Жезқазған тұрғыны Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты
Жезқазған тұрғыны Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты
Жезқазған тұрғыны Мекке қаласына екінші рет велосипедпен барып қайтты, деп хабарлады turkystan.kz Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қажылық сапардан қажымаған Талғат Жұмабеков елге тамыз айының басында оралды. Талғат продюсерлік орталықта жұмыс істеген. Тіпті хореограф та болған. Артынша дүние жүзін шарлағысы келген екен. Осылайша мұсылман үшін қасиетті Меккенің топырағын басу басты арманы болыпты. Бірақ, өзгелер сияқты айшылық алыс жерге ұшақпен жедел жете салмай, мыңдаған шақырымды велосипедпен еңсеруге бел буған.
"Баяғы кездері Меккеге жиhанкездер жылқы, атпен, тіпті жаяу барған. Сөйтіп, біраз қиыншылықтарды көріп, сондай жетістіктерге жетіп отырған. Қазір ондай жағдай жоқ қой. Ұшақпен бәрі барып жүр деп, өзін сынағысы келді ғой. Сонда мен "велосипедпен бар" деп айтқанмын. Жәй әзіл ретінде. Соны ол қағып алды да велосипед сатып алып, сонымен кетті", – дейді Талғаттың досы Еркін Жабағинов.
Жиhанкез велосипедімен бүгінгі күнге дейін 63 мыңнан астам шақырымды еңсерген. Әлемнің 49 елінде болған.
Биыл Талғат қасиетті Меккеге екінші мәрте қажылыққа барып келді. Тек бұл жолы сапарын Алматы қаласынан емес, Каирдан бастады. Елге тамыз айының басында оралған. Енді міне, балалық шағы өткен Жезқазғанға да жетті. Ал болашақта белін бекем буып қос дөңгелекті көлігімен Оңтүстік Америкаға аттанбақшы.