Ақышев теңгенің құнсыздануы туралы сыбыстарды жоққа шығарды
Ақышев теңгенің құнсыздануы туралы сыбыстарды жоққа шығарды
"КТК" арнасының "Слуги народа" бағдарламасына сұхбат берген Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев ел арасында тарап кеткен теңгенің құнсыздануы туралы сыбысты жоққа шығарды. Бұл туралы NUR.KZ хабарлады.
Ақышев теңгенің қазіргі уақытта нығаюына не себеп болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, теңге шетелдік валютаға деген сұраныс азайып жатқанына байланысты күш жинауда. «Сол себепті, айырбас бағамына қатысты кез келген болжам фактіге негізделген болуы керек деп есептеймін», – дейді теңгенің құнсыздануына қатысты сыбысқа жауап берген банк басшысы. Ақышев Ұлттық банктің ұлттық валюта бағамына ешқандай өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмағанын алға тартты. Оның сөзіне сенсек, банк қаржы нарығын тұрақсыздандыруға әкеліп соқтыратындай еш әрекет жасамайды. «Егер бағам өзге деңгейде болуы тиіс болса, негізделген факторлардың әсерімен біртіндеп сол деңгейге жеткізіледі. Алайда бұған қандай да бір адамның волюнтаристік шешімі немесе еркі әсер ете алмайды», – деп сендірді ол. Ұлттық банк басшысы Ресейде девальвация болған жағдайда, қазақстандық теңге дәл солай құнсыздануға міндетті емес екенін де алға тартты. «2017 жылы біздің мақсат 6-8% пайызды құрайды. Біз айтарлықтай қауіп-қатер көріп тұрған жоқпыз. Тек әлемдік нарықтағы жағдай күрт өзгеріп жатса ғана әсері болмақ», – деді Ақышев.