Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт: Астанада тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті
Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт: Астанада тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті
Бүгін Астана қаласы және Республика педагогтеріне арналған «Әділетті Қазақстан: Адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» тақырыбы аясында «Жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру» бағыты бойынша тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Биыл республикалық тамыз кеңесі жаңа форматта жүргізілді. 20 аймақтың барлығы тақырыптық бағыттарға бөлінді. Бірыңғай республикалық пленарлық сессияны модератор ретінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жүргізді.
Іскерлік бағдарлама барысында қатысушылар білім беру саласындағы басты үрдістерді, сапалы білім берудің қолжетімділігін, сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылады.
«Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл оқушылар мен ата-аналар үшін де, сол секілді ұстаздар үшін де ерекше кезең. Бүгін мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясын өткіздік.
Қалада үш ауысымды және шамадан тыс жүктемесі бар мектептер әлі де жоқ емес. Дегенмен біз бұл мәселені шешу үстіндеміз. Елордада 14 мектеп салынып жатыр, оның 11-ін алдағы оқу жылында тапсырамыз. Олардың үшеуі 1 қыркүйекте есігін айқара ашады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жайлы мектептердің құрылысы қатар басталды.
Осы ұлттық жоба бойынша 2024-2025 жылдары 24 жайлы мектеп салынады. Жаңа үлгідегі білім ошақтары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, жиынға офлайн және онлайн режимде мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың басшылары, еңбек ардагерлері, педагогтер, өңірлерден келген әкімнің орынбасарлары, мәслихат хатшылары, білім, экономика, құрылыс, қазынашылық басқармаларының басшылары қатысты.