жылдары дәрі-дәрмектерді заңсыз иемденіп, сақтап, кейін оны таратып отырған. Бұл өз кезегінде өзге де ұсақ дистрибьютерлердің ісіне орасан зор кедергі келтіріпті. Сондай-ақ, бұл әрекеттер нарықтағы бәсекенің жолын бөгеп, қызметтер бағасының қымбаттауына әкеліп. Қазір аталмыш заң бұзушылыққа қатысы бар болуы мүмкін тұлғалар тексеріліп жатыр. Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Рустам Ахметов: «Тексеріс өткен жылдың қаңтар айында Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасы бойынша жүргізіліп, қазан айында аяқталған. Кейін іс сотқа жолданды. Бұл соңғы іс емес. Қазір дәрі-дәрмектерді жеткізгендер мен сақтағандарға қатысты тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Онда қазақстандық 3 фирма бар деп нақты айта аламыз. Барлық ақпарат тексеріс бітіп, сот аяқталған соң жария болады», – деп отыр. Бұған дейін президент Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа фармацевтика саласын дамытуға құлшынысы жоқ «СК-Фармация» басшылығын жұмыстан босатуды бұйырған болатын. Сөйтіп, келесі күні серіктестіктің басшысы Нұржан Әлібаев қызметінен кетті. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрылымында «СК-Фармация» компаниясын құру туралы шешімді ел Үкіметі 2009 жылдың ақпан айында қабылдаған болатын. Компания еліміздегі фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды мемлекетік сатып алуды шоғырландыру жолымен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылды. «СК-Фармация» компаниясы бұған дейін де талай мәрте сын садағына ілінген-ді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Дариға Назарбаева компанияның емханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін шеше алмай отырғандығын тілге тиек еткен болатын. «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында бірыңғай дистрибьютор жүйесін енгізу әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Оның үстіне, «СК-Фармация» біздің емханаларымызды үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін шеше алмайды. Бұдан бөлек «СК-Фармация» қазақстандық препараттарды сатып алуды 3 миллиард теңгеге азайтты және отандық өндірушілердің басын сот процестерімен қатырып жүр. Үкімет жылына 4 мәрте дәрі-дәрмек сатып алу ережелерін өзгертеді. Бұл да сыбайлас жемқорлық пен қазына қаржысына қол салуға жол ашып отыр».

«Бір пайызға да арзандамаған»

Арада жылдар өтсе де, еліміздегі дәрі-дәрмек тапшылығы мен медициналық препараттардың қымбаттығы күн тәртібінен түсер емес. Жыл сайын дәрі бағасы қымбаттамайды деп уәдені үйіп-төгіп, халықты алдартқандай болғанымызбен, оң нәтиже әлі де байқалар емес. Мәселен, соңғы 9 ай ішінде Ақтөбеде дәрі бағасы 40-50 пайызға дейін қымбаттаған. Өткен жылдары да дәрі-дәрмек құнының қымбаттауы осы өңірден басталған еді. Бұл жолы қаладағы дәріханаларды өзі аралап, дәрі-дәрмек бағасымен танысқан Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаев жауапты органдардың жұмысына көңілі толмайтындығын анық жеткізді. Облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің есебін тыңдаған Бердібек Машбекұлы: «Неге жалған сөйлейсіз? Баға мүлде төмен емес, мен өзім түрлі дәріханаларға барып, бағаларды салыстырдым. Бір пайызға да арзандамаған. Сіз жеке баратын өз дәріханаңыз бар шығар. Қарапайым сатып алушы ретінде барлық бағаны салыстырдым. Мұндай бағадан менің жүрегім ауырып кетті. Әр дәріханада телефон болуы керек емес пе, мұндай бағаға қайда шағымданамыз. Оның үстіне өңір бойынша барлық жерде осылай. Кей аудандарда бағалар екі есе шарықтаған, сосын олар аудан орталықтарынан Ақтөбеге келуге мәжбүр. Осыдан дәріханаға жеткенше бір адам көз жұмсын. Мен адамдардың дәріханаларды мақтағанын естімегеніме көп болды», – деп ашуланды. Сонымен қатар, облыс әкімі шенеуніктердің өздері дәріханаларға келмейтінін және фармацевтердің меморандум ережелерін орындамай жатқанын қадағаламайтынын айтты. Бердібек Сапарбаев дәрілер төмен бағамен сатылатын әлеуметтік дәріханалар құру мәселесін қарастыруды сұрады. Бүгінде бұл өңірде медициналық және фармацевтикалық бұйымдарды сатумен және таратумен айналысатын 601 мекеме бар. Ақтөбе қаласының өзінде 271 дәріхана орналасқан. Олардың жартысынан астамы халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына 3-10 пайыз көлемінде ғана жеңілдік көрсетеді. Ал дәріхана қожайындары меморандумда көрсетілген дәрілердің бағасы сол қалпында екенін айтады. Ақтөбедегі дәріханалардың иелері бағаның өсуіне шетелден тасымалданатын дәрілік препараттар құнының қымбаттауы себеп болғандығын айтуда. Яғни, теңге мен доллардың арақатынасына тығыз байланысты. Қазіргі күні шетелдерден келетін дәрі- дәрмектердің үлесі 75-80 пайызды құрап отыр.

Қазақстан дәрі-дәрмегі аса қымбат елдер қатарында

Еліміздегі дәрі-дәрмектің нарықтағы құнын сараптаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды дәрі-дәрмегі аса қымбат елдердің қатарына кіргізіп отыр. Халықаралық ұйымдардың назарына іліккен дәрілік препараттардың бағасы доллардың шарықтаған шағында тіптен 100 пайызға дейін қымбаттапты. Арнайы мамандар өткен жылы 3 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен емдік заттардың бағасына мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 2842 дәрінің бағасы қымбаттағандығы анықталды. Айта кетейік, дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағасын реттеу Үкіметтің құзырына енбейді. Ал өнімнің басым бөлігі Ресейден тасымалданатындықтан, дәрі-дәрмектің бағасы дәріханаға жеткенше шарықтап, тұтынушының қолына бастапқы бағасынан бірнеше есе қымбат болып тиеді. Яғни, көрші елде емдік преппараттар қымбаттаса, бізде де баға көтеріледі деген сөз. Елімізге шетелдік валюталардың кесірінен қымбаттап келген дәрі-дәрмектің сатылымға түсетін бағасына қосар үстеме баға 20 мен 30 пайызды құрайтын көрінеді. Мұндай дәрі бағасына қойылатын үстемеге алаңдаған кейбір мамандар: «Елдегі дәрі-дәрмек бағасына мемлекеттік бақылау қойылуы керек» деген талап қойып отыр. Бұл – өте орынды ұсыныс. Әрине, егер бұған құлақ асар, бұл мәселені шешуге құзыреті жетер жандар табылса... Дәрі-дәрмек өзімізде жеткіліксіз болғандықтан, дәрілік препараттарды шетелден үйіп-төгіп әкелетініміз анық. Ресми дерек көздеріне жүгінер болсақ, Қазақстанда дәрінің 7 мың түрі бар екен. Дәріхана сөрелерінен орын алған дәрі-дәрмектердің көпшілігі Германия, Франция, Ресей мемлекеттерінен жеткізіледі. Былайша айтқанда, дәріхана сөресіндегі өнімдердің 90 пайызы шет елдің дәрілері. Қазіргі уақытта Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісі көңіл көншітпейді. Өкінішке қарай, отандық дәрі өндірушілер ішкі сұраныстың межеленген 30 пайыздық көрсеткішін де қамти алмай отыр. Бұл мәселе айта-айта жауыр болған тақырыпқа айналғалы қашан. Бірақ отандық өндірушілердің қауқарсыздығын айтпасқа тағы болмайды. Отандық фармацевтика саласы алға басатын күннің ауылы әлі де алыс секілді. Ал шетелден келген қымбат дәрі-дәрмектер қарапайым халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ түсіруде. Отандық фармацевтиканың көрсеткіштері соңғы уақытта құлдилай бастағаны жиі сөз болуда. Кейбір деректер бойынша, отандық дәрі-дәрмек өндірісі бір жылдың ішінде 50 пайыздан 15 пайызға төмендепті. Отандық дәрі-дәрмек үлесін арттыру мәселесі талай рет күн тәртібіне шығарылғанымен, «баяғы жартас – сол жартас». Тіпті, ел Үкіметі Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50 пайызға жеткізу мақсатында «2010-2014 жылдарға арналған фармацевтика өндірісін дамыту туралы» бағдарлама да қабылдаған. Алайда бұл бағдарлама да тек құжат жүзінде қалған тәрізді. Оған фармацевтика нарығындағы отандық дәрі-дәрмектің бүгінгі үлесі дәлел. Біз дәрі-дәрмекті көп тұтыну жағынан да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейміз. Яғни, қымбат та болса халықтың дәріге деген сұранысы бар. Алайда сол сұранысты ескеріп, фармацевтика өндірісін жолға қойып, ұлт қауіпсіздігін де қамтамасыз етіп, халқымызды қолжетімді бағадағы дәрімен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қынжылтады. Сонымен қатар, Қазақстанда өндірілетін тұмаудың дәрісі де шет елден келетін дәрілермен қатар қымбаттаған көрінеді. Шекара асып келетін дәрі бағасының неліктен қымбат болатындығы түсінікті. Ал өзімізде өндірілетін дәрілердің бағасын аспандатудың себебі неде? Мұны тұрғындар елдегі азық-түлік секілді өзге де қажетті тауарлар қымбаттағандықтан, солардан қалыспау үшін қолдан жасалған жағдай деп бағалауда. Әлбетте, қымбатшылықтан қалтасына салмақ түскен қарапайым халықтың сөзін де жоққа шығара алмаймыз. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек нарығында бақылаудың жоқтығынан кейде қымбат дәрілердің атын жамылған сапасыз өнімдер де дәріхана сөрелерінен орын ала бастағандығын да жиі құлағымыз шалып қалып жүр. Ал мұндай арзанқол дүниенің зардабын шегетін тағы да қарапайым тұрғындар. Кейбір деректер көпшілік жылына 120-130 млн теңгеге жасанды дәрі-дәрмек сатып алатынын келтіреді. Ал сапасыз, жалған дәріні сатылымға шығарған компанияларға Францияда, АҚШ-та 2 миллион доллар көлемінде айыппұл салынса, Ұлыбританияның қылмыстық атқару жүйесі жазықтыларды бас бостандығынан айырады екен. Біздің елге де әлемнің дамыған елдеріндегі мұндай тәжірибелерді пайдалану артықтық етпес еді. Қалай десек те, дәрі бағасы бұдан былай қымбаттамаса, төмен түспейтін сыңайлы. Ал денсаулығын оңалтуға тырысқан науқас қымбаттаған дәрі-дәрмекке қалай қол жеткізбек? Қарапайым халық үшін дәрі-дәрмектің қымбаттауы қашанғысындай жығылғанға жұдырық болғалы тұр.